Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Президент Берік Уәлиді қабылдады

11.03.2025, 15:10 206

Мемлекет басшысы Абай облысының әкімі Берік Уәлиді қабылдады,- деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президентке өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы есеп беріліп, алдағы кезеңге арналған даму жоспары таныстырылды.

Облыс әкімі жергілікті бюджеттің шығыс және кіріс бөлігіне жан-жақты талдау жүргізілгенін жеткізді. Соның нәтижесінде қаржыландырудың басым бағыттары анықталды. Ал үнемделген қаражат өзекті мәселелерді шешуге жұмсалады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2028 жылға дейін жүзеге асырылатын 24 инвестициялық жобаның тізімі жасақталғаны туралы баяндалды. Жалпы құны 2,2 триллион теңге болатын бұл бастамалар 8 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Оның ішінде алты жоба биыл іске қосылады.

Берік Уәли облыстағы әлеуметтік нысандардың және коммуналдық инфрақұрылымның жай-күйі жөнінде мәлімет берді. Атап айтқанда, тұрғындардың сұранысына сай мектептер мен балабақшалар салу, мәдениет және денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, коммуналдық шаруашылық саласындағы қордаланған проблемаларды, әсіресе Семей қаласының осы бағыттағы мәселелерін шешу өте өзекті.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 5 нысанның және оқушылар сарайының құрылысы қолға алынды. Облыс орталығындағы аспалы көпірді реконструкциялаудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, Ертіс өзені арқылы өтетін тағы бір көпір салынып жатыр. Осы ретте аспалы көпірдің жүктемесін азайтып, көлік нөпірін реттеу мақсатында Семей қаласында айналма жол салу мәселесі пысықталуда.

Мемлекет басшысы аймақтағы әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешілуі тұрғындардың тұрмыс деңгейін арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ облыс әкіміне Үкіметпен бірге өңірді қарқынды дамыту жолдарын қарастырып, өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев өңдеу өнеркәсібін өркендету, жаңадан тұрақты жұмыс орындарын ашу, облыс орталығын абаттандыру және инфрақұрылымды дамыту бағытында шаралар қабылдау қажет екеніне тоқталды. Сонымен қатар Абайдың 180 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шараларды лайықты деңгейде ұйымдастырудың маңызына назар аударды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: