Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Президент бастамаларының бір жылдық нәтижесіне бірер сөз…

27.11.2023, 9:10 504

HALYQLINE.KZ

«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп, қара қылды қақ жарған ескінің көзі дана билеріміздің айтқаны, осы күндері қазақ жұртының мерейіне үстем болды. Олай дейтініміз, өткен жылы Ата заңға 33 бап өзгертіліп енгізілгелі, Президент билігінің саяси реформалық бастамалары мемлекеттің құрылымдық, әкімшіліктік, институционалдық орны нақтыланып бекітілді. Әсіресе, Президент болатын тұлға, келешекте екі рет ел басқару құқығына ие болмауы, оның саяси партияға төрағалығы тұрмақ мүшесі де болуына тыйым салынуы, әрі қарай оның жақын туысқан-жұрағатына дейін мемлекеттік, квазикомпанияларда басқаруға жақындатылмауы, бұл еліміздің нағыз құқықтық, әділдікті орнатуға бет бұрған оң қадамы екеніне ешкім шүбә келтірмес.

Бұны қашаннан бері, әлем елдерінің тәжірибесінен кеңінен қолданып келуіне сарапшылар мен ғалымдар ортасы таныс. Мысалы, әйгілі Ли Куан Юдің мемлекет басына келгелі өткен ғасырдың 60-70-жылдарынан бастап, әділ билік үшін достары мен туыстарына дейін шектеу жасап, керек болса түрмеге қамап, заңның төрелігіне де қалдырған құрбандығы еш кетпеді. Сингапур және сингапурлықтардың мемлекетті басқарудағы озық үлгісі сонысымен де әйгілі. Ендеше Төле мен Әйтекелер айтқан «тура билік» идеясы осы ғой…

Осы бағытта Конституциялық соттың құрылуы, адам құқығының қорғалуы соңғы Ата заңның инстанциясына әкеп тіреді. Яғни, құқықтық әділеттілік тек соттың ең жоғарғы күшімен негізделді деген сөз.

Кезінде әйгілі Спартактың «адам алаң үшін емес, тәуелсіздік үшін жаралған» деген қанатты сөзі өміршең. Өткен жылғы президенттік сайлау науқанында, бұл мәселе өзінің өзектілігін жоғалтпай, ел Президенті «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген ойды сайлауалды бағдарламасында көтергені есімізде. Сөзінің жаны бар, бұны айналамыздағы көршілеріміздің геосаяси тынышсыздығынан, әлемнің түрлі қарулы қақтығысынан аңғару қиын емес. Осы бағытта ел тәуелсіздігін бекемдеуге былтырғы Президенттің 16 наурыздағы Қазақстан халқына жолдаған Жолдауындағы, «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» деген ұранмен құр сөз еместігін, саяси реформалардың шынайы халықтық басым бағыттары екендігін көрсетті. Нәтижесінде, ауыл әкімдерінің сайлану практикасы аудан мен қала әкімдерінің деңгейіне көтерілді. Және де аудан мәслихатына жаппай өзін-өзі ұсынған кандидаттармен, ал облыстық мәслихаттар елу пайызы партиялық және жеке мандатпен енуін биылғы 19 наурыздағы сайлау көрсетті. Айтпақшы, саяси плюрализм тұрғысынан айтсақ, көппартиялық саяси алаң қалыптасты. Парламентке алты партия енді, халықтық демократия қағидасы қозғалды.

Қазақ «ауыл итінің құйрығы қайқы» дейді, алдағы елдің міндеті, бай болсаң еліңмен, «әр қазағым бай болсын» деген ұранды Президенттің сайлауалды бағдарламасында ойып тұрып орын алуы көңіл көншітті. Сондағы күшті аймақтар, мықты мемлекет идеясына ұласқаны ғой. Аймақтардағы ауыл жағдайына қоғам өзі де қанық. Дегенмен, жерінен айырылып қалған ауылға жерін қайтаруда, инфрақұрылымын күшейтуге, кәсібін көркейтуге әрі қарай күш-жігерін аямайтыны жайлы сайлауда ерекше қозғалды. Бір ғана цифр, 1 триллион теңгенің ауыл шаруашылығы кооперациясына бағытталуы көп нәрсені аңғартты. Міне, қазірдің өзінде сол бастама 1 наурыздан күшіне еніп, биылдың өзінде 56 млрд теңгеге ауыл азаматтарының жас кәсіпкерлігіне 2,5 пайызбен үлестірілді. Әлі де үшжылдық бюджетпен жүзеге асырылатын бағыт аймақтардың күшюіне үлесін қоса бермек. Осы ретте, ауылдағы ағайынның еншісіне мемлекеттің қарамағына 8 млн гектар жердің қайтарылып жатқанын сөзге тиек етпеу күнә. Бұл әлбетте, кешегі «Ел аманаты» жобасының нәтижесі.

Аймақтардың тағы бір ұтымды орнығуын Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының құрылуымен байланыстыруғк тиіспіз. Өйткені, өнеркәсіптік аудандандары мен инфрақұрылымы жиі шоғарланған аймақтар өз алдына отау тігіп шықты, жергілікті өзін-өзі басқару институттары жасақталды. Бұл да естуші биліктің үлкен саяси ерік-жігерінің айғағы.

Десе де, әділдік – ар сөзі, ол пайғамбарлар заманын бері тасқа қашалғандай айтылып келеді. Елдің ілтипатына бөлену, тек әділ басқарған патшалардың басқарғанымен көрініс тапқанын аңыз-әңгіме, әпсаналардан жақсы білеміз. Сондықтан, кешегі сайлаудағы «Әділетті Қазақстан» деген ұранды ту еткен Қасым-Жомарт Кемелұлының сайлаудағы халықтық бағдарламасы  бүгінгі өзгерістердің нық қадамдарына сенімді аманаты болды. Әділетті Қазақстанның басты құндылықтары – тәуелсіздік пен елдің тұтастығы, бірлігі, еңбекқорлығы, патриотизмі, отбасы жайы, қазақстандықтардың тарихы мен дәстүрлерінің болуы да осыдан.

Олай емес дегендерге табиғи байлықтың инвестициялық түсімінің елу пайызын болашақ балалардың шотына 2024 жылдан аудара бастайтын «Ұлттық қор – балаларға» Заңы дәлел. Ал, сыртқа түрлі жолмен тарыдай шашылған ел байлығы шетел активтерінің триллондап қайта бастағанын бүгін ешкім жоққа шығармайды. Қоғамның да күткені осы еді.

Сөз соңында, Алматыдағы Қасым-Жомарт Кемелұлының болашақ Президенттің қандай болуына берген анализі көп нәрсені аңғартты. Сондағы «Президент – халық белгілі бір мерзімге келісімшарт жасасатын жалдамалы менеджер. Бұл қызметте кім келіп-кетпесін, халық, тарих және өз ар-ұяты сияқты үш төрешінің алдында жауап беретін болады» деген сөздерін ұмытқан жоқпыз. Қазір бір жылдық ширек тарих пен дана халқымыз өзінің жоғары бағасын беруде. Бұдан басқа алып-қосар сөзіміз жоқ…

Мақсат  ЖАҚАУ,

саясаттанушы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: