Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Праймериз бес кезеңді қамтиды

24.08.2020, 18:07 667

HALYQLINE.KZ «Nur Otan» партияішілік іріктеуі – праймеризге қатысу үшін өтініштер қабылдана бастағанына бір апта уақыт болды. Праймериз еліміздің партиялық-саяси даму тарихында тұңғыш рет республикалық партияішілік сайлау ауқымында өткелі тұр.

Праймериздің негізгі мақсаты – алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат сайлауларына партиялық тізімдерді қалыптастыру үшін бәсекелес күрес негізінде жаңа көшбасшыларды айқындау. Партия баспасөз қызметінің хабарлауынша, бір апта ішінде праймеризге қатысуға республика бойынша 7000-ға жуық адам өтініш берген. Олардың 34%-ы – әйелдер, оның ішінде 100-і – көпбалалы ана, 24%-ы – 35 жасқа дейінгі жастар. Сондай-ақ, 51-і – ерекше қажеттілігі бар азамат. Бастауыш партия ұйымдары арқылы 2419 адам ұсынылса, 4496 кандидат – өзін-өзі ұсынғандар.

Ал аймақтардағы ахуалға келер болсақ, Қызылорда облысы бойынша праймеризге қатысуға 308 адам өтініш берген. Оның ішінде 11-і – көпбалалы аналар. Одан өзге жастар, өз-өзін ұсынушы белсенді азаматтар бар.

 – Партияішілік іріктеу арнайы бекітілген Ережеге сәйкес өткізіледі. Естеріңізде болар, өткен жылы праймериз Сырдария ауданында пилоттық режимде өткізілді. Бұл бізге біраз тәжірибе жинауға мүмкіндік берді. Ал енді биылғы жылы 17 тамыз бен 3 қазан аралығында алғаш рет барлық өңірлерде толыққанды праймериз  өткізу белгіленді. Ол 5 кезеңді қамтиды. Яғни, бірінші кезеңі – кандидаттарды ұсыну және тіркеу. Екінші – кандидаттарды үгітке даярлау. Үшінші – үгіт-насихат жұмыстары. Төртінші – дауыс беруді өткізу. Осыдан кейін 7 қазан күні бесінші қадам бойынша тізім толықтай жасақталады, – деді «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ләйлә Төрешова «Zoom» бағдарламасы арқылы өткен жиында.

Кандидаттарды ұсыну бастауыш партия ұйымының атынан немесе өзін-өзі ұсыну жолымен жүзеге асырылады. Кандидаттар бір облыс, қала, аудан шегінде праймериз өткізудің бекітілген ережесінде көрсетілген талаптарға сәйкес ұсыныла алады. Бұл іріктеу партияішілік болғандықтан, оған қатысатын азамат міндетті түрде партия мүшесі болуы қажет. Ал партия мүшесі емес кандитаттар тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін партия құрамына кіруі тиіс.

Елбасы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында еліміздің сайланбалы органдарында әйел азаматтардың үлесін 30%-ға жеткізуді тапсырды. Бұл партияішілік іріктеу праймеризде ескеріліп отыр. Яғни, партиялық тізімдердің сапалық құрамында әйел азаматтардың үлесі кем дегенде 30%, сол секілді 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 20 процент болуы шарт. Көпбалалы аналардың, қандастардың, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар мен басқа да әлеуметтік топтардың өкілдері сайлаушылардың өңірлік құрылымына сәйкес енгізілмек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: