Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Петиция пәрмені

08.06.2023, 12:00 245

«Петиция жазып жатырмыз», «петицияға қол қойдық» деген тіркестерді екі күннің бірінде құлағымыз шалады. Петиция деген – ауызекі тілмен айтқанда, ұжымдық ұсыныс. Белгілі бір мәселе қоғамдық дауға ұласқанда, қандай да бір шешімге келіспегенде жұрт жиналып, петицияға қол қойып, билікке базынасын білдіреді. Енді осы петицияны жазудың да темірдей тәртібі бекітілмек. Оның қалай болатынын ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі түсіндірді.

– Заң жобасы петиция институтын регламенттеу, сондай-ақ, ақпаратқа қол жеткізу саласындағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі түзетулерді де қамтиды. Біріншіден, заңнамада петиция ұғымы беріледі (петиция – мемлекеттік органға, жергілікті өкілді және атқарушы органға электрондық форматта жіберілген және ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің 12-1-тарауында белгіленген тәртіппен қаралатын ұжымдық хабарлама, үн қосу немесе ұсыныс). Екіншіден, Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексте петицияларды беру және қарау тәртібі бекітілген. Үшіншіден, петицияны Қазақстан Республикасының азаматтары арнайы интернет портал арқылы бере алады. Төртіншіден, уәкілетті орган петиция жария болғанша заңда бекітілген шарттарға сәйкестігін анықтайды, – деді Д.Қыдырәлі.

Әлемнің дамыған елдерінің бірі АҚШ-та, іргелес жатқан Өзбекстан мемлекетіндегі петиция институтының тәжірибесінде петиция берілген 20 жұмыс күнінің ішінде оған 150-ден астам адам қосылу қажет. Біздің елде де осы үрдіс сипат алатын болады. Жазылған жайдың жаңғырығын биіліктегілер қарауы үшін төмендегідей талаптар орындалуы тиіс, әйтпесе мәселе қаралмайды.

– аудандық деңгей (әкімдіктер) халқы 50 мыңнан асатын болса, 2,5 мың дауыс, қалғандары үшін халық санының кемінде 5%-ы болуы керек.

– аудандық деңгей (мәслихаттар) – халқы 50 мыңнан асатын болса, 5 мың дауыс, қалғандары үшін халық санының кемінде 10%-ы;

– облыстық деңгей (әкімдіктер) – тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік тұрғындарының 1% дауысы;

– облыстық деңгей (мәслихаттар) – тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік халқының кемінде 2%-ы;

– республикалық деңгей (Үкімет) – кемінде 50 мың дауыс болуы керек.

Петицияны қарау барысында мемлекеттік орган петиция авторын шақырып, хабардар ете отырып, мемлекеттік орган шешімінің жобасын жариялайды. Мұндай шаралар петициялардың қоғамдық мәртебесі мен маңызын арттыруға мүмкіндік береді. Петиция бойынша шешімді мемлекеттік органның бірінші басшысы ғана қабылдайды.

Петиция деген осы екен деп, не болса соны қаузамайсыз. Белгілі бір тақырыптар бар. Петиция туралы қабылданатын жаңа заңда 16 тақырыпқа тыйым салынады. Яғни ол тақырыптар бойынша қол жинап, петиция жазуға болмайды.

– Петиция жазуға шектеу қойылған тақырыптардың дені ұлттық қауіпсіздікке қатысты. Мысалы, шекара мәселесі, аумақтық тұтастық бойынша немесе мемлекеттік тілге байланысты болуы мүмкін. Ертеңгі күні кейбір азамат осы тұсты пайдаланып, елдегі саяси жағдайды бұзып, сепаратистік қозғалыстарды ұйымдастыруы ықтимал. Сондықтан геосаяси мәселелер мен төтенше жағдайлар бойынша бірқатар шектеу енгіздік. Айтар болсақ, қаңтар оқиғасы сияқты кенеттен елде қандай да бір жағдай болса, кейбір азамат петиция арқылы төтенше жағдай режимін алып тастауды талап етуі мүмкін, – деді  мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.

Бұл дегеніміз – қарсы келетін нәрсені де биліктің өзі елге дайындап, айтатынын шектеп береді деген сөз. Яғни кез келген тақырыпта мәселе қозғап, оны айтуға болмайды. Петицияның пәрмені күшті болса, кейбір ісі мен сөзі үйлеспей, көпке сүйкімсіз шенеуніктерді орнынан босата ала ма деген сауал туындайды. Бұл сауалға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет жауап берді.

– Лауазымды қызметке тағайындау және босату жөніндегі нормативтік рәсімдер бекітілген. Онда аталған процеске жұртшылықты тарту көзделген. Бүгінде кейбір ауыл әкімдерін халық өзі сайлап жатыр. Биыл аудан әкімдерінің сайлауы өтеді. Бұл механизм жауапкершілікті тартуды қамтып, аталған бағытта тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді. Осы орайда біз лауазымды қызметке тағайындау (әкім, министр, депутат) және босату мәселесін петиция жазуға рұқсат тақырыптар қатарына қосқан жоқпыз, – деді М.Қожахмет.

Әйтеуір біздегі билік елге жаны ашығансып, түрлі бағдарламаны шығарады. Экономикалық әл-ауқатты жақсартамыз деп дүйім елді дүрліктіріп алады. Алайда, басталған шаруа шет қалып, уәделер желге ұшып жатады. Түлкібұлаңға салынған саясаттың сарсаңына халық та алданудан жалықпайды. Бүйте берсе, қоғам қайда барып тіреледі, белгісіз. Енді қоғамдық ұсыныс-пікір білдіретін, шағын шағым айтатын петицияға да саясат «сыпайы тосқауылын»  қойып  үлгереді. Петицияда да  пәрмен  қалмай  барады-ау.

Ә.КЕНЖЕ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: