Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Парламент өзгеруі керек

21.02.2022, 9:45 620

HALYQLINE.KZ

…Қаңтар қырғынында және сол оқиғалардан кейін саяси аренаға Қазақстан парламенті шығуы керек еді… Олар парламенттік комиссия құрып, осы трагедияның себеп-салдарын талдаулары керек еді. (Тура бір айдан кейін ғана депутаттар тергеуде таяқ жеп, азапталған жандармен кездесуге келді. Түсінемін, Астана – Алматыдан 1200 шақырым…). Маминнің өтініш беруін, оған Тоқаевтың рақмет айтуын күтпей-ақ, атқарушы билікті отставкаға жіберу мәселесін көтеруі керек еді. Партиялық фракциялар әлеуметтік мәселенің кемшін тұстарын дұрыстайтын заң жобаларын жарыса дайындап, ішкі істер министрлігі мен ұлттық қауіпсіздік қызметіне баға беруге кірісуге тиіс еді. Осылардың біреуі де жасалған жоқ. Ең болмаса, президенттің «терең саяси реформа жүргіземін» деген (осыдан үш жыл бұрын!) сөзін арқау етіп, «Саяси партиялар туралы», «Сайлау туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесіне кірісулері керек еді. Одан қалса, алаңға шыққан қазақтардың көңілін аулау үшін «Мемлекеттік тіл туралы» заң жобасын күн тәртібіне қоюлары керек еді.

Меніңше, осы артта қалған отыз жылда біздің депутаттар өздерінің негізгі қызметтерін ұмытып кеткен сияқты. Олар парламентті атқарушы биліктің дайындап берген заңдарды қарап шығып, көп жағдайда, «бір кісідей» қолдап, қабылдайтын орын деп ұғатын сияқты. Одан қалса, депутаттардың кейбіреулері теледидардағы сан түрлі хабарларға қатысып, сындарлы ойларын айтады. Ал тағы біреулері Парламентке келген үкімет мүшелеріне көңілде жүрген сұрақтарымызды қойып, жерге қаратады. Бәрі дұрыс. Бірақ депутаттың ең басты қызметі бұлар емес. Олардың негізгі міндеті – өздері қойған сұрақтары мен өздері экраннан айтқан сындарлы сөздерінің негізінде заң жобаларын дайындап, сол жазғандарын мәжіліс залында қорғап, дәлелдеп шығу. «Парламент» деген сөздің тура баламасы «сөйлеу» деген сөз. Бірақ бұл экранда пікірлерін айту емес, өздері дайындаған заң жобасын қорғап шығуға арналған сөз болуы шарт. Біз осыны ұмытып кеттік. Жеке адам пікірінің жарыққа шығуынан қорқатын билік парламенттің негізгі қызметін толық жойып жіберді. Әрине, президенттің де, үкіметтің де заңдарды дайындау құқығы бар, алайда атқарушы биліктің өздеріне арналған, өздеріне ғана қолайлы заңдарды дайындайтынына көзіміз жеткен сияқты. Демек, парламент өзгеруі керек. Олар өздерінің биліктің ең жоғарғы деңгейдегі тармағы екенін, президент аппаратының қолбаласы емес екенін естеріне түсіруі керек сияқты.

Дос  КӨШІМ,

«Жас Алаш» газетінде жарияланған «Қаңтар қырғынынан кейінгі ойлар» мақаласынан.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: