Жыл басында коронавирустық инфекцияның өзге елде таралуы туралы жаппай жазып, айтылғаны елдің есінде болар. Тіпті «Қазақстанға да осы қауіп төне ме?» деген сауалдардың жауабын да іздеген еді ақпарат құралдары. Бүгінде сол өзіміз жаңалықтан жария салған жағдай секілді әлемнің өзге елдері де Қазақстандағы ахуалды жарыса жазуда. Оған себеп – пандемияның ел ішінде жаппай таралуы. Кей өңірлерде өлім-жітім саны да артқан. Жасырып қайтеміз, «ауруын жасырған өледі» деп дана қазақтың өзі айтқан. Індеттің таралу ауқымы кеңейіп бара жатқан жағдай жергілікті әкімдіктер мен министрлер кабинетінен өздігінен шешіле қоймады. Президенттің араласуына тура келді. Әйтсе де, президенттен пәрмен болмай, құмырсқа-тірлік істеуге «біздікілер» де әбден үйреніп қалған.
Мемлекет басшысы коронавирус індетінің таралу ахуалы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында Үкімет пен әкімдердің жұмысын қатаң сынға алды, өлімнен өз пайдасын ойлап, дәрі-дәрмекті қымбат бағаға сатқандарды жазалауды тапсырды.
– Батыс Қазақстан, Атырау, Жамбыл, Қарағанды облыстарында, Нұр-Сұлтан мен Алматыда дәрі тапшылығы, ұзын-сонар кезек әлі де бар. Аса қат дәрілердің бағасы қымбат екені анықталды. Көлеңкелі бизнестің көлемі артып бара жатыр, – деді президент.
Құқық қорғау органдары көтерме және бөлшек саудамен айналысатын дәріханаларда рейдтер мен тексеру жүргізген. Тексеру қорытындысы бойынша заңсыз дәрі-дәрмек саудасымен айналысқандар арасынан ақ желеңділердің бой көрсеткені сан салалы мамандық иелерінің намысына тиді. Мұндайда дана қазақ «қасқырға қой бақтыру» деп тауып айтқан.
Елімізде бірқатар шектеу шаралары қабылданғанымен халық әлі де отбасылық мерекелер жасауды жалғастырып жатыр. Атап айтқанда, мұндай жағдай Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Шымкент қаласында байқалады. Президент әкімдер карантин режимін сақтауға бағытталған түсіндіру жұмыстарын әлсіз жүргізгенін сынға алды.
– Әкімдер аса күрделі жағдайда жұмыс істей алмайды. Өзекті проблемаларды шұғыл шешуді, азаматтарға мемлекеттік саясатты дұрыс түсіндіруді білмейді. Үкімет мүшелері де, әкімдер де тоқмейілсудің, масайраудың қақпанына түскен, – деп сүйектен өткізіп айтты мемлекет басшысы.
Қазір жер-жердегі ахуал күрделі, эпидемиологиялық ахуал қалыптан тыс. Жұқпалы ауру жұқтырған азаматтарға арналған төсек-орындар көбейген. Бірақ бұл өзге медициналық қызмет көрсету орталықтарын жабудың есебінен артып отыр. Соның салдарынан азаматтарға медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігі төмендеп кеткен.
– Мемлекеттік органдар тарапынан үйлестіру жұмыстары дұрыс жүргізілмегендіктен, халық мәселені өз бетімен шешуге талпынуда. Бұл ешқандай қисынға сай келмейді! Азаматтар өндірістік баллондарға құйылған оттегі сатып алып жатыр. Бұл – ауруханалардың тікелей міндеті. Жеке үйлер мен пәтерлерде өндірістік баллондардағы оттегіні пайдалану деректері анықталған. Үкімет пен әкімдер бес күн ішінде ауруханаларды оттегімен қамтамасыз ету және үй жағдайында оттегі баллондарын пайдалану проблемаларын шешуі керек, – деп орынды тапсырма берді ел президенті.
Рас. Дертіне шипа іздеген халық дәріханаларда кезекте тұр. Қажетті дәрілік препараттарын таппай сенделгендері қаншама? Өкпені жасанды желдету аппаратының жетіспеушілігінен жақынына тіл қата алмай кеткендер тым көбейіп кетті. Әлеуметтік желі парақшалары көңіл айту мен қазанамаға арналғандай. Бұл – қаладағы жағдай. Ал ауыл, аудандардағы ахуал қандай? Облыс орталықтарынан табылмаған дәрі-дәрмек алақандай ауылда қайдан болсын? Тағы да ұмыт қалғандығын жасырсақ, «ауруын жасырғанның» кері келетінін ішіңіз сезіп отырған шығар. Дәстүрі мен діні, мәдениеті мен тілі, тарихы мен болашағы рухани діңгекке байланып тұрған халқымыздың жартысына жуығы – ауыл тұрғындары. Індеп кеткен індет ауылдағы ағайынның басынан сипап тұрған жоқ. Керісінше, диагностика және емдеу шаралары қолжетімді емес, қарапайым дәрі-дәрмек жетпей жатыр. Медицина кадрларының тапшылығы және қажетті инфрақұрылымның жоқтығы тағы бар. Үкімет 2300 әмбебап мобильді бригаданың жасақталғанын баяндаған еді. Алайда, олар қала тұрғындарына ғана қызмет көрсетеді. Тағы да ауыл ауыздың айналасында айтылатын әңгіменің төңірегінде қалды. Дегенмен, президент «Ауылды назардан тыс қалдыруға болмайды! Үкіметке өңірлермен бірлесіп, барынша қысқа мерзімде ауылдарды диагностика және емдеу ісімен, сондай-ақ, қажетті дәрі-дәрмекпен, медициналық құрылғылармен қамтамасыз етуді тапсырамын» деген пәрмен берді. Бізге де керегі осы пәрмен ғой. Онсыз қол да, ауыз да қимылдамайтыны – жаттанды әрекет.
Мемлекет басшысы дертке шалдығушылар санының артуы коронавирус рейтингіне ғана емес, Қазақстанның инвестициялық ахуалына, туристік әлеуетіне және елімізге тартылатын жаңа технологияларға да кері әсер ететінін ескертті. Үкімет барлық сын-қатерлерді жою үшін бұл жағдайды өзінің жұмыс жоспарына енгізуі керек. Пандемия кезіндегі кез келген қате шешім, бюрократиялық кедергілер, жауапкершіліктен бас тарту жүздеген адамның өмірі мен денсаулығына зиян тигізуі мүмкін екенін тілге тиек етті.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, елдегі эпидемиологиялық жағдай біршама тұрақталған. Республика бойынша коронавирус жұқтырғандардың өсімі 2,1% құрайды, ең төменгі өсім (тәулігіне) Шымкентте – 1%, Қызылорда облысында – 0,9%, Түркістан облысында – 0,8%, Ақтөбе облысында 0,5% тіркеліп отыр. Амбулаторлық деңгейде үйде медициналық көмек көрсету үшін құрылған мобильді бригадалар саны айдың соңына дейін 3500-ге дейін жеткізіледі деп күтілуде. Бүгінде инфекциялық және провизорлық стационарларда 1958 өкпені жасанды желдету аппараты бар, қосымша 4183-і алынады. Жалпы, ауылдық жерлерге 641 жедел медициналық жәрдем көлігі бар. Президент пайымды шешім қабылдауды тапсырды, министрлер кабинетінен бастап мін тағылып, жергілікті атқарушы органдар тарапынан маза кетті. Үкімет үйінде бүрсігүні өткен селекторлық жиында ауылдық жерде амбулаторлық көмек көрсету үшін 1493 мобильді бригада құрылғаны белгілі болды. Елдегі ресми бірінші адамның тапсырмасын орындауға мүдделі. Пәрмен бермей, дәрмен қайдан болсын?..
Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!