Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 7 наурыздағы № 520 «Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың кадр комиссиялары туралы» Жарлығына сәйкес осы жылдың 1 наурызынан еліміздің барлық өңірінде, республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада өңірлік кадрлық резервке іріктеу басталды.
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен іріктеудің төртінші кезеңі өтті. Бұл кезең «Комиссиядағы құрылымдық сұхбат» деп аталады және кандидат таңдаған салалық бағытына сәйкес жобаны презентация арқылы таныстырады.
Еске салайық, іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімді және 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатысты.
Облыстағы іріктеу индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары бағыттарында жүзеге асырылады.
Іріктеудің бірінші кезеңі 1-31 наурыз аралығында кандидаттардан құжаттарды қабылдау onir.pkrezerv.gov.kz сайты арқылы жүргізіліп, 228 үміткер құжат тапсырды. Екінші кезең, яғни заңнаманы білу деңгейін тестілеу нәтижесімен (5-9 сәуір аралығында өткізілді) жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестілеуге 116 үміткердің (4-5 мамыр аралығында өткізілді) 51-і жіберілді.
Іріктеудің үшінші кезеңі – «Құзыреттерді бағалау» Астана қаласында Мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн (13-28 мамыр аралығында) форматта өткізіліп, 40 үміткер іріктеудің төртінші кезеңіне жолдама алып, оған 36 маман қатысты.
Бесінші кезең, яғни комиссия отырысында резервке кандидаттарды қабылдау туралы ұсыныс (25 үміткерге) шығарылады. Өңірлік резервте болу мерзімі – 2 жыл. Комиссия отырысының қорытынды шешімі осы жылдың
24 тамызына дейін шығарылып, 25 үміткер өңірлік резервке қабылдануы тиіс.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!