Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өңделген өнім үлесін арттыру өте маңызды

19.11.2024, 13:35 157

Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында берген тапсырмаларын орындау, ішкі нарықтағы тауарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сапасын арттыру мәселелері қаралды. Жиынға жауапты министрліктер қатысып, өңір әкімдіктері онлайн байланыс арқылы қосылды.

Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен арнайы мәжілісте талқыланған мәселелер бойынша бірқатар тапсырмалар берілді.

«Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында алдағы 3 жылдың ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға дейін арттыру міндетін қойды. Өңіріміздегі тауарлы сүт фермаларын, құс етін, жұмыртқа өндіретін фабрикаларды, мал бордақылау алаңдарын көбейтіп, агроөнеркәсіп кешенін индустрияландыруды белсенді түрде жалғастыруымыз қажет.

Елімізді Еуразияның негізгі көлік-логистикалық орталығы ретінде құру – Мемлекет басшысының негізгі басты ұстанымы. Облысымыздың бұл салада әлеуеті зор. Біздің өңіріміз арқылы халықаралық көлік және теміржол дәліздері «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Транскаспий бағыттары» өтеді. Ауыл шаруашылығы, сауда-логистикалық әлеуетімізді барынша пайдалануымыз қажет. Одан бөлек, бақша, көкөніс өнімдерін де экспорттауға зор мүмкіндік бар. Логистика мен сақтау қоймалары жүйесін жетілдіріп, экспортталатын өнім түрлерін кеңейту керек», – деді Н.Нәлібаев

Айта кетейік, биыл 496 мың 400 тонна күріш жиналып, орта өнім гектарына 58 центнерден келді. Алдағы жылдың егісіне қажетті 21 мың 500 тонна тұқым құйылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы 4 400 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Су шығынын азайту үшін диқандар кейінгі жылдары күріш егістігінің 55 мың гектарын лазермен тегістеді. Нәтижесінде суды үнемдеп, өнімділікті 30 пайызға арттырды.

Биыл 8 млрд. 800 млн. теңгеге 250 ауыл шаруашылығы техникасы алынып, машина-трактор паркі 5 пайызға жаңаланды. Күзгі егін жинау науқанына 4 440 техника қатысып, жұмыс мерзімінде аяқталды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: