Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өнертапқышты өнерпаз деңгейінде көтермелеу керек

18.04.2024, 11:40 825

Ғалым Асқар Жұмаділдаев көптен бері «елімізге технократтар керек» деп ашық айтып жүр. Жалпы, кез келген салаға ғылыми көзқараспен қараған дұрыс. Мысалы, қызылордалықтар кейінгі уақытта өзіне таңылған «ағаш жоқ, тал өспейді» деген жөн-жосықсыз «айыпқа» қарсы тұрудың амалын тапқандай. Олай дейтін себебіміз, қала басшылығы тәжірибе алмасу үшін Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ҒЗИ және Ә.Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ҒЗИ мамандарын арнайы шақырды. Енді кәнігі мамандар көмегімен ғылым мен тәжірибені ұштастырып, өңірдегі экологиялық жағдайды ескере отырып, көшет отырғызу, ағаштарды күтіп-ұстау туралы білім көкжиегіміз кеңейе түсетін болады. Бұл – бір салаға қатысты ғана ақпарат.

Өткен аптада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өтті. Сонда президент еліміздегі су тасқынына байланысты қалыптасқан қазіргі ахуалға тоқталып, осындай кезде білікті мамандар мен ғалымдардың тапшылығы айқын сезіліп отырғанына назар аударды. Сондай-ақ Қазақстанда ғылымға жете мән берілмегендіктен, еліміздің бұрынғы ғылыми әлеуеті мен инфрақұрылымын жоғалтып алғанымызды, осының салдары енді көрініп жатқанын айтты. Одан өзге отандық ғылымды дамытуға қатысты бірқатар өзекті мәселе көтеріп, алдағы уақытта атқарылуға тиіс міндеттерді айқындап берді.

ҒАЛЫМ  КӨП,  БІРАҚ  ҒЫЛЫМ  ЖОҚ

– Ашығын айтсақ, төтенше жағдайдың алдын алу ісінде айтарлықтай олқылықтар бар. Бұл – жылдар бойы шешімін таппаған мәселелер. Ең алдымен – білікті мамандардың тапшылығы. Тиісті ғылыми қорытынды сапалы жасалмайды. Сондықтан, жұмыс тәсілін түбегейлі өзгерту керек. Тараздағы гидромелиоративтік-құрылыс институтын қайта қалпына келтіру жөнінде шешім қабылдадық. Оқу орнын материалдық-техникалық тұр­ғыдан толық жабдықтау керек. Сейсмология институтының жағдайы да мәз емес. Үкіметке осы институттың ғылыми әлеуе­тін арттыруға қатысты нақты ұсыныс­тар дайындауды тапсырдым. Сондай-ақ сейсмологияны және сейсмикалық режимді бақылау құралдарын дамыту бойынша пайдалы ұсыныстар әзірленуге тиіс. Менің тапсырмаммен Алматы аумағына арнайы сейсмологиялық зерттеу  жүргізіледі, – деді  ол.

Бұған дейін, яғни 5 жыл бұрын «Қуыршақ ғалымдар ойыншық ғылымның іргетасын қалайды» деген тақырыпта мақала жазған едік. Жалпы, өнерпазды емес өнертапқышты көтермелеу керек секілді. Қазір жастардың көбі танымал болғанды қалайды. Әнші, актер, блогер, т.б. атанып, қалталы саналуды ойлайды. Бұған ұлттық идеология әсер етпей отыр. Әйтпесе, ғылымға, өндіріске көп көңіл бөліп, шоу-бизнесті одан кейінгі орынға қоюға мүмкіндік жасар ма еді?! Ғалым көп, бірақ ғылым жоқ. Бұл – бұған дейін де жазылып, айтылып жүрген сөз. Ғылыми атағы көп аға буын жиі-жиі кездеседі, мектептегі балалардың дені ғылыми жұмыспен айналысады. Сонда қалай, неге  елде  ғылым  дамымай  тұр?

Президент университеттердегі кадр тап­шылығы, ғылыми жұмыстардың сапасыздығы, өндіріс орындарымен тұрақты байланыстың жолға қойылмағаны және басқа да түйткілдерді тізіп, Үкіметке жағдайды түзеу үшін арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ, ғылымның кадрлық әлеуе­тін  күшейту  туралы сөз қозғай отырып, жас ғалымдарды жан-жақты қолдаудың маңыздылығына  ерекше  тоқталды.

– Грант арқылы жүзеге асырылатын жобалар­дың үштен бірі жас ғалымдарға тиесі­лі. Әрине, мұндай жобалардың санынан гөрі, сапасы маңызды. Жыл сайын жас ғалымдарға байқаулар арқылы берілетін гранттың қаржы көлемін арттыру керек. Қазір жас ғалымдарымыз әлемдегі жетекші зерттеу орталықтарынан тәжірибеден өте алады. Бұл – жақсы үрдіс. Оны  жалғастыра беру қажет. Менің тапсырмаммен жүзеге асырылып жатқан  «Жас ғалым» бағдарламасының  тиімді  екенін  көріп отырмыз. Оның ауқымын  кеңейту  керек, – деді Қасым-Жома­рт  Тоқаев.

ЖЕРГІЛІКТІ  БИЛІК  ҒЫЛЫМДЫ  КЕРЕК  ЕТПЕЙДІ

Ғалым, журналист Нұрлан Көбеген­ұлы ғылым қызметкерлері осыған дейін өңірлерде атаусыз қалғанын айтып отыр. Ол жергілікті билік ғалымдарын еш керек етпегеніне  налиды.

– Қоғам алға қарай дамуы үшін қай салада да ғылымның орны ерекше. Бірақ ғылым қызметкерлерінің күні осыған дейін өңірлерде атаусыз қалды, ғалымдарды елемеді, құрмет көрсетілмеді. Себебі, олардың ғылыми еңбектерін өндірісте пайдаланбады, ғылымды «қақпайтын» басшыларға олардың ғылыми еңбегі ертегідей көрінді. Тек жоғары оқу орындары ғана өз ғалым­дарының еңбегін елеп, марапаттап жатты. Былайша айт­қанда, жергілікті билік ғылымды керек етпеді. Себебі бюджеттен мол қаржы бөлінсе болды, мәселенің бәрі сонымен шешіледі деп таяз ойла­ды.

Бүгінде жер-жерлерде болып жатқан су тасқынында да бюджет қаржысының тек үй салып берумен шектеле алатынын, ал ғылымды іске қосқанда апаттың алдын алуға болатынын енді сезініп отырмыз. Ол туралы ел президенті: «Елімізде болып жатқан су тас­қыны кезінде білікті мамандар мен ғалым­дардың тапшылығы айқын сезіліп отыр» деп ашып айтты және осыған байланысты тапсырмалар берді. Ғылымның керектігін баса айтқан президент: «Қазір ғылымға арқа сүйеген мемлекеттер әлемнің даму көшін бастап тұр. Біз сол елдердің қатарына қосылу үшін ғылымға айрықша мән беруіміз керек, яғни ғылымды қарқынды дамудың төте жолы ретінде қарас­тыруымыз керек. Ахмет Байтұрсынұлы «Озғандарға жету керек, жеткендерден озу керек» деген екен. Бұдан бір ғасыр бұрын айтылған сөз қазір, әсіресе, өзекті»  деп,  көпке  ой  салды, – дейді  ол.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Парламентте «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы талқыланып жатқанын атап өтті.

– Кезінде халқымыздың көрнекті тұлғалары мен қайраткерлерінің де ағартушылықпен айналысқаны тегін емес. Қазір жас ғалымдардың заманы туды. Сіздер ұсынған, ойлап тапқан жобалардың игілігін бүкіл еліміз көруі керек. Бір сөзбен, Сіздер сияқты ғалымдар Отанымыздың ғылыми-техникалық даму көшін бастауы керек. Себебі, ғылым мықты болса, мемлекет те қуатты болады, – деді Қасым-Жома­рт Тоқаев.

ҒАЛЫМДАРҒА  ҚҰРМЕТ  АЛҒЫС  ХАТ  ТАРАТУМЕН  ШЕШІЛМЕЙДІ

Ел арасында «қазақтың қаймақ­тары шетел асуда» деген пікір де жоқ емес. Білімді жастардың өзге мемлекетте оқығысы келетіні, керек болса сондағы алпауыт компанияларда жұмыс істегісі келетіні  өтірік емес. Ғылымға  қаржы  керек, қолдау керек. Негізі, кез келген са­ланың дамуы үшін жанашырлық, қамқорлық  қажет.

– Бұған дейін ғылымды ысырып қо­йып, әркім өзінше әрекет еткен-ді. Жас ғалымдардың ғылыми жаңалығына назар аударылмады, олардың меселі қайтып, шетелге кетіп жатқандары да жоқ емес. Енді ғылымға сүйеніп, іс қылатын кез келді. Жергілікті билік бұл істе жолбасшы болуы тиіс. Биыл соның басы басталған секілді. Әлбетте, ғалымдарға құрмет деп есептейік, бірақ ол алғыс хат таратумен шешілмейтіні анық. Ғылымды дамыту үшін белгілі бір мөлшерде грант бөлініп жатса, оның жөні бөлек. Әйтпесе, осы күні аудандарда «оң имиджді қалыптастыру мақсатында» әлеуметтік желілерге «ішін түсіріп мақтаған жазбалар» жариялау үшін бес миллион теңге көлемінде қаржы бөлу қарастырылып жатқанын білеміз. Одан гөрі күріш егуден мол өнім алу бойынша ғылыми еңбегі үшін ғалымдарға қаржы бөлінсе, пайдалы болар еді. Өткен жылдары «жергілікті өнім – қауыннан чипсы шығардық» деп, «шапкамызды» аспанға аттық. Бірақ басталған жұмыс аяқсыз қалды. Себебін сұрасақ, жергілікті билік қолдамаған.

Осындай әрекеттерді байқаған президент: «Әкімдіктер жанынан осы бағыттағы міндеттерді шешуге ықпал ететін ғылыми кеңестер құр­ған жөн. Ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске кеңінен енгізу процесіне еліміздің барлық өңіріндегі ірі кәсіп­орындар тартылуға тиіс» деп, кесімді сөзін айтты. Және «Тағы да қайталап айтқым келеді, мемлекеттік органдар барлық істе, ең алдымен, сапалы ғылыми қорытындыға сүйенуі керек. Бұл – өте маңызды міндет» деп сөзін нығырлады.

Ал, қаржыны ғылымнан аямау керектігін мемлекет басшысының өзі айтып отыр: «Бюджет кодексіндегі «грант» ұғымының аясын кеңейту қажет. Ғылыми зерттеу­ге қажетті құрал-жабдық алуға және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған қаржы  еш  кедергісіз  бөлінуі  керек».

Көптен бері қозғалмай келе жатқан тақырыпты ғылым қызметкерлері күнінде президенттің өзі айтқаны ғалымдарды демеу, қолдау болды. Енді іске білек сыбана кірісу  керек. Сыналатын шақ та алда, – дейді  Нұрлан  Көбегенұлы.

Әлгінде айтқан, әнші, әртістерді қолдаған секілді, соларды тойға шақырып, миллиондап ақша төлегеніміз секілді өнертапқыштарды да төбеге көтеру керек. Мемлекет басшысы ғылымға жасалып жатқан қолдауды айтты, тапсырма берді. Ендігі уақытта жергілікті билік жұмыстың орындалуын, іске асуын бағамдаса, мүмкіндік берсе болғаны.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: