Қазақстанда шикізат өндірісі енді ғана аяқтанып келеді. Өйткені күні бүгінге дейін бірнеше құрылыс материалын көрші мемлекеттерден сатып алып, оны өз елімізде қымбат бағаға сатып жүрдік. Ал қазір мұндай шикізат өндірісін өзіміздегілер де қолға алып, нарыққа қолжетімді бағамен ұсынуда. Мәселен, үй құрылысына қажетті заттарды құрастыру үшін жеке кәсіпкерлер шағын өндіріс цехын ашып, облыс көлемінде көпқабатты тұрғын үйге қажетті торлар мен құрғақ құрылыс қоспаларын жеткізіп отыр. Аймақта мұндай өндіріспен айналысатын кәсіпкерлер саны артқан. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз турында осындай өндіріс цехтарын аралап, жұмысымен танысып қайттық.
Алдымен Қызылорда қаласына қарасты Белкөл кентінде орналасқан «ВЕГА – Пром» ЖШС-ның құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін зауытына тоқтадық. 2014 жылдан бері нарыққа қажетті тауарларды өндірумен айналысатын кәсіпорынның директоры Әбдіжаппар Бимағанбет жобаның жалпы құны 103 млн теңгені құрайтынын айтты. Ал құрылтайшысы Әбдіхалық Ділманов алдағы екі айда өндіріс орнын кеңейту мақсатында жаңа орынға көшу туралы жоспарымен бөлісті.
– Жаңа нысанға көшкеннен кейін 2-3 жыл уақыт аралығында жұмыскерлердің санын елу адамға дейін көбейту жоспарда бар. Дәл қазір мұнда 31 адам жұмыс істейді. Жұмыс 8 сағаттық уақытты қамтиды. Ал жұмысшылардың жалақы мөлшері 100-150 мың теңге аралығында, – деді Ә.Ділманов.
«ВЕГА – Пром» ЖШС өндірген құрғақ қоспалар облыс көлемінде сұранысқа ие. Арасында Түркістан қаласынан да келіп алып кететіндер бар екен. Бұл жерде құрылысқа қажетті 10 түрлі құрғақ қоспа өндіріп, жылына 86 мың тонна өнім әзірленеді. Дайындалған шикізат өнімінің 25 пайызы сыртқы облыстарға, қалған 75 пайызы жергілікті құрылыс нысаны мен тұрғындарға сатылады. Оның ішінде 45 пайызы қала тұрғындарының үлесінде. Мұнда жұмыспен қамтылған азаматтардың барлығы – Белкөл кентінің тұрғындары.
Құрғақ қоспаларға қажетті барлық шикізат өнімдері Алматы қаласынан келеді. Қажет болған жағдайда Арал ауданынан да құм әкелініп, кейбір заттарды Қызылорда қаласының өзінен пайдаланады.
– Соңғы кезде Қазақстанның өзге аймақтарынан сұраныс арутына байланысты тап осы жерде сол сұранысты қанағаттандыра алмай тұрмыз. Себебі бұл жер шағын, осы үшін 2,9 гектар аумаққа орналастырылып жатқан нысанымызға көшсек, жоспардағы цифрлар өседі. Өндіріс көлемі де артады. Қазір күніне 75 тонна қоспа өндірсек, алдағы уақытта көбейетініне сенемін, – деді құрылтайшы.
Әйткенмен бұл жер де үкіметтен қолдау күтеді. Ол теміржол мәселесі болып тұр. Қаншама салмаққа ие қаптарды қоймаға жинастыру мен тасу оңай іс емес екені анық. Қазір де теміржол бар, бірақ оны ұзартып, жағдайды қалыпқа келтіру керек екен.
Енді құрғақ қоспалардың құнына келсек. Әбдіхалық Төребайұлының айтуынша, бұл жердегі барлық өнім 590-600 теңге аралығында және бұл базардағы құрылысқа қажетті өнімдер сататын жерден едәуір арзан.
Зауытта тек шикізат өнімдерін өндіріп ғана қоймай, техникалық мамандықта оқитын студенттерді тәжірибеден өткізу бағыты да қарастырылған. Биыл Orda колледжінен 21 студенттің өндірістік тәжірибеден өтуіне мұрындық болып, өндіріс орнының негізгі жұмысымен таныстырған.
Алдағы уақытта құрғақ қоспалардан бөлек, евро жөндеу жұмыстарына арналған қоспалар, эмулсияларды өндіру жолға қойылған.
Өндіріс орнының қазіргі тыныс тіршілігімен таныс болған тілшілер мен басқарма мамандары келесі «Әділханова» ЖК-не аяқ бастық.
«Әділханова» ЖК-нің директоры Исатай Нұржанов қаржыгер мамандығын тамамдаған. Ұзақ жылдар бойы шағын қаржы ұйымдарында қызмет етіп, 2020 жылы эпидахуалдың күрделі шағында осы кәсіпті отбасымен бірге бастапты. Алғашында шағын станоктың көмегімен темірден түйін түйген кәсіпкер 2 жылдың ішінде өзіне қажетті барлық станоктарды алып, шағын көлемде цех жұмысын жандандырып келеді. Бүгінде қарамағында 8 адам жұмыс істейді. Олардың ішінде енді мектеп бітірген балалар да бар.
– Қазірде 12 мекемемен тығыз байланыстамыз. Оларға құрылысқа қажетті барлық темір торды ұңғастырып, қалаған өлшемде жасап беріп жатырмыз. Жалпы 10-ға жуық станок-техникалардың көмегімен шаруамыз жеңілдеп, бір жолға түсті. Бұл шаруаны бастағанда кейін сұранысқа ие боларын біліп, қазірде кең көлемде өндіріс цехына орналасқанбыз. Мұнда түрлі өлшемдегі диаметрді қамтитын темірлерді Алматы қаласынан тонналап алдырып, өзіміз өндіреміз. Бұған дейін тек жалпақ төртбұрышты торларды тоқыған болсақ, қазір дөңгелек пішінде торлады да жасап шығарудамыз, – деді Исатай Шалқарұлы.
Бұл өндіріс орнының бір ерекшелігі – тұтынушының айтқан өлшемінде жасай алуында. Тіптен темірдің диаметрінің өлшемін де таңдап, тордағы бос көздердің арақашықтығын да өз қалауыңдағыдай жасауға мүмкіндік бар.
Тірліктің нағыз қайнаған шағында барыппыз, цех ішіндегі станоктардың дауысынан ештеңенің дыбысы естілмейді. Жастардың жұмысқа берік, іске тыңғылықты екенін осыдан байқадық. Сонымен қатар мұнда қауіпсіздіктің алдын алу реті де көзделген. Қос қолына шаруаға арналған қолғап киген балалардың зәулім ғимараттардың құрылысына арналған торды еркін құрастыруы да қуантады. Күніне 1500 м2 құрылысқа қажетті өнім өндіріледі. Бұл цифрды да көбейту жолға қойылған.
«Жас келсе – іске» деп бекер айтылмаған. Құрылысқа және тұрғындарға қажетті өнімдерді өндірумен айналысатын кәсіпкерлер бұған дейін өз салаларында ұзақ жылдар қызмет етіп, мол тәжірибенің арқасында осындай кәсіп көзін бастаған. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасынан қолдау тауып, шаруасын дөңгелетіп жатқан Әбдіжаппар Бимағанбет – «тірліктің тынысы – елге пайдасы тиетін іспен айналысуда» екенін алға тартты. Қазақстан индустрияландыру дәуірінде кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, отандық өнім өндірушілердің жұмысына назар аударып келеді. Еліміз әлі де өндіріс көлемі жөнінен алдыңғы орында емес. Ол үшін тұрмыстық қажеттілікті өзімізде өндіріп, арзан бағада нарыққа шығару қажет екені түсінікті. Бірақ оған құлықтылар некен-саяқ…
Ердәулет ҚАЛИЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!