Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыстық мәслихаттың XIV сессиясы өтті

22.05.2024, 16:15 313

HALYQLINE.KZ

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен облыстық мәслихаттың XIV сессиясы өтті. Сессияға облыс әкiмiнiң орынбасарлары, құқық қорғау органдарының, облыстық басқармалар мен аумақтық инспекциялардың басшылары қатысты. Аудан, қала әкімдері, мәслихат төрағалары және активі бейнебайланыс жүйесі арқылы қосылды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Күн тәртібінде бес мәселе қаралды. Біріншісі – «2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» облыстық мәслихаттың 2023 жылғы 13 желтоқсандағы № 63 шешіміне өзгерістер енгізу. Сонымен қатар, облыс әкімдігі жанындағы бірқатар комиссиялар мен сараптамалық, өңірлік үйлестіру кеңестерінің құрамына өзгеріс енгізу және бекіту мәселелері талқыланды.

Аймақ басшысы негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткішітерге тоқталып, 2024 жылға арналған облыстық бюджетті кезекті нақтылауға ұсынды.

«2023 жылдың қорытындысымен және осы жылдың басынан бері аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденция сақталуда. Өңір өңдеу өнеркәсібінде былтырғы 11-орыннан биыл 4-орынға көтерілді, өткен 4 айда көшбасшы позициясын сақтадық.

Осы нақтылауда «Шығармашылық академиясының» құрылысына 1 млрд теңге, Сырдария өзенінің сол жағалауына салынатын тарихи-мәдени мұра орталығына 875,8 млн теңге, «Оқушылар сарайына» 55,1 млн теңге бағытталды. Сонымен қатар, Қожа Ахмет Яссауи көшесін қайта жаңғырту жұмыстарына 1 млрд теңге, әуежайға кіреберіс автомобиль жолын қайта жаңғыртуға 1 млрд теңге жоспарланған.

ЖЭО-ның газтурбинасы мен турбогенераторын жөндеуге 886,8 млн теңге, қала аумағында 2005 жылдан бері жұмыс істеп тұрған АБМК-ларды жөндеуге 695,7 млн теңге қаржы қаралуда. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жүргізген жұмыстар нәтижесінде, биыл әлеуметтік кредиттік тұрғын үй салу үшін облигациялық қарыздар есебінен 5,4 млрд теңгеге мемлекеттік бағалы қағаздар шығару келісілді. Бұл қаржы есебінен 904 пәтерлік 16 тұрғын үй салынады. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін коммуналдық тұрғын үй қорынан 1400 пәтер сатып алуға 20,7 млрд теңгеге мемлекеттік бағалы қағаздар шығару жоспарлануда. Екі жыл бұрын облыс бюджеті 387 млрд теңге болса, осы жылдың басында 650 млрд теңге көлемінде бекітілді.

Құрметті депутаттар! Сіздердің қолдауларыңыз бен бірлесіп жүргізілген жұмыстардың арқасында бүгінгі күні облыс бюджеті 678 млрд теңгеге жетті», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Облыс әкімінің айтуынша, биыл Сыр диқандары 187,5 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын егуде, оның 81,1 мың гектары – күріш. Су үнемдеу технологияларын 4,2 мың гектарға қолдану көзделсе, 2028 жылға қарай бұл әдіспен егін егу 24,2 мың гектарға жетеді деп жоспарлануда.

Экономиканы индустрияландыру аясында 16 жоба іске асырылмақ. Оның біреуі, яғни Қазалы ауданындағы «Жанкент Агро» серіктестігінің күріш ақтау зауыты іске қосылды.

Жергілікті жол инфрақұрылымын дамытуға қаржы бөлініп, 266 шақырым автомобиль жолдары, көпір өткелдері және көшелер жөнделеді. Қызылорда қаласындағы Жаппасбай батыр көшесі 4 жолақты болып кеңейтіледі. Яссауи көшесін қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүруде. Жанқожа батыр көшесіндегі теміржол асты көпірінің құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды.

Мемлекет басшысының қолдауымен Қызылорда қаласының тұрғын үйлерін ыстық сумен қамтуға Үкімет резервінен 11 млрд теңге бөлінді. Биыл қаладағы 187 үй орталықтандырылған ыстық сумен қамтылады. Жылу желілерін жаңғырту жұмыстары да кезең-кезеңімен атқарылуда. Осы жылы 7 млрд теңгеге 9,5 шақырым жылу желілері қайта жаңғыртылуда. Бұдан бөлек, 11 млрд теңгеге 741 шақырым электр желілері мен 127 қосалқы станция күрделі жөндеуден өтуде.

Наурыз айында Шиелі ауданында 4 ауыл (Бестам, Тәжібаев, Алмалы Ақтоған) газға қосылса, жыл соңына дейін аймақтағы тағы 8 елді мекенді «көгілдір отынмен» қамтып, газдандыру көрсеткішін 78 пайызға жеткізу көзделуде.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: