Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімінің орынбасары спорттық ғимараттарды аралады

11.04.2022, 10:10 422

HALYQLINE.KZ Облыс әкімінің орынбасары Нұртай Қайрат Ырзақұлұлы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының м.а Тажмаханов Жағыпар Айтбайұлымен бірге бірқатар спорттық объектілерді аралады. «Тарлан» спорт кешенінен бастау алған кездесуде Қ.Нұртай Сыр елінен шыққан атақты боксшылардың жаттыққан залымен және жасөспірім таеквондошылардың жаттығу процессімен, сонымен бірге кешеннің бірінші қабатында орналасқан жаттығу залымен (тренажерный зал) танысты.

Айта кетейік, «Тарлан» спорт кешенінде бүгінгі күні спорттың 6 түрінен 350 спортшы шұғылданады. Келесі кезекте облыс әкімінің орынбасары «Евразия» спорт кешеніндегі жүзу бассейні, үстел теннисі және жаттығу залының жұмысымен танысты. Кездесу барысында өңірімізде жүзу спортының әлеуетін арттыру қажеттілігі талқыланды.

Келесі нысан «Нұрсәт» теннис орталығы 2011 жылы салынып, 2012 жылы пайдалануға берілді. Жалпы алаңы – 1715,2. Орталықта бүгінгі күні 10 топта 102 оқушы жаттығады. Қайрат Ырзақұлұлы үлкен теннис алаңында жаттығу жұмыстарын жүргізіп жатқан спортшы қыздардың ойынын тамашалады.

Әрі қарай Қ.Нұртай Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадион мен Қосалқы жасанды футбол алаңының жұмысымен танысты. Айта кетейік, 2020 жылы «Орталық стадионға» қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда стадионда «Қайсар» футбол клубының жаттығушыларынан бөлек велоспорт, жеңіл атлетика, мүгедектерге арналған спорт жаттығушылары мен спортсүйер қала тұрғындары спортпен айналысуда. Келесі кезекте Қайрат Ырзақұлұлы «Жоғары спорт шеберлігі» мектебінің жұмысымен танысты. Қазіргі таңда мектепте 12 спорт түрімен 178 спортшы шұғылданады. Оның ішінде 10 олимпиадалық, 1 олимпиадалық емес, 1 ұлттық спорт түрлері бар. Бұл мектептен ауыр атлетикадан 4 дүркін Әлем чемпионы Илья Ильин, еркін күрестен Әлем чемпионатының қола, күміс жүлдегері Даулет Ниязбеков, бокстан Әлем, Азия чемпионаттарының күміс жүлдегері, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев, карате-додан Әлем, Азия чемпионы Мөлдір Жаңбырбай сынды және тағы да басқа көптеген чемпиондарымыз тәлім алып шыққан.

Сонымен бірге, Қ.Нұртай ауыр атлетикадан ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушы, тек Сыр елі емес, Қазақстан ауыр атлетикасының өрлеуіне айрықша үлес қосқан жаттықтырушы Велорий Пакпен сұхбаттасып, алдағы күндері аймағымызда ауыр атлетикадан өтетін ҚР чемпионатын талқылады.

Келесі нысан мемлекеттік спорттық тапсырыс жан басына қаржыландыру жобасы аясында жұмыс істеп жатқан «Ерсұлтан» спорт кешені болды. Мұнда балалар үлкен қызығушылықпен күрес, дзюдо спорт түрлерімен айналысып жатты. Қазіргі таңда спортқа үлкен ынта қойып, бар ықыласымен айналысып жүрген балаларымыз болашақта ел мәртебесін көтерер үлкен азамат болып өсері сөзсіз. Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Ырзақұлұлы спортпен айналысуға ниет білдіріп жүрген балалар мен жасөспірімдер санының көптігіне риза болды.

«Қазіргі сау ұрпақ, ертеңгі біздің болашағымыз екенін ескерсек, бүгінгі күні олардың өздері таңдаған спортымен еш кедергісіз шұғылдануына бар жағдай жасауымыз керек» – деді ол өз сөзінде.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: