Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімі Жаңақорғанда жеке қабылдау өткізді

19.10.2022, 10:20 566

HALYQLINE.KZ Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Президенттің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығы аясында құқық қорғау органдары басшыларымен бірге Жаңақорған ауданының тұрғындарымен жеке қабылдау өткізді.

Манап Көкенов атындағы мәдениет үйінде өткен жеке қабылдауға облыстық сот төрағасы Әділхады Шығамбаев, облыс прокурорының бірінші орынбасары Исламбек Төлегенов, облыстық полиция департаменті бастығы Мұхтар Қожабаев, облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Бақыт Қайшыбеков, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаменті бастығының бірінші орынбасары Ер-Саид Замишев келді. Сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Ұзынжас және мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғани Аманов пен төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлтан Ибрагимов қатысты.

Ашықтық қағидасына негізделген қабылдауда жалпы саны 65-ке жуық азаматтың өтініші қаралды. Ал, облыс әкіміне 20-дан аса тұрғын өз сұрақтарымен келді. Жергілікті азаматтар тұрғын үй алу, жұмысқа орналасу, жеке бизнес бастау және кәсібін кеңейту, аяқ су және қоғамдық көлік мәселелерін көтерді.

Аймақ басшысы мәселелерді сала мамандарымен бірге мұқият зерделеп, заңдылығына қарай шешім қабылданатынын жеткізді және жауапты басқарма басшыларына нақты тапсырма берді.

Жеке қабылдауға келген кент тұрғыны жүгері өнімін консервілеу жобасын жүзеге асыруға мемлекет тарапынан қолдау сұрады. Облыс әкімі «Байқоңыр» ӘКК арқылы несие рәсімдеу тетігі арқылы кәсібін ашуға мүмкіндік бар екенін алға тартты.

Ал, құқық қорғау органдарының басшыларына жаңақорғандықтар жер үлестері мен жерді рәсімдеу проблемаларын жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін аймақ басшысының тапсырмасы аясында облыс әкімінің орынбасарлары мен құқық қорғау органдары басшыларының орынбасарлары әр ауданда бір күн бойы жеке қабылдаулар өткізді. Тұрғындардың мәселелері қаралып, реттілігіне қарай шешімін тапты.

Еске салу керек, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңір басшысы болып келген сәттен бері 20 рет қабылдау өткізіп, 173 азаматтың мәселесін саралады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: