HALYQLINE.KZ Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі бірқатар үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесті. Басқосуда ел мүддесі жолындағы бірқатар мәселелер сараланып, алдағы уақытта бірлесіп атқарылуға бағытталған ұсыныстар айтылды.
Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова, «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы, «Ұмай» мектеп жасына дейінгі балаларға арналған сауықтыру және тәрбиелеу қайырымдылық үйі» мекемесінің директоры, қалалық мәслихат депутаты Анар Ізден, «Ауғанстан соғысының ардагерлері ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайриддин Баймаханов, «Арал теңізі» қоғамдық қорының төрайымы Айнакүл Баймаханова және жауапты басқарма басшылары қатысты.
Аймақ басшысы үкіметтік емес ұйымдар түрлі жобалар атқарып, ел өміріндегі маңызды мәселелерде, әсіресе пандемияны еңсеруге белсенді үлес қосып, азаматтықтың жарқын үлгісін көрсетіп жүргенін атап өтті.
– Өңірдегі азаматтық қауымдастық көшбасшылары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жанына топтасып, қазақстандықтардың өмір сүруі мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамаларды жүзеге асыру мемлекетпен қатар азаматтық күштер де білек сыбана кірісетін елдік шаруа деп білемін.
Осы орайда, Сыр өңірінің азаматтық қоғам өкілдері еліміздің жаңа тарихында орын алған «қасіретті қаңтар» оқиғасы кезінде облыс халқын келісім мен бірлікке шақырып, ахуалды тұрақтандыру барысында азаматтық белсенділіктерін танытты.
Қоғам белсенділері сын сағатта елдің қауіпсіздігін күзеткен әскерилерге моральдық қолдау білдіріп, волонтерлар мен меценаттар дүрбелең салдарынан зардап шеккен ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстарына атсалысуда. Бізде өздеріңізбен аймақтың әлеуметтік мәселелерін шешуде бірлескен сәтті жұмысымызды, азаматтық бастамаларды қолдауды одан әрі жалғастыратын боламыз, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Сондай-ақ, басқосуда ҮЕҰ өкілдері жергілікті атқарушы орган тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға алғыс білдіріп, облыс әкіміне бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Атап айтсақ, «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Анар Ізден «Қызылорда облысы бойынша «бір терезе» қағидаты негізінде үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсету үшін азаматтық орталық жұмысын ұйымдастыру және дамыту» жобасы жүзеге асырылғанын, үкіметтік емес ұйымдарға Азаматтық қоғам өкілдері өңірдегі бірқатар әлеуметтік мәселелер бойынша қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырып, мониторинг жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
Сонымен қатар барлық деңгейдегі қоғамдық кеңестердің құрамын қайта қарап, кеңеске ҮЕҰ өкілдерін қосу жолдарын қарастыруды ұсынды. Аймақ басшысына Қызылорда облысының үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы үйлестіру кеңесінің төрайымы болу және стандарт негізінде жұмыс істейтін мониторинг, бағалау жұмыстарын жетілдіру бойынша ұсыныстарын жеткізді. Мұнымен қоса, Анар Ізден экология, NEET санатындағы жастар және тағы басқа маңызды жобаларды жүзеге асыруға қаржылай қолдау көрсетуді сұрады.
Ал, «Ауғанстан соғысының ардагерлері ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайраддин Баймаханов Мемлекет басшысының бастамалары негізінде әлеуметтік жобаларды әлі де дамыту мәселелерін қозғаса, «Арал теңізі» қоғамдық қорының төрайымы Айнакүл Баймаханова мемлекеттік тапсырыс барысында кездесетін кедергілерді зерттеп, осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіруді ұсынды.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова көтерілген мәселелер аймақ үшін маңызды екенін атап өтіп, алдағы уақытта заңға сәйкес жүзеге асыру жолдары қарастырылатынын атап өтті. Әсіресе NEET санатындағы жастармен жұмысты күшейтіп, пандемия қиындықтарын бірлесіп еңсеру қажет екенін баса айтты. Сондай-ақ, экономикалық күрделі жағдайда ҮЕҰ халық арасындағы көтеріліп жүрген өзекті мәселелерді мемлекеттік органдарға дер кезінде жеткізіп, екі жақты келісім орнатуға жұмыс істеу қажет деп тоқталды.
Жиын соңында аймақ басшысы үкіметтік емес ұйымдарды күш-жігерді біріктіріп, бар қиындықтарды жеңуге үндейтін Президенттің Жаңа Қазақстанды құру бастамасын қолдауға шақырды.
Айта кетейік, биыл 105 жобаға 765 млн теңге қаржы қарастырылды. Сондай-ақ, облыстағы үкіметтік емес ұйымдар саны жылдан жылға көбейіп, бүгінде олардың қатары 1000-ға жуықтады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!