Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімі «Сыр медиаға» барды

11.05.2021, 17:00 693

HALYQLINE.KZ  Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Т.Жүргенов атындағы шығармашылық үйіне барды. Алдымен серіктестікке қарасты баспахана жұмысымен танысып, жақында ашылған кітап өндірісіне куә болды. Одан соң журналистер музейіндегі сырбойылық қаламгерлер туралы дерекке қанықты.

Баспахананы медиахолдингтің басты жетістігі деуге болады. Бұрын әрқайсысы өзінше бөлек шығатын жергілікті газеттер 2013 жылдан бері осында жарыққа шығып келеді. Үндістандық офсеттік станок сағатына 35 мың дана газетті басып шығаруға қауқарлы. Серіктестіктің ғана емес, Жезқазған, Атырау, Сәтбаев қалалық басылымдары да осы жерден оқырман қолына тиеді. Оның ішінде «Егемен Қазақстанның» қызылордалықтардың қолына тиетін бөлігі де бар.

«Сыр медиа» академиясы» залындағы шығармашылық ұжыммен кездесуде серіктестіктің бас директоры Аманжол Оңғарбаев бірқатар басылымды бір шаңырақ астына біріктірген медиахолдингтің он жылдан астам уақыт бедеріндегі белесіне шолу жасады.

– Әуелгіде қарамағымызда облыстық «Сыр бойы», «Кызылординские вести» газеттері ғана болды. 2013 жылдың басында жаңа ғимаратқа көштік. Сол жылдан бастап қатарымызға қалалық, аудандық ресми басылымдар қосылды. Содан бері редакциялардың қаржылық, материалдық-техникалық әлеуеті күшейді. Бүгінде «Сыр медиа» – газеттерді жаздыру, басу, тарату қызметін қатар жүргізіп отырған республикадағы бірден-бір іргелі ұжым. Бұл – мемлекеттік-ақпараттық саясаттың тиімділігін арттыру бағытында қолға алынған бастаманың жемісі, – деді Аманжол Сақыпұлы.

«Сыр медиа» ЖШС құрылған 2010 жылы штат бірлігі 90-ға да жетпейтін. Қазір 580-ге жетіп жығылады. Оған қарасты облыстық, қалалық, аудандық газеттер мен «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігі Елбасы мен Мемлекет басшысы бастамашысы саналатын бағдарламаларды, мемлекеттік тапсырыс аясында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты барлық саладағы іс-шараларды бұқара санасына сіңіруге үздіксіз үлес қосып жүр. Одан бөлек, оқырман әрқайсысының сайты арқылы дер кезінде анық әрі сапалы ақпаратпен таныса алады.

– Газеттер А2 форматында түрлі-түсті бояумен шығады. Еліміздің көптеген аудандық газетімен салыстырғанда бұл – біздің үлкен жетістігіміз. Бұған дейін аудан әкімдігінің қаулы-қарарын, жиналыс шешімдерін басудан әрі аспайтын аудандық басылымдардың көркемдік деңгейі, мазмұны мен сапасы артты. Өйткені қазіргі күні өзекті тақырыптарды қозғап, оқырман ойынан шығу – басты міндет. Бас редакторлардың, тілшілердің, дизайнерлердің білімін жетілдіру, республикадағы алдыңғы қатарлы медиаорталықтарда тәжірибе алмасу, оларды кәсіби тұрғыда шыңдау мақсатында Астана, Алматы қалаларына, Ресей астанасы – Мәскеуге іссапар ұйымдастырылды, – деді серіктестік басшысы.

Таралым жөнінен де серіктестік басылымдары – алдыңғы орында. Облыстық «Сыр бойы» – 30 мыңға, «Кызылординские вести», «Ақмешіт жастары» – 10 мыңға жуық, қалалық және аудандық газеттер шамамен 3-7 мың данамен жарыққа шығып келеді.

Аудандық газет редакцияларының материалдық-техникалық жағдайының жақсаруы жақсылық жаршысына айналған құрылым жұмысына оң ықпал етті. «Сыр медиа» 2016 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап өз басылымдарын жаздыру, тарату қызметін қолға алды. Барлық елді мекенге бекітілген өкілдер газеттерді кешіктірмей шалғай ауыл тұрғындарына жеткізіп береді. Ал 2018 жылы жергілікті журналистердің білімін арттыру, оларды салалық журналистикаға бағыттау және өзекті тақырыптарды талқылау мақсатында «Сыр медиа» академиясы құрылды. Осы аралықта әріптестеріміз халықаралық, республикалық деңгейде танымал, қазақ журналистикасының дамуына еңбек сіңірген қаламгер-қайраткерлерден, журналистер мен публицистерден, медиамаркетологтар мен медиаменеджерлерден, кәсіби блогерлер мен баспасөз дизайнерлерінен дәріс алды. Сол жылы арнайы радиостудия ашылды. Онда әзірленген аудиоподкасттар аудитория аясын кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр.

Жиын барысында серіктестіктің бас директоры тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған бірнеше жобаны назарға ұсынды. Соның бірі – «Сыр журналистикасының тарихы» атты бестомдық.

– Кітапта тың деректер қамтылған. Біз бұған дейін «Сыр бойы» газетінің алғашқы редакторы Жиенғали Тілепбергенов деп келсек, кітапты жазу барысында оған дейін бір емес, үш жауапты редактор болғанын анықтадық. Сондықтан бұл жалпы қазақ журналистикасындағы құнды еңбек болар еді. Біз, «Сыр медиа» ұжымы мерзімді басылымдар шығарумен ғана айналыспай, үлкен шығармашылық ұйым ретінде қалыптасқымыз келеді. Осы орайда бірқатар таңдаулы жобамыз бар. Мұның барлығы қаржылық қолдау мәселесіне келіп тіреледі, – деді А.Оңғарбаев.

Оның ішінде «Тәуелсіздік қарлығаштары» сериясымен таңдаулы 30 кітап, ардагер фототілші Болат Омарәлиевтің фотоальбомын, «Еңбек адамы» энциоклопедиясын, «Qyzylorda» ақпараттық-имидждік журналын шығару, тәуелсіздік жылдарындағы өңір жетістіктерін насихаттайтын «Тәуелсіздік – тұғырым» байқауын ұйымдастыру ойда бар.

Облыс әкімі аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне, пандемияға қарсы шаралар мен өзге де өзекті мәселелерге тоқталды.

– Былтыр ел экономикасына оңай тиген жоқ. Пандемия біраз саланы тұралатты. Әсіресе, шағын және орта бизнес субъектілері қатты зардап шекті. Дер кезіндегі мемлекеттік қолдау шараларының арқасында тығырықтан шығып, құлдыраудың алдын алу мүмкін болды. Жұмыссыздық деңгейін шарықтатпаудың бірден-бір жолы ретінде «Ауыл – ел бесігі», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламаларын айтар едім. Құрылған жұмыс орындарының басым бөлігі уақытша сипатта болғанымен дәл сол кезеңде ол нақты табыс көзі еді. Бағдарламалар аясында құны 44 млрд теңгеден жоғары 300-ден астам жоба жүзеге асырылды, – деді облыс басшысы.

Жиында «COVID-19» инфекциясы бойынша эпидемиологиялық ахуал назардан тыс қалған жоқ. Бүгінде әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 150 миллионнан асты. Соңғы бір аптаның өзінде қауіпті індет кесірінен 93 мыңдай адам көз жұмды. Оған тойтарыс беру амалы ретінде елімізде 1 ақпанда вакциналау науқаны басталғаны белгілі. Қазіргі күні екпе салдырған қызылордалықтар саны 70 мыңнан асып отыр. Қалыпты өмір ырғағына оралу үшін оны кемінде 400 мыңға жеткізу керек. Осы орайда облыс әкімі екпенің тиімді тұсы, денсаулыққа пайдасы, егу пункттері туралы халыққа егжей-тегжей түсіндіруді жалғастыру керектігін жеткізді.

Одан бөлек, ақпарат құралдарымен бірлесе атқарылатын тағы бірнеше шараны атап өтті. Біріншіден, түрлі саладағы жетістіктер, тұлғалар, еңбеккерлер, ауылдардың, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерліктің даму қарқыны турасындағы Елбасы ролін халыққа кеңінен ашып жеткізу маңызды. Екіншіден, әр он жылда бір келетін, ал биыл онлайн режимде өткізілетін ұлттық халық сынағында әрбір азаматтың жауапкершілігін жіті түсіндіру керек. Дәстүрлі науқан азаматтардың әл-ауқаты мен қуатты экономика бойынша негізгі басымдықтарды анықтауға көмектеседі.

– Сыр өңірі – қазақылығымен ерекшеленетін мәдени-рухани орда. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аймақтың беткеұстар тарихи тұлғалары Жалаңтөс Баһадүрдің – 445, Кете Жүсіп Ешниязұлының – 150, Ыбырай Жақаевтың – 130, Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтоларымен тұспа-тұс келіп отыр. Президент айтқандай, мұндай шаралар құр даңғазалықпен, ысырапшылдықпен өтпеуі тиіс. Керісінше оны танымдық-ұлағатты дүниелер аясында жүзеге асыруымыз қажет, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы осы ретте тілшілер қауымын аталған мерейтойларды лайықты деңгейде бірлесе атап өтуге атсалысуға және оған барынша ақпараттық қолдау көрсетуге шақырды.

syrboyi.kz

Фотоны түсірген: Нұрболат Нұржаубай

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: