Тамыры терең, тарихы кенен Қызылорда облысының 85 жылдығы Шиелі ауданының 95 жылдық мерейтойымен де қатар келді. Осыған орай аудан орталығында ауқымды гала-концерт ұйымдастырылды.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аудан тұрғындарын қос мерекемен құттықтады.
«Биыл қасиетті Сыр өңіріндегі Қызылорда облысының құрылғанына 85 жыл толды. Мерейлі мереке қарсаңында халықтың тұрмыс-тіршілігіне оң әсер ететін көптеген игі істер, оң бастамалар жүзеге асты. Жақында Үкімет 9 айдың қорытындысын жариялап, аймағымыздың даму көрсеткіштері республикадағы үздік үштікте екені атап өтілді. Шиелі ауданында сауда, туризм саласы бойынша құны 2 млрд теңгені құрайтын 10 жоба, 28 млрд теңгені құрайтын 15 жеке инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жобалар іске қосылғанда 860 жаңа жұмыс орны ашылады. Шиелі – 41 Еңбек ері шыққан, Жер-анадан несібесін теріп, маңдай терін төккен еңбек адамдарының мекені. Қасым-Жомарт Кемелұлы Нағи Ілиясов ауылында өткен еңбек адамдарымен кездесуде: «Шын мәнінде, еңбек адамдары – халқымыз үшін ең қажет азаматтар. Ең алдымен, біз еңбек адамдарына құрмет көрсетуіміз керек», – деген болатын. Ауданның жетістіктері – баршаңыздың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ынтымақ, бірлік, келісіммен жасаған тірліктеріңіздің нәтижесі», – деді аймақ басшысы.
Нұрлыбек Машбекұлы тәуелсіздік жылдарынан бері ауданды басқарған ел ағаларын құттықтап, халықтың ынтымағын сақтап, ырысын тасыту жолындағы атқарған жұмыстарына алғыс білдірді. Іс-шарада бірқатар азамат облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Мерекелік кеш өнерпаздардың ән шашуы мен халық көңілін көтерген концерттік бағдарламаға ұласты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!