Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімі: «Сақтық шаралары тұрақты түрде сақталуы керек»

27.07.2020, 14:15 347

HALYQLINE.KZ Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының м.а. А.Әбдікайымова мен Қызылорда облыстық полиция департаменті басшысының м.а. Ш.Амитовті қабылдады. Жиында карантиндік талаптардың сақталуы және карантин кезеңінде анықталған құқықбұзушылықтар талқыланды.

Аймақ басшысы карантин режимін бұзуды болдырмау және құқықбұзушылықтарды дер кезінде анықтау жұмыстарын күшейтіп, карантиндік режим аяқталғаннан кейін де жалғастыруды тапсырды.

«Облыс бойынша соңғы күндері коронавирус індеті мен пневмониямен ауырып жатқан азаматтардың санының төмендеуі байқалады. Қабылданған шаралар нәтижесінде төсек-орындардың, өкпені жасанды желдету құрылғыларының, оттегі концентраторларының саны көбеюде. Дегенмен, босансуға болмайды, тұрғындарымыз азаматтық жауапкершілікті берік ұстануы керек. Біз бұған дейін тұрғындарға шектеу талаптарының сақталуының қажеттілігі туралы бірнеше рет үндеу жасаған болатынбыз. Өкінішке қарай, бүгінгі күнге дейін облыс бойынша жеке тұлғалар және бизнес субьектілері тарапынан карантиндік талаптардың бұзылу фактілері болуда. Карантин режиміне қарамастан облыс аймағында көп адам жинап, ас беру, үй жағдайында той, беташар өткізу байқалады. Карантин кезеңінде анықталған құқық бұзушылықтарды анықтап, тиісті шаралар қабылдау керек. Баршаңызға белгілі 25 шілде күні 82 жасында белгілі академик Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев өмірден озды. Сонда, ағайын-туыстарына соңғы өсиеті – көпшілік бір жерге шоғырланбасын, ауруды жұқтыру қауіпі болмасын деп қоштасу рәсімін бір жылдан кейін өткізу болған. Халық арасында осындай сана қалыптасу керек», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Ағымдағы жылдың 5 шілдесінен бастап әкімдік, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау, полиция департаменттері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен еріктілерден құрылған 24 мобильдік мониторингтік топ жасақталды.

Мобильдік топтар карантиндік режимді бұзу жөнінде 228 дерек анықтап, материалдарын шешім қабылдау үшін аумақтық санитарлық дәрігерлерге жіберді. Полиция қызметкерлері тарапынан 337 құқықбұзушылық анықталған. Ең көбі – Қызылорда қаласы мен Шиелі ауданыда.

Соңғы аптада аймақтағы эпидемиологиялық ахуал тұрақтанып келеді. Дегенмен облыс әкімі қоғамдық орындарда, азаматтар көп шоғырланатын жерлерде міндетті түрде медициналық бетперде тағып, қарапайым гигиеналық нормаларға жіті мән беру керектігін ескертті.

Сонымен қатар, өңір басшысы облыстық полиция департаментіне жасөспірімдер қылмысы, оларға қатысты құқықбұзушылықтар, шомылу кезіндегі жазатайым оқиғалар және тұрмыстық зорлы-зомбылық фактілеріне аса назар аударуды тапсырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: