HALYQLINE.KZ Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық «Qyzylorda» телеарнасына сұхбат берді. Аймақ басшысы пандемиядағы кәсіпкерліктің даму қарқынына тоқталды.
– Карантин уақытында шағын және орта бизнес субъектілері зардап шеккені барлығына айқын. Алайда мемлекет тарапынан дер кезінде көрсетілген қолдау шараларының арқасында тығырықтан шығып, құлдыраудың алдын алды. Оған қоса, «Ауыл Ел бесігі», «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламалары да жұмыссыздықты шарықтатпаудың бірден-бір жолы болды.
Одан бөлек, облысымызда 492 шақырым автожолдар мен көшелер жөндеуден өтіп, 2 көпір, 408 пәтерлік 39 көпқабатты тұрғын үй, 13 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді.
2023 жылға дейінгі өңірдің экономикалық дамуының Картасы қабылданды. Оның аясында облыстың кәсіпкерлік субъектілерімен жүйелі жұмыстар жүргізу нәтижесінде қазірдің өзінде өңірде шұжық өнімдерінің 16 түрі, бұқтырылған консервілер, макарон өнімдері, бал өнімдері шығарыла бастады.
Осы жұмыстардың нәтижесінде 2020 жылға 230 млрд. теңге инвестициялар тарту көлемі асыра орындалып, өңірге 292 млрд. теңгенің инвестициялары тартылды.
Сондай ақ 591 мың шаршы метр тұрғын үйлерді пайдалануға беру жоспарланса, оның орнына 609 мың шаршы метр берілді, – деп жауап берді облыс әкімі журналист сауалына.
Айта кетейік, өңірде әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын қамтамасыз ету жоспары бар. Ағымдағы жылдың 3 айында әңдеуші өнеркәсіп өндірісі 9,7 пайызға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,7 пайызға, инвестициялар тарту 7,6 пайызға, құрылыс жұмыстары көлемі 44,0 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 2,5 пайызға артты.
Шағын және орта бизнес субъектілерінің жұмысында оң нәтиже бар, жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 6,1 пайызға артып, 49090 бірлікті құрайды.
Осы қарқынды одан әрі сақтай отырып, биыл 456 млрд.теңге инвестицияларын тартуды, 644 мың шаршы метр тұрғын үйлерді пайдалануға беруді, халықты ауыз сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділігін 98 пайызға, табиғи газға қолжетімділігін 68 пайызға жеткізу жоспарлануда.
Бұл жоспарларға қолданыстағы мемлекеттік бағадарламалар, өңірдің Даму бағдарламасы және ҚР Үкіметімен облыс әкімдігі арасындағы бекітілген Меморандум шеңберінде қол жеткізілетін болады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!