Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласындағы нысандарды аралап, демеушілер қолға алған жұмыстармен танысты.
Алдымен аймақ басшысы Тасбөгет кенті А. Иманов көшесіндегі №1 үйдің қасбетін сырлау жұмыстарымен танысты. Облыс орталығындағы ғимараттардың сыртқы келбетін әрлеп, безендіру мақсатында биыл демеушілер қолдауымен көпқабатты үйлердің қасбеті боялуда. Бұл – қала бейнесін, сәулетін жаңартуға, көркейтуге бағытталған қадам.
Еске салсақ, өткен жылы Қызылорда облысының 85 жылдығына және қала күніне орай шаһардағы 30-дан астам көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті заманауи панельмен жаңғыртылған еді. Бұл жұмыстар жергілікті демеушілердің, атап айтқанда қала құрылысшылары мен кәсіпкерлердің қолдауымен атқарылды. Биыл бұл игі бастама жалғасын таппақ.
Әрі қарай аймақ басшысы Ә.Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейінің қасбетін қаптау жұмыстарымен танысты. Осыдан 20 жыл бұрын салынған мектеп 624 орындық, мекемеде 286 педагог пен 51 қызметкер жұмыс істейді. Өткен жылы мектеп жанынан 550 оқушыға арналған қосымша ғимарат салынды.
Облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов аймақтағы күрделі жөндеуді қажет ететін мектептер жөнінде айтты. Биыл жергілікті бюджет есебінен 2,8 млрд теңгеге 7 мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өтеді. Оның ішінде, облыс орталығындағы №211, 212, 217, 222, 253 мектептер бар.
Мұнан әрі облыс әкімі №3 мектеп-лицейінің қасбетін қаптау жұмыстарын көрді. С.Толыбеков атындағы №3 ақпараттық технология мектеп-лицей ғимараты 2003 жылы бой көтерді, 750 орынға арналған, мұнда 183 ұстаз және 44 кіші қызметкер еңбек етуде. Өткен жылы бұл оқу ордасына да 375 орындық қосымша ғимарат салынды. Жаңа ғимаратта оқу кабинеттері, шығармашылық бөлмелер талапқа сай жасақталған. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына толық жағдай қарастырылған. Бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік жабдықтары орнатылған.
Айта кетейік, білім мазмұнын арттыру мақсатында мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтауға, бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін соңғы үлгідегі бейнекамералар алуға биыл жергілікті бюджеттен 1 млрд. 500 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Құрылғылар жаңа оқу жылына дейін білім беру ұйымдарына орналастырылады.
Облыс әкімі аппараты цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Сәбит Ибадулла Қызылорда қаласындағы бейнебақылау жүйелерін дамыту жобасын таныстырды. Қазір қала бойынша 272 бейнебақылау камерасы, 20 «Аркан» жылдамдық өлшегіш құралы мен 5 интеллектуалды қиылыс болса, жоба іске асқан соң 1400 камера, 19 интеллектуалды қиылыс пен 58 жылдамдық өлшегіш, сондай-ақ, 20 Sergek Qorgau мобильді жұмыс орны орнатылмақ. Бүгінде жобалық құжаттар сарапталуда, жүйе 2029 жылы толық пайдалануға берілмек. Бұл халық көп шоғырланатын орындардағы бақылауды күшейтеді, қоғамдық тәртіп және қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!