HALYQLINE.KZ Өңірдегі барлық аудандардың әлеуметтік-экономикалық даму барысын арнайы жиында талдаған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласының өзекті мәселелерін қарады. Жиынға мәслихат депутаттары, ардагерлер мен қоғамдық кеңес төрағалары және салалық басқарма басшылары қатысты.
Қала аумағы кеңейіп, жаңа мөлтек аудандардың салына бастауы тұрғын үйлерді салу, инфрақұрылым мәселелерін шешу, демалыс аймақтарының санын көбейтуді қажет етеді. Қала әкімі Асылбек Шәменов шаһарды дамытудың перспективалық жоспарларын тізбектеп, маңызды міндеттерге тоқталды. Жиында аймақ басшысы қаланың макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша 8-орынды алып, төмен даму динамикасын көрсеткенін атап өтті. Бұл ретте мұнай өнімдерін өңдеу көлемі 8,2 пайызға, химия өнеркәсібі 18,2 пайызға, құрылыс материалдарын өндіру 17 пайызға, машина мен жабдықтарды жөндеу және орнату 29,8 пайызға азайған.
Облыс әкімі республикадан тартылатын трансферттердің төмендеуі салдарынан қаржы көзі кеміп кеткенін, сондықтан да құрылыс нысандарын салу жұмыстарын күшейту қажеттігін баса айтты. Әсіресе, құрылыс материалдарын өзімізде шығару ісіне жеткілікті деңгейде мән беруді тапсырды. Жиында қала халқын жұмыспен қамту мәселесі де арнайы қаралды. Халық табысын арттырудың бірден бір жолы тұрғындарды жұмыспен қамту. Бұл ретте қалада жоспарланған 10673 жаңа жұмыс орынның бар болғаны 4445 немесе 41,6% ғана орындалған. Асылбек Шәменов кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында 4,3 млрд теңгені құрайтын 153 жоба қолдау тапқанын жеткізді.
Облыс әкімі қалада өндірістердің тым аздығы салдарынан кәсіпкерлікті дамыту аса қажет деді. Бұл ретте кәсіп ашуға ниетті азаматтарды қолдап, жұмыс орындарын құру керек. Сондай-ақ, шаһарға жаңа инвестиция көзін тауып, жаңа жобалар негізінде тұрақты жұмыс орындарын көбейтуді жүктеді. Аймақ басшысы азық-түлік қорын көбейту және баға тұрақтылығын бақылау жұмыстарын ішінара емес, ұдайы жүргізуді тапсырды. Байқоңыр әлеуметтік корпорациясымен бірге жұмысты оңтайлы үйлестіріп, қажетті талдау жүргізуді міндеттеді. Себебі әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік бағасының 17-ісінде өсім байқалған. Облыс әкімі қала аумағында бос жатқан жерлерді икемдеп, егін егу ісіне бейімі бар отбасыларға бөліп беру жұмыстары барлық аудан мен қалада белсенді жүргізілуі қажет екенін тағы бір еске салды. Мұнан бөлек, аймақ басшысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында да проблемалар барын ашып айтты. Игерілмей бос жатқан жерлерді кезекте тұрған азаматтарға үлестіру жұмысын жандандыруды тапсырды.
«Қаланың дамуы – менің тікелей бақылауымда. Мамыр айындағы сессиядан автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстарына, көшелерін жарықтандыруға, абаттандыруға, көркейту-көгалдандыру жұмыстарын жүргізуге және қала қонақтары мен тұрғындарының демалысын жайлы етуге бағытталған өзге де шараларға 4,8 млрд теңге қаржы бағыттадық. Бүгінгі күнге 1,4 млрд теңгенің 7 жобасы әлі басталмаған. Асылбек Өмірбекұлы, биыл аяқталуы қажет жобалардың барлығын мерзімінде әрі сапалы пайдалануға беріліп, түпкілікті нәтиже көрсетуді тапсырамын» – деді облыс әкімі7
Жиында әлеумет үшін аса өзекті мәселелер жан-жақты талданды. Әсіресе, жыл сайын көмірге қатысты алаңдаушылық пен кезектіліктен дүрбелең туындайды. Облыс әкімі көмір қоймаларында ұзын-соңар кезектің болмауын қатаң қолға алып, әлеуметтік нысандар мен жеке тұрғындарға отын қорының тапшылығын болдырмауды тапсырды. Яғни, 1 қазаннан бастап қоймалардағы тасымалдаушы көліктердің қозғалысын ретке келтіріп, қажет болса, патрульдік полиция бақылауын қоюды міндеттеді.
Облыс әкімі қаланың тазалық мәселесіне де арнайы тоқталды. Шаһардың мұнтаздай таза болуына тек жергілікті билік ғана емес, кәсіпкерлер, қоғам болып бірге атсалысу қажеттігін баса айтты. Бұл ретте мәслихат депутаттары да қала аумағын қоқыстан тазарту және көшелерді абаттандыру ісіне жеткілікті деңгейде мән беру керектігін жеткізді. Қызылорда қаласының кадрлық саясаты да кеңінен талқыланды. Облыс әкімі бір орында 10-15 жылдан бері қызметте отырған білім беру ұйымдарының басшыларын жұмысына талдау жүргізуді және қаланың қоғамдық-саяси ахуалға да ерекше назар аудару керектігін жеткізді. Сондай-ақ, қаладағы қылмыстылықты алдын алу үшін қала әкімдігі полиция басқармасымен кешенді шараларды қабылдау керектігі ескертілді. Мұнан бөлек, қоғамдық тәртіпті орнатуда қалаға қарасты ауылдық округтің әкімдері, полиция инспекторларының өзі сол ауылда тұруы тиіс екенін айтты. Бұл қағида барлық аудандар да талап етілмек. Жиын соңында өңір басшысы 9 айдың қорытындысымен қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері қайта қаралатынын қаперге салды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!