Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімі «ҚазАвтоЖол» мекемесінің басшысымен кездесті

01.02.2024, 9:30 445

HALYQLINE.KZ

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманшаевпен кездесті, деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Нұрлыбек Машбекұлы өңірде жол инфрақұрылымының дамуы басты назарда екенін, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауда бірлесіп жұмыс істеудің маңызын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы аймаққа жұмыс сапары кезінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Ақтөбе қаласына дейінгі аумағын І санатқа ауыстыру жөнінде тапсырма берді. Республикалық маңызы бар «Самара-Шымкент» автомобиль жолының 810 шақырымы облыс аумағында, Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейін – 566 шақырым. Бұл бағытта 5 аудан мен Байқоңыр қаласы, 119 елді мекен орналасқан. Жол-көлік оқиғалары жылдан-жылға көбейіп, зардап шеккендердің саны артуда. Өткен жылы 56 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 79 адам дене жарақатын алған, 40 адам қаза тапқан. Өңір халқы үшін аталған жобаның өмірлік маңызы бар. Оның іске асырылуы әлеуметтік-экономикалық дамуға септігін тигізеді. Мемлекет басшысының қолдауымен «Қызылорда-Жезқазған» республикалық маңызы бар автомобиль жолы қайта жаңғыртудан өтуде. Өткен жылы 104 шақырымы аяқталды, осы жылға межеленген жоспардың үдесінен шығуды қамтамасыз етуіміз қажет», – деді аймақ басшысы.

Өз кезегінде, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы аталған мәселелерге қолдау білдіріп, шешу жолдары қарастырылатынын жеткізді.

Қызылорда облысының аумағындағы автомобиль жолының ұзындығы – 3 418,5 шақырым. Оның 1 014,5 шақырымы – республикалық, 555 шақырымы – облыстық, 1 849 шақырымы – аудандық маңызы бар жол. Былтыр 38,5 млрд теңге бөлініп, 671 шақырым жол, көшелер және көпір өткелдері жөндеуден өтті. Нәтижесінде облыстағы жақсы жағдайдағы жолдың үлесі 87,5 пайызға жетті. Бүгінде 230 шақырым жолды жөндеуге және жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға республикалық және жергілікті бюджеттен 26,1 млрд теңге қаралуда. Айта кетейік, 2024 жылға облыстағы жол саласын дамыту үшін республикалық бюджетке 61,1 млрд теңгенің 101 жобасы ұсынылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: