Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімі кезектілік ретімен жазылған азаматтардың мәселесін қарады

10.09.2022, 12:00 291

HALYQLINE.KZ Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кезектілік тәртібімен жазылған азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Қабылдауға 10 азамат келіп, өз мәселесін жеткізді. Басым бөлігі әлеуметтік салаға қатысты. Қаланың шеткері аймағында тұратын І топ мүгедектігі бар азаматша үйіндегі газ пешінің жарамсыз болуынан тұрғын үйінің салқын, тұруға мүмкіншілігі болмайтынын жеткізіп, жаңадан газ пешін алуға ықпал етуді сұрады. Сондай-ақ, балалар ойнайтын алаңның жоқтығын тілге тиек етті.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев алда жылу маусымы басталатындығын ескеріп, қала әкіміне демеушілерді ұйымдастыра отырып, пеш қондырғысын алуды тапсырды. Ал, биыл қалада 50-ге тарта балалар ойын алаңы салынуда. Сондықтан шеткері аймақтарды да қамту мәселесі қаралатынын жеткізді.

Жалғызбасты 67 жастағы қала тұрғыны Евгения Настас тұрғын үйін жөндеуге көмек сұрады. Себебі жұмыссыз ретінде зейнетке шыққан ол небәрі 27 мың теңге зейнетақы алады. Мұндай қаржының жетпейтінін алға тартты. Жағдайды саралаған аймақ басшысы қала әкіміне үйді көріп, қайырымдылық қорлары есебінен көмек беруді үйлестіру қажет деді.

Бейбітшілік көшесі тұрғындары атынан келген Маржангүл есімді азаматша тұрғын үйін абаттандыру, жертөлені жөндеу өзекті мәселе екенін айтып, жылу, электр желілерінің жағдайына мән беруді сұрады. Нұрлыбек Нәлібаев қала әкіміне мәселені пысықтап, тиісті деңгейде жұмыстарды қолға алуды тапсырды. Сондай-ақ, қала тұрғыны Индира Турбашова сол жағалаудағы өзі тұратын тұрғын үйдің жертөлесінен жағымсыз иіс шығып,  қолқаны қабатынын мәселе етіп көтерді. Өңір басшысы қала әкіміне тиісті тапсырма беріп, мәселені шешу жолын қарастыруды міндеттеді.

Қабылдауда жұмысқа орналастыру, жер телімін алу, баласының денсаулық жағдайына қатысты тегін ем алу проблемалары көтерілді. Облыс әкімі әрбір мәселені мұқият қарап, заң аясында пысықтау қажет екенін айтты.

Қазақтың ұлттық киімдерін тігетін 35 жастағы жалғызбасты ана Жәудір Ахметова кәсібін кеңейту үшін бос тұрғын ғимараттарды алуға көмек сұрады. Өз кезегінде аймақ басшысы кәсібін жандандыруға ниетті азаматтарды қолдау қажет екенін тілге тиек етіп, жауапты басқарма басшысының орынбасарына заң аясында талдау жүргізіп, нақты ұсыныс енгізуді жүктеді. Сондай-ақ, қайтарымсыз грант алған азаматтардың жұмысына бақылау жүргізіп, олардың кәсібінің орта жолдан тоқтап қалмауын қадағалауды тапсырды.

Осы уақытқа дейін аймақ басшысы 18 жеке қабылдау өткізіп, 155 азаматтың мәселесін саралады. Көтерілген әрбір мәселе әртүрлі шешімді қажет етеді. Әкімнің қабылдау барысында айтылған тапсырмалары белгіленген мерзімде орындалады. Мәселелер әкімнің тұрақты бақылауында. 

Айта кетейік, облыс әкіміне жазылу үшін азаматтар egov.kz порталы арқылы, е-otinish бірыңғай базасы мен жазбаша нысанда әкімдікке келіп өтініш тастай алады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: