HALYQLINE.KZ Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен азық-түлік емес тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша кеңейтілген отырыс өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, тиісті салалық басқарма мен департамент басшылары және онлайн режимде қала, аудан әкімдері қатысты.
Жиынның күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Атап айтқанда, облыстағы тұтыну бағасының индексі, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен азық-түлік емес тауарлардың бағаларын ұстап тұруға бағытталған шараларды саралау.
Алдымен облыс бойынша статистика департаментінің басшысы Мәриям Баекеева атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, нақты көрсеткіштерге тоқталды.
Облыста тұтыну бағаларының индексі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 106,8% құрады. Азық-түлік тауарларына бағалар – 8,3%, азық-түлік емес тауарларына – 6,7%, халыққа арналған ақылы көрсетілетін қызметтер – 4,9%-ға өскен.
Отырыс барысында аймақ басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметке және Ұлттық банкке инфляцияны 8,5 пайыз деңгейінде ұстап тұру тапсырмасына сәйкес өңірдегі көрсеткішті осы межеге жеткізу керектігін тілге тиек етіп, жауапты сала басшыларына бірқатар міндеттемелер жүктеді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев негізгі азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мәселесіндегі басты басымдықтарды атады.
Аймақта бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін облыстың тұрақтандыру қорынан тауарлық интервенциялар жүргізу механизмі қолға алынған. Нәтижесінде, тұрақтандыру қорында 189,1 млн. теңгенің 1161,4 тонна тауарлары сақталып отыр. Ал, 19 әлеуметтік маңызы бар өнімдері бойынша үш айлық қажеттілік 68,3 мың тоннаны құраса оның жеткізілуі 59,2 мың тоннаны құрады. Осы қажетті өнім көлемін облыс бойынша қамтамасыз ету үшін «Байқоңыр» ӘКК» АҚ арқылы 1685,4 тонна әлеуметтік маңызы бар өнімдерді жеткізу бойынша келісім алынса, 1900 тонна өнімді мемлекеттік сатып алу арқылы жүргізу жоспарланды.
Өңірде азық-түлік бағаларына деген қолжетімділікті арттыру үшін жәрмеңкелер ұйымдастыру қолға алынды. Жыл басынан бері тұрғындар үшін тұрақты түрде 35 рет ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді.
Талғат Тұрсынұлы бекітілген шекті мәннен бөлшек сауда бағасы 15%-дан жоғарылаған өнімдерге шекті бағаларды облыс әкімдігімен бекіту жөнінде 2021 жылдың 6 қыркүйегінде шешім ұсынып, қаулы жобасын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілгенін тілге тиек етті. Мәселен, күнбағыс майын 781 теңге, пиязды 106 теңге, сәбізді 221 теңге, картопты 158 теңде және қантты 286 теңге көлемінде бекіту мәселесін қарау ұсынылды.
Жиын барысында облыс әкімі азық-түлік бағасының өсуі халықты алаңдатып отырған өзекті мәселе екенін назарға салып, қала және аудан әкімдеріне нанның орташа бағасын 90 теңгеден асырмау қажет екенін қаперге салды. Бұл бағытта тиісті мониторинг жұмыстары ұдайы түрде жүргізілмек.
«Қазіргі уақытта халықты өте алаңдатып отырған өзекті мәселе – азық-түлік бағасының өсуі. Мұны реттеу мақсатында әр аптаның сенбі күндері Премьер-министр Асқар Ұзақбайұлы Маминнің төрағалығымен мәжілістер өткізілуде. Жыл болса аяқталып қалды, желтоқсан айындағы мерекелер қарсаңында әдеттегідей сауда-саттық көлемі ұлғайып, әсіресе азық-түлік бағаларының өсу қаупі болады. Сондықтан осы мәселелердің алдын-алу шараларын қарастыруымыз қажет.
Үкіметтің тапсырмасына сәйкес азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссияның құрылғанына 1 айдан астам уақыт өтті. Дегенмен комиссия аясында жүктелген міндеттер бүгінге дейін орындалмай отыр. Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері тиісті жұмыстарды апта соңына дейін аяқтап, ақпаратты ауыл шаруашылығы басқармасына жолдасын. Жауапты басқарма басшысы бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментіне жинақталған ақпаратты жолдап, нәтижесін маған баяндайды. Ал, Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті азық-түлік тауарларының бағаларына талдау жүргізіп, нәтижесімен, заң бұзушылық анықталған жағдайда Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктеріне ұсыныс енгізуі қажет. Жұмыс та, абырой да ортақ, сондықтан бұл жерде бірлескен жұмыс қажет», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Жиында қаралған үшінші мәселе бойынша облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов азық-түлік емес тауарларының бағасына қатысты негізгі көрсеткіштерді тізбеледі.
Биыл азық-түлік емес тауарлардың бағасы өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 6,7 пайызға өсті. Тұрмыстық, құрылыс тауарларына қарағанда өсім жанар-жағармай бағасында байқалуда.
Аймақ басшысы азық-түлік емес тауарлардың бағалары да жалпы инфляцияға үлкен әсерін ететінін атап өтті. Мәселен, өткен жылғы пандемия кезіндегі карантиндік шаралар уақытша сауда-экономикалық байланыстардың үзілуіне әкеліп, тауар, шикізаттардың тапшылығының салдарынан республикалық нарықта негізсіз баға көтерілуіне әкелді. Әсіресе, жанар-жағармай бағасының өсуі мен тапшылығына байланысты халық арасында шағымданушылар көп. Осы ретте аймақ басшысы энергетика басқармасының басшысына басты өзгерістерге сай тұрғындарға қажетті түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет екендігін тапсырды.
Облыста ақылы қызмет көрсету бағаларында да өсім байқалады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда комплекстік демалысты ұйымдастыру 31,4 пайызға, жолаушылардың әуе тасымалы 17,5 пайызға, пошталық қызмет 12,5 пайызға өскен. Дегенмен тауарлардың бағасына делдалдардың қызметі кері әсерін тигізуде. Осыған байланысты облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова азық-түлік емес тауарлар бағасын реттеу бойынша делдалдық схемаларды тексеру қажеттігін атап өтті.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі тамақ өнімдеріне қатысты әсіресе халық жиі тұтынатын 19 түрлі тауарлар бағасының шекті бағадан асып кетпеуі үшін бақылауды күшейтіп, күн сайын мониторинг жүргізуді міндеттеп, нақты тапсырмалар берді.
Облыс көлемінде азық-түлік қорларын қалыптастыруды және тұрақтандыру қорының және айналым схемасы арқылы заем беру арқылы бағаны тұрақтандыру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларына талдау жүргізіп, заң бұзушылық анықталған жағдайда қала және аудан әкімдіктеріне тиісті шараларды қабылдау тапсырылды. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың сауда үстемесі 15 пайыздан асырмауын қамтамасыз етіп, бағаны тұрақтандыру үшін қосымша қаржы бөлу мүмкіндіктерін қарастыру жүктелді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!