Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімі еңбек ардагерін 80 жас мерейтойымен құттықтады

20.01.2021, 13:00 1543

HALYQLINE.KZ  Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова еңбек ардагері, Социалистік Еңбек Ері Арапбек Әбиевпен кездесіп, 80 жас мерейтойымен құттықтады.

– Сыр өлкесінде еліміз үшін аянбай еңбек етіп, өзінің адалдығымен, парасаттылығымен ел аузында жүрген, ауыз толтырып айтарлық азаматтарымыз баршылық. Осы азаматтарымызға лайықты құрмет көрсетіп, ғибратты ғұмырын басқаларға үлгі, жастарға өнеге ету біздің басты мақсатымыз. Осындай азаматтарымыздың бірі де бірегейі – Әбиев Арапбек Әбиұлы ағамыз биыл мерейлі 80 жасқа толып отыр. Сізді Сыр өңірі жұртшылығының атынан мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз!, – деді облыс әкімі.

Арапбек Әбиев 1941 жылғы 9 қаңтарда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Жаңақорғандағы №17 кәсіптік-техникалық училищені бітіріп, дала академигі атанған күрішші Ыбырай Жақаевтың мектебінен өткен.

1968-1977 жылдары күріш звеносының жетекшісі, 1978-1994 жылдары күріш бригадасын басқарды, 1994-1997 жылдары кеңшар директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары болды. Алғашқы жылдан бастап күріштен мол өнім жинап, озат диқан атанды.

Ауылшаруашылығы саласының дамуына ерекше үлес қосып, «Социалистік Еңбек Ері» атағын алды. Екі мәрте «Ленин орденімен», «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, Бүкілодақтық ауыл шаруашылық жетістіктері көрмесінің күміс және алтын медальдарымен марапатталды.

Сондай-ақ, «Қазақ КСР ауыл шаруашылығының еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атағына, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасына ие болған. Қазір Республикалық дәрежедегі зейнеткер.

Шарада аймақ басшысы мерейтой иесіне Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуына сіңірген еңбегі үшін облыстың ең жоғары наградасы – Қызылорда облысының «Құрмет грамотасын» табыстап, халқымыздың игі дәстүрі бойынша иығына шапан жапты.

Сонымен қатар облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев Социалистік Еңбек Ерін мерейтойымен құттықтап, лебізін жеткізді.

– Арапбек Әбиұлының тәжірибесі, ақыл-кеңесі қазіргі жастар үшін аса қымбат. Еңбек жолында жоғары марапттарға ие болдыңыз. Бүгінгі 80 жасқа толған мерейтойыңыз құтты болсын! Отбасыңыз аман, ғұмырыңыз ұзақ болсын, – деді Серік Дүйсенбаев.

Шара соңында мерейтой иесі Арапбек Әбиев көрсетілген құрметке ризашылығын білдірді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: