Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімі бірқатар мекемелерде болды

19.04.2020, 17:23 564

HALYQLINE.KZ –| Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Қызылорда электр тарату тораптары» АҚ компаниясында болды. Кәсіпорынның атқарып отырған қызметі және теңгеріміндегі 9 834,74 шақырым электр желісі мен қосалқы 1812 станцияның жай-күйімен танысты.

Г.Әбдіқалықова облыс бойынша 70 проценті ескірген электр желілері мен станцияларды жөндеу мәселесіне баса назар аударды. Биыл жүзеге асырылатын қайта қалпына келтіру жұмыстарына облыстық бюджеттен 166 млн теңге қаралған. Жоспар бойынша аймақта 52,69 шақырым электр желісі мен қосалқы 14 станция жаңалануы тиіс.

«2020-2021 жылғы жылу беру маусымына дейін ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Қазіргі таңда облыстың электр энергиясын тұтыну көлемі 98 МВт құрап отыр. Оның 62,3 МВт (63,6%) сыртқы энергия көздерінен, 35,7 МВт (36,4%) «Қызылорда жылуэлектрорталығы» МКК мен «СКЗ-U» ЖШС өндіріледі», – деді «Қызылорда электр тарату тораптары» АҚ компаниясының басқарма төрағасы М.Кәрімбаев.

Г.Әбдіқалықова 1964 жылы пайдалануға берілген «Қызылорда жылу электр орталығы» мекемесінде де болды. Қызылорда қаласын жылу және электр қуатымен қамтамасыз ететін негізгі кәсіпорын жылу беру маусымын аяқтап, келесі жылу беру маусымына дайындықты бастап кетті. Аймақ басшысына 2019-2020 жылдардағы жылу беру маусымының тұрақты түрде өткені және жаз айларында ағымдағы жөндеу жұмыстарының жүргізілетіні айтылды. Сондай-ақ, кәсіпорынның халықаралық қаржы институттарынан алған несие көлемі жөнінде ақпарат берілді.

«Кәсіпорын 2014 жылдың 18 желтоқсанында «Қызылорда қаласының жылумен жабдықтау жүйесін салу және реконструкциялау» жобасын іске асыру мақсатында Еуропалық Қайта Құру және даму банкімен жалпы құны 37,3 млн АҚШ долларына тең кредиттік шарт жасасты. Жеңілдік кезеңі 3 жыл деп белгіленді. Несиені қайтару кезеңі басталып кетті. 2027 жылға дейін қарызды толық өтеуіміз керек», – деді «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК-ның директоры Р.Нұрмағанбетов.

Кәсіпорынның №1 газотурбиналық қондырғысын күрделі жөндеу жоспарланып отыр. Ол үшін облыстық бюджеттен 599 млн тг бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Нысандарды аралау қорытындысында, аймақ басшысы жөндеу, қайта қалпына келтіру жұмыстары кестеден кешікпей орындалып, бөлінген қаражат уақтылы әрі үнемді игерілуі қажеттігін тапсырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: