HALYQLINE.KZ Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым акдемиясының корреспондент мүшесі Досмамбетов Бақберген Сәрсенұлын мерейлі 75 жасқа толуымен құттықтап, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтау хатын табыстады.
«Сізді Сыр жұртшылығы атынан мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сыр өңірінің білім саласын дамытуда еңбегіңіз зор. Халықаралық заңдарды, конвенцияларды ратификациялауда белсенділік танытып, саяси-экономикалық реформаларды, Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын нығайтып, дамытуға бағытталған мемлекеттік саясатты сәтті жүзеге асыра білдіңіз. Сіздердің тәжірибелеріңіз, ақыл-кеңестеріңіз қазіргі жастар үшін аса қымбат», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Сонымен қатар, кездесуде облыстық мәслихат хатшысы Қылышбай Бисенов, Республикалық «Тіл сақшысы» газетінің бас редакторы Сәдуақас Аңсат мерейтой иесін құттықтап, лебіздерін жеткізді.
Бақберген Досмамбетов еңбек жолын темір жол саласында қатардағы жұмысшыдан бастап, кейін сол кездегі Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының комсомол комитетінің хатшысы, оқытушысы, аға оқытушысы, кафедра меңгерушісі, проректоры, ректоры қызметтерін абыроймен атқарып, Сыр өңірінің білім саласының дамуына үлесін қосты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қызылорда қаласының әкімі болып тағайындалып, ауқымды ірі жобаларды жүзеге асырды.
1999-2011 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының екі шақырылымында да депутат болып сайланып, қаржы және бюджет комитетінің хатшысы қызметін атқарды.
Мемлекет және қоғам қайраткері 2 ғылым докторы және 10-ға жуық ғылым кандидатын тәрбиелеп шығарған ұстаз-ғалым. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен және де түрлі дәрежедегі медальдармен марапатталған.
Бақберген Досмамбетов қаламыздағы «Болашақ» университетінің негізін қалап, Сыр өңірінің жастарына үздіксіз кәсіби білім беруді ұйымдастырып келеді.
Кездесу соңында мерейтой иесі көрсетілген құрметке алғысын жеткізді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!