Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Reinke Manufacturing Co., Inc. компаниясының вице-президенті Филип Джарвиспен кездесті. Кездесуде өңірге инвестиция тарту мәселесі талқыланды.
«Біз Reinke Manufacturing Co., Inc компаниясының ауыл шаруашылығына арналған ирригациялық жабдықтар мен механикалық суару жүйелерін өндіруге маманданғанын жақсы білеміз. Осыған орай, ирригациялық жабдықтар өндірісін біздің өңірде локализация жасау мәселесі қызықтырады.
«Харвест» компаниясы біздің аймақта 23 мың гектарға жуық суармалы жерді игеруде ауқымды жұмысты бастап кетті. Бұл жобаның алғашқы кезеңінің өзіне кемінде 450 бірлік суармалы жүйе қажет. Екінші кезеңінде 35 мың гектар алқапқа 700 бірлік суармалы жүйе қолдану көзделуде.
Біз өндірістік қуатты тікелей негізгі тұтынушы орналасқан аймаққа шоғырландыруды ең тиімді стратегия деп санаймыз. Себебі, бұл габаритті емес конструкцияларды тасымалдау шығынын жойып, сервистік қызмет көрсету жеделдігін қамтамасыз етеді.
Жоғарыда айтылған факторларды ескере келе, Сізден осы жобаны орналастыру үшін біздің өңірді қолайлы әрі болашағы зор инвестициялық алаң ретінде қарастыруға шақырамыз. Өз тарапымыздан жобаны іске асырудың әр кезеңінде мүдделі инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге және кешенді сүйемелдеуге кепілдік береміз», – деді аймақ басшысы.
Бүгінде өңірде қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Соңғы үш жылда аймақ экономикасына 4 млрд. АҚШ долларына жуық, былтыр 1 млрд. 600 млн. АҚШ долларынан астам инвестиция, 9 айдың қорытындысымен 205 млн. АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды.
Экономиканы әртараптандыру мақсатында 2026-2029 жылдары аймақта 3 млрд. 400 млн. АҚШ долларға 48 инвестициялық жоба іске асырылып, 10308 жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл 183 млн. АҚШ доллардың 21 жобасын іске қосу жоспарлануда.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!