Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Нұрлыбек Нәлібаев «Қызылжарма» каналы мен Сағымбаев көшесін жаңғырту жұмысын көрді

14.02.2026, 21:49 50

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Қызылжарма» каналын науамен жабдықтау және жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Алдымен жабдықтау жобасын көрді. Қолданыстағы «Қызылжарма» каналы 1957 жылы салынған. Ұзындығы – 13 800 метр, ені – 11 метр, техникалық жағдайы айтарлықтай тозған. Су ресурстарын тиімді пайдалану және үнемдеу үшін каналды қайта жаңғыртып, заманауи талаптарға сай науамен жабдықтау қажеттілігі туындады.

Осы бағытта жоба әзірленіп, ол іске асқанда «КБИ», «Коммунизм», «Шанхай», «Гагарин» шағын аудандары мен «Қызылжарма» ауылдық округінде тұратын шамамен 48 мыңға жуық тұрғын сапалы аяқ сумен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, мал шаруашылығын дамытуға, бау-бақша және жеміс-жидек егуге, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға оң әсерін тигізеді.

Суару маусымында каналдан шамамен 9,3 млн текше метр су жіберіледі. Науа қойылған соң су шығыны шамамен 50 пайызға қысқарады.

Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын «Бақ-Береке 2030» серіктестігі бастады. Келісімшартқа сәйкес жобаны іске асыру мерзімі – 14 ай.

Жоба бойынша 9 488 метр науа орнатылып, 34,3 гектар аумақ тазаланып, монолитті темірбетон конструкциялары тұрғызылады. Сонымен қатар, 10 тіреу-бөгеттеу құрылғысы, 2 құбырлы өткел, жаяу жүргіншілер көпірлері, диаметрі 200 мм-лік 87 су шығару құрылғысы орнатылады. Оған қоса 56 400 шаршы метр кеспетас төселіп, 126 орындық пен қоқыс жәшігін қою жоспарланған.

Әрі қарай аймақ басшысы «Сағымбаев көшесін Торайғыров көшесінен «Қызылорда – Құмкөл» автожолына дейін қайта жаңғырту» жобасын жүзеге асыру барысын көрді. Мұнда 2,1 шақырымдық төрт жолақты жаңа автомобиль жолы салынуда.

Мердігер мекеме «Қыран», техникалық қадағалаушы «СК Энерго Ойл», авторлық қадағалаушы «Проинсет» серіктестіктері. Жобаның келісімшарт құны 1 673 132,0 мың теңге, ол бойынша жаяу жүргіншілер жолы салынып, заманауи жарық шамдары орнатылады. Бұл жол қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: