Шыны керек, қазір әртүрлі деңгейдегі депутаттыққа кандидаттардың үгіт-насихат жұмысы жүргізіліп, сайлауалды бағдарламасы мен өмірбаяны жер-жерде ілініп, БАҚ беттерінде және әлеуметтік желілерде жарияланып жатыр. Жазулар анық-қанық берілгенімен, кейбіреулер аудандық, қалалық, облыстық және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарды (партиялық, бірмандаттық) толық ажырата алмай жатқандай. Олай деуге себеп, «кандидаттар көбейіп кеткен бе, сонда қалай дауыс береміз, бұл қандай сайлау өзі, сайлауда неше бюллетеньді белгілейміз?» деген сияқты сұрақтар ел ішінде жиі-жиі қойылып жүр. Ендеше, шамамыз келгенше жауап беріп көрейік.
Алдымен артқа шегініс жасайық. 19 қаңтарда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жетінші шақырылымдағы Мәжілісті тарату және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын 2023 жылғы 19 наурызға тағайындау туралы шешім қабылдаған болатын.
Президент Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізуді, ұйымдастыруды тапсырды. Барлық облыс әкіміне де дайындық туралы ескертті.
Сайлауға дейін әр адам әуелі қайдан дауыс беретінін біліп алғаны жөн. Ол өте оңай. Жалпы, сайлау тақырыбындағы кез келген ақпарат ашық әрі қолжетімді болуы үшін Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасымен https://saylau.orda.gov.kz платформасы жетілдірілді.
Мамандар әр аудан, әр ауылдағы сайлау округтері мен учаскелердің орналасқан орнын картамен белгілеп, GPS навигатор арқылы оған қалай баруға болатынын да тайға таңба басқандай еткен.
Сайт арқылы 7 аудан және қаладағы округтердің нөмірі, байланыс деректері мен оларға тиесілі шекаралар анық көрсетілген.
Платформадан кез келген азамат ЖСН-ін теру арқылы өз учаскесін оп-оңай тауып алады. Телеграм желісінде https://t.me/sailau_kzoBot бот жұмыс істесе, smart qyzylorda мобильді қосымшасы да бар. Одан қалды 24/7 режимде жұмыс істейтін тегін 109 call орталығы сайлауға қатысты сауалға жауап беруге әзір.
Сайлауға барғанда қолыңызға 5 бюллетень беріледі. Әрқайсысы әртүрлі түспен ерекшеленеді, ол шатасып кетпеу үшін жасалған. Әрі санауға да ыңғайлы.
Көк түс – ҚР Парламенті Мәжілісінің партиялық тізімдер бойынша сайланатын депутаттарын сайлауға арналған бюллетень.
Жасыл түс – ҚР Парламенті Мәжілісінің бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын депутаттарын сайлауға арналған бюллетень.
Қызылкүрең түс – облыстық мәслихаттың партиялық тізімдеріне арналған бюллетень.
Қызғылт сары түс – бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын мәслихат депутаттарын сайлауға арналған бюллетень.
Сұр түс – қала, аудандық мәслихаттарының бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын депутаттарын сайлауға арналған бюллетень.
Сондай-ақ, бұл жолы бюллетеньде «бәріне қарсымын» деген белгі бар.
Мәжіліс сайлауында 12 миллиондай қазақстандық өз таңдауын жасай алатынын туралы ақпарат шықты. Орталық сайлау комиссиясы өткен жылдың 1 шілдесі мен биылғы 1 қаңтар аралығындағы жағдай бойынша дауыс беру құқы бар азаматтардың тізімін жасаған. Сайлаушылардың басым бөлігі Түркістан облысынан болса, ең азы Ұлытау өңірінде тіркеліп отыр.
«Сайлау емес, санау маңызды» дейді. Яғни, дауыс ұрлағанға заң бар, жаза бар екенін бәрі жақсы біледі, біле тұра сол қадамға барады, барғызады. Бұрынғыдай емес, қазір көп жайт тұтқиылдан таспалануы мүмкін. Сондықтан, бақылаушылар өз жұмысын әділ атқарып, дауыс ұрланбай, әділ сайлау өтсе деген ойымыз бар.
Рыскелді ЖАХМАН
Сайлау жайлы бірер сөз…
Үгіт кезеңі басталған уақыттан бері кандидаттар мен журналист, блогерлер тарапынан түрлі сауалдар жолдануда. Әсіресе, «әлеуметтік желіде жазған посттарымыз үгітке қайшы келмей ме?» деген сауалы бар әріптестерге түсіндірме жазба арнауды дұрыс көрдік.
ü Журналист, блогерлерге кандидаттар туралы қандай да бір сауалнама жүргізуге тыйым салынады. Қандай да бір кандидатқа немесе партияға артықшылық көрсетуге құқығы жоқ.
ü Тек өтінім қалдырған БАҚ пен блогерлер үгіт-насихатты жүргізуге құқығы бар.
ü Кандидаттың сенімді өкілі ретінде өтінім қалдырған азамат өз кандидатына, тек өз парақшасында ғана үгіт жүргізе алады. Мұнда да өзге кандидатпен салыстыруға немесе оның іскерлік беделіне нұқсан келетін мәтін жазуға жол берілмейді.
ü Өтінім қалдырған кез келген желі қолданушысы кандидаттың тікелей сайлау бағдарламасына бағытталған емес, үміткердің адами болмысы, іскерлік қабілеті туралы жаза алады. Бастысы үгіт сипатында болмауы керек.
ü Кандидат өз парақшасына оқырман жинау үшін таргет жасаған жағдайда міндетті түрде SMM маманымен келісімшарт жасап, құны сайлау қорынан төлеуі тиіс. Яғни, тегін қызмет көрсетілмейді.
ü Мобилиография, сапалы видеоконтент түсірген жағдайда кандидат міндетті түрде қызмет көрсетушімен келісімшарт негізінде жұмыс жүргізуі қажет.
ü Кандидаттың сайлауалды бағдарламасы, халықпен кездесулері мен түрлі акциялары туралы түсірілген сапалы видеолары таңбалау арқылы (маркировкамен) шығуы керек.
ü Үгіт жүргізу үшін Мәжіліске бірмандаттық округ бойынша тіркелген кандидатқа республикалық бюджет есебінен аумақтық сайлау комиссиялары арқылы 950 мың теңге, облыстық мәслихатқа 550 мың теңге, қалалық және аудандық мәслихат кандидатына 350 мың теңге қаржы бөлінеді.
Абай ТАҒЫБЕРГЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!