Ресей билігі таразыда теңселіп тұр. Өздеріңіз байқағандай, Александр Навальный деген азаматтың жақтастары оның бас бостандығы үшін шыр-пыр болып, мемлекетті басына көтерді. Ресейдің бірнеше қаласында болған оқиғаға мына жағдай себеп болған. Әлқисса…
Александр Навальный – оппозициялық саясаткер. Негізгі мамандығы – экономист, одан кейінгі білімі – заңгерлік. Сол заңгер мамандығын оқығаннан кейін адвокат болып жұмыс істейді. Қылмысты ашу барысында заңсыз әрекетке барғаны үшін адвокаттық статусынан айырылады. Әділетсіздікке жаны қас ресейлік бірнеше қоғамдық ұйымдар, бірлестіктер құра жүріп, құқығы табанға тапталған азаматтардың сөзін сөйлеген. Билікті аяусыз сынап, жемқор Үкіметті темірдей тәртіпке салуды мақсат етеді. Халықты Кремльдің илеуіне көнбеуге шақырады. Билік өз дегеніне бағындыра алмаған соң, оны былтыр тамызда «Новичок» уымен улайды. Сөйтіп ес-түссіз күйде Германияға жеткізілген ол сонда ұзақ уақыт емделіп, еліне қайтады. Міне, осы тұсты қалт жібермеген Ресей билігі оны 17 қаңтар күні әуежайдан кейінгі аялдамасы түрмеге тоғытады.
Жемқор биліктің бетпердесін сыпырған Навальныйдың артындағы үлкен күші, ол – халық. Ресейдің бірнеше қаласы Навальныйды босатуды талап етіп, халықтың басым көпшілігі көшеге шықты. Сарапшылардың айтуынша, шеруге шыққандардың қатарында жастардың үлес салмағы басым көрінеді. Үскірік аяз бен биліктің қысымына қарамаған орыстардың бас көтеруі олардың билікке жасаған ескертпесі болды.
Алғашқы қарсылық таныту Қиыр Шығыс пен Сібірде өткен. Хабаровск, Владивосток және басқа қалаларда күннің суықтығына және қауіпсіздіктің күшейтілгеніне сыр бермей, жүздеген адам көшеге шыққан. Полиция белсенділігіне бақылау жасап отыратын «ОВД-инфо» тобының мәліметі бойынша, полицейлер ұсталғандардың кейбірін ұрып жатыр деген де ақпарат бар. Ақпараттық агенттіктердің мәліметінше, Владивостокта түсірілген видеода арнайы киім киіп, резеңке шоқпар ұстаған полицейлер наразыларды күшпен таратуға тырысып жатқаны байқалады. Қатты желге және ауа райының 50 градусқа дейін суытқанына қарамастан, Қиыр Шығыстағы Якутск қаласында да жұрт наразылық шарасын өткізген.
Жоғарыда атап өткен «ОВД-инфо» тобының мәліметінше, Мәскеу мен Санкт-Петербургтегі жиындар басталмас бұрын Ресейдің 30 қаласында өткен шерулерден 250-ге жуық адам ұсталған. Хабаровскідегі полицейлер ұсталғандардың кейбірін ұрып-соққан.
Жемқорлықты аяусыз әшкерелеген Навальный бір кездері Президенттікке кандидатурасын да ұсынған. Алайда бұрын сотты болғанын назарға алып, оны билік өз айналасына жақындатқысы келмеді. Десе де көршілеріміз «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» деген ұранмен Навальныйды орта жолда қалдырмады.
Қарсы шығып, көзі танысын-танымасын билікті сынның астына алып жатқандар жетерлік. Неге Навальныйдың соңынан сонша адам ерді дейсіз ғой. Бұл сұрақтың жауабын табу үшін сіз «Дворец для Путина» фильмін бастан-аяқ көріп шықсаңыз жеткілікті. Екі сағатқа созылған фильмде Навальный Путинді қаралап, аузын көпіртпейді. Тек факті. Барлық сандарды, барлық көрсеткіштерді, барлық ауыз жаласуды, барлық қитұрқы саясатты, Ресейдің тойымсыз «патшаларын» көз алдыңызға әкеледі. Көріп отырып, сенбеске амалыңыз қалмайды.
Ресей билігі Навальныйдан қорқады. Тығырыққа тірелмесе, бір Навальныйдың жырымен әуре-сарсаңға түспес еді. Егер Навальный тегеурінді, мықты болмаса, «Ит үрді, керуен көштімен» қолды бір-ақ сілтер еді. Сонымен қатар, Ресей халқымен бірге АҚШ, Ұлыбритания, Германия Ресейден даңқы тарап тұрған Александр батырды босатуды талап етіп отыр.
Навальныйдың фильмін көрсеңіз, Шерхан Мұртаза айтқандай, халқы аш-жалаңаш жүрсе де, өзі алтын сандықтың үстінде отырған образды көз алдыңызға елестетіп, кімге күлгендеймін деп деміңізді ішке терең тартасыз.
Ашығын айтатын болсақ, халық Навальныйға қарап, өздерін көрді. Оған жаны ашып емес, ашынып шықты. Өздерінің ашынған, бордай тозуға жақын қалған күйіне деген күйініш оларды үйде отырғыза алмай, көшеге шығарды. Ресейде биыл қыркүйекте Үкімет қайта жасақталады екен. Қызықтың көкесі әлі алда…
Айтқандай, Навальный босады деген хабарды әлі ести қоймадық.
НАМАЗШАМ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!