Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Н.Нәлібаев: «Жылу беру маусымы кедергісіз өтуі керек»

03.10.2024, 9:15 443

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен жылу маусымына дайындық, берілген тапсырмалардың орындалуы талқыланған мәжіліс өтті. Жиынға жауапты сала басшылары, қала, аудан әкімдері қатысты.

«Жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының нәтижесін көретін уақыт жақындап қалды. Үкімет барынша қолдау көрсетіп, сұратылған қаржыны бөлді. Биыл жылу көздері мен желілерін жаңғыртуға республикалық және жергілікті бюджеттен 12 млрд теңге қаржы бағытталды. Оны тиімді игеріп, жұмысты уақытылы, сапалы жүргізу қажет. Алдағы жылу беру маусымында ешқандай мәселе туындамауы тиіс.

Биыл 11 әлеуметтік нысанның қазандықтарын газға ауыстыруға 410 млн теңге бөлінді. Мамыр айында 9 нысанның қазандығына 303 млн теңге берілді. Газдандыру мәселесі кезең-кезіңімен шешілуде. Елді мекендердің негізгі бөлігі көмір пайдаланады. Көмірмен қамтамасыз етуге қатысты бұған дейінгі тапсырмалар уақытылы әрі сапалы орындалуы тиіс», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Сонымен қатар, қала және аудан әкімдеріне, бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне, коммуналдық кәсіпорын басшыларына әлеуметтік нысандарда жоспарланған күрделі жөндеу, қазандықтарды қайта жаңғырту жұмыстарын бақылау жүктелді. Тұрғындар, әлеуметтік нысандар қатты және сұйық отыннан тапшылық көрмеуі керек.

Айта кетейік, жергілікті бюджет есебінен 2 газотурбиналық қондырғының генераторы мен 11 қазандыққа күрделі, 1 турбина мен 15 қазандыққа ағымдағы жөндеу жүргізілуде.

Жаңғыртудан өтетін 9,5 шақырым жылу желісінің 9,2 шақырымы жүргізіліп, жұмыстың 97 пайызы бітті, 741 шақырым электр желісі мен 127 қосалқы станцияға күрделі жөндеу, 45 шақырым электр желіcі мен 48 трансформаторға ағымдағы жөндеу жұмыстары қарқын алды.

Облыстағы 1 067 әлеуметтік нысанның дайындығы 100 пайыз. Алдағы жылу беру маусымына 162,5 мың тонна, оның ішінде, тұрғындарға 135,7 мың тонна, әлеуметтік нысандарға 26,8 мың тонна көмір керек. Қазір көмір қоймаларында 33 мың тонна қор бар.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: