Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Н.Нәлібаев: «Жолдау талабы нақты істің нәтижесімен маңызды»

05.09.2022, 8:45 381

Өткен аптада ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайловтың төрағалығымен Президенттің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыруға арналған жиын өткізілді.

Үкімет басшысы Жолдауды іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспардың жобасын әзірлеуді және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жүйелі және салалық шаралар кешенін қабылдауды тапсырды. Селекторлық жиыннан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысының халыққа Жолдауынан туындайтын міндеттер мен тапсырмаларын іске асыруға арналған отырыс өткізді.

Жиынға мемлекеттік мекеме, құқық қорғау органдары басшылары, зиялы қауым, саяси партия өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы Президент Жолдауында саяси реформалардың жаңа бағдарламасы мен әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылатын іс-шаралар нақтыланып, алдағы міндеттерді айқындап бергенін жеткізді.

– Біз Президент Жолдауында айтылған барлық бағдар бойынша нақты шаралар қабылдап, сапалы іске асырамыз.Мемлекет басшысының қабылдауында болғанымда өңірде 7 ай қорытындысымен өнеркәсіп өндірісінің көлемінен басқа барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіште өсім қалыптасқанын жеткіздім.Өздеріңіз білесіздер, осыған дейін Президент аймақта халықтың табысы төмендеп кеткенін айтып, жұмысты жандандыруды тапсырған еді. 2021 жылы халық табысы 99,9 пайызды құраса, жүйелі жұмыстың нәтижесінде биыл өсім орын алып, тұрғындардың нақты табыс көлемі 116,1%-ға артты,- деді Н.Нәлібаев.

Жиында облыстық мәслихат депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі Қылышбай Бисенов, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов сөз алып, Жолдауда көрсетілген міндеттер ел экономикасына серпін беретінін жеткізіп, ұсыныстарын ортаға салды.

Аймақ басшысы өңір экономикасы шикізаттық бағыттан, яғни мұнай тәуелділігінен әлі де шыға алмауының салдарын жою үшін «Шыны зауыты» айналасында шыны, «Кальцийлендірілген сода» жобасы айналасында химия өндірісін, Шалқия қорғасын-мырыш және Баласауысқандық ванадий кен орындарында кен байыту комбинаттарының құрылысын жүргізе отырып, металлургия кластерлерін құруға толық мүмкіндіктер бар екенін қаперге салды. Бұл ретте Нұрлыбек Нәлібаев бірінші орынбасары Серік Қожаниязовқа жаңа кен орындарын барлау жұмыстарын орталық атқарушы органдармен қайта пысықтауды тапсырды.

Аймақта электр желілері, ауыз су және жылу желілерінің тозу деңгейі де үлкен мәселе. Алдын ала есептеу көрсеткендей, тек электр жүйелерінің тозу деңгейін 68 пайыздан 30 пайызға дейін төмендету үшін 153 млрд.теңге қаржы қажет. Мұнан бөлек, ауылдарды газдандыру және ауыз су апару мәселесі бар.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев орынбасары Мархабат Жайымбетовке тозығы жеткен инфрақұрылымдарды жаңғыртуды инвестиция тарту арқылы шешуді тапсырды.

Жолдаудың екінші бағыты – нақты секторды дамыту. Жиында облыс әкімі инвестиция тарту мәселесіне арнайы тоқталды.

Биылғы жылы өңірге тартылуы тиіс 373,5 млрд. теңге инвестиция көрсеткіші 7 айда 42%-ға орындалды. Межелі көрсеткішке қол жеткізу үшін қала, аудан әкімдіктеріне инвестиция тартудың Жол картасы бекітілді. Сондай-ақ, Президент тапсырмасына орай білім және медицина саласына инвестиция тарту жұмыстары өңірде күшейтілмек.Мұнай-газ саласына да инвестиция тарту кемшін қалмайды. Бұл үшін аймақта 4 көмірсутекті кен орны жеке инвестиция есебінен зерттелмек.

– Облыстық деңгейде құны 227 млрд теңге болатын 2 ірі инвестициялық жобаның іске асырылуы шешілді. Түрік инвесторлары есебінен жаңа жылу электр орталығы және Болат Өтемұратов қоры есебінен «Қорқыт Ата» әуежайы жаңа терминалы салынады. Осындай ірі жобалар бізде санаулы емес, кем дегенде әр ауданда біреуден болуы қажет.Әкімдер белсенді түрде инвестиция тарту бағытында жұмыс істеңіздер! Шетелдік ірі инвесторлармен кездесіп, келіссөздер жүргізіңіздер! Тек нақты нәтиже болуы керек, – деді Н.Нәлібаев.

Жолдау жүктеген тағы бір міндет – жастарды жұмыспен қамту. Келер жылдан бастап жастар кәсіпкерлігін қолдауға жылдық 2,5%-бен жеңілдетілген шағын несие берудің тетігі іске қосылмақ.

Нұрлыбек Нәлібаев бірінші орынбасары Серік Қожаниязовқа бизнесте жүрген және кәсіпке енді бейімделіп жүрген жастармен кездесу өткізіп, олардың ұсыныстарын тыңдап, талқылау нәтижесімен өңірдің экономикалық ерекшелігіне қарай жастармен іске асырылатын әлеуетті жобалардың тізімін әзірлеуді тапсырды.

Жиында ауыл шаруашылығы мәселелері де қаралды. 2023 жылдан бастап «Ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтау бойынша шағын кредиттер беру» республикалық бюджеттік бағдарламасы жүзеге асады. Бұл бағытта келесі жылы республикалық бюджеттен облысқа 3 млрд теңге қаржы бөліну көзделуде.

Аймақ басшысы бөлінген қаржының тиімділігін арттыру мақсатында әр ауданнан 2-3 ауылдық округтерді белгілеп, пилоттық режимде нақты жобалар жүзеге асырылуы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ, аудан және қала әкімдеріне бір ай көлемінде нақты ауылдық округтерді анықтап, жобалардың бағыттарын белгілеп, тиісті есептері мен қажетті қаражат көлемін ұсынуды тапсырды.

Білім беру саласының өзекті мәселелері де сөз болды. Аймақта 2 мен 6 жас аралығындағы балалардың балабақшамен қамтылу көрсеткішін ұлғайту, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттыру бағытында өңірдегі барлық балабақшаға толықтай сараптама жүргізіп, нақты талдау жасау тапсырылды.

Жиын соңында аймақ басшысы аймақ экономикасына тікелей әсер ететін Арал теңізінің жағдайы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралінің Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі учаскесін екінші санаттан бірінші санатқа ауыстыру, жаңа көп бейінді аурухана салу мәселелерін орнықты шешу алдағы міндет екенін жеткізді.

Айта кетейік, Президент Жолдауын іске асыруға арналған Ұлттық жоспар аясында облыстық деңгейде арнайы жоспар әзірленеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: