Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте алдағы мерекелік демалыс күндеріндегі жұмыс бағыты нақтыланды.
Жауапты сала басшыларына қоғамдық-саяси ахуалды бақылауда ұстау, тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді тез арада зерделеп, шешім қабылдау туралы тапсырма берілді.
“Құрылыс нысандарының басындағы жұмысты қадағалау да назардан тыс қалмауы тиіс.
Демалыс күндері коммуналдық қызметтердің үздіксіз әрі сапалы көрсетілуін қадағалау керек. Тұтынушыларда суға, жарыққа, жылу мен газға қатысты мәселе туындамауы тиіс»,- деді аймақ басшысы.
Мәжіліске қатысқан қала, аудан әкімдерінен, жауапты сала басшыларынан осыған дейін берілген тапсырмалардың орындалу барысы сұралды. Аймақ басшысы межелі көрсеткішке қол жетпеген жағдайда жауапкершілік бірінші басшылардан сұралатынын ескертті.
«Құрылысты салып жатқан мердігер мекемелермен ұдайы байланыста болыңыздар. Бірінші әрі басты талап – сапа, сосын жұмысты мерзімінде аяқтау керек.
Осыған дейін берілген тапсырмалар менің бақылауымда екенін ескертемін», – деді Н.Нәлібаев.
Сонымен қатар, жиында “Таза Қазақстан” экологиялық бағдарламасы бойынша атқарылатын абаттандыруға, тазалыққа қатысты тапсырмалар берілді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!