Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ БОЛУ ОҢАЙ МА немесе мың сан міндеті барлардың құқы қаншалықты қорғалуда?

21.07.2022, 10:20 595

«Тық деген тауыққа тиеді» демекші, бүгінде бар проблеманың себеп-салдарын мемлекеттік қыз­метшілерге апарып тіреп қоятын тенденция бар. Жұрт біткеннің бәрі мемлекеттік қызметшінің қандай болу керектігін үйретіп бағуда. Мемлекеттік қызметші тек өзінің кәсіби біліктілігімен, мінез-құлқымен ғана емес, жүріс-тұрысымен, киім киісімен де жұртқа үлгі болуға тиіс дейміз. Иә, біз мінсіз мемлекеттік қызметшінің нағыз бейнесін жасау­ға тырысып келеміз. Мінсіз бейнені жасап, олардан бірдеңені талап ету үшін де жағдай жасалуы тиіс шығар. Олардың жалақысы өсті, тағысы тағы бар деген талас та тууы мүмкін осы жерде. Бірақ, ылғи көзден таса қалатын дүние бар, ол – мемлекеттік қызметшілердің құқықтық тұрғыдан қорғалуы. Мойындаңызшы, бүгінде оларға тасадан тас ататындар көп. Ал, оларды  жақтайтындар  аз.

Осы жерде және бір азаматтар мемлекеттік қызметшілердің жұмысы аса қиын емес, себебі барлығы заңнамалар бойынша реттелген, тек өзіңнің функционалдық міндеттеріңді, соған сай заң талаптарын, ережелерді білсең және соларды ұстансаң болғаны деп жатады. Тео­рияда солай айту жеңіл шығар, ал практикада  қиын.

Елдегі бір қайнауы ішінде қалатын, іргесі іліксіз қаланып бітпеген жүздеген солқылдақ заңдардың салдарынан мемлекеттік қызметшілер берісі әдеп кеңесінде, әрісі сотта солқылдап  жылағаны аз ба? Жоқ! Әлі де жалғасуда. Мінсіз заң қабылдай алмады осы 30 жылдың ішінде біздің  ел.

Оған бір себеп: «Парламентте кәсіби заңгерлерден гөрі әнші, спортшылар сынды заңнан ауылы алыс адамдар көп», – дейді белгілі заңгер Ләззат Бақтыбаева. Жақында ғана өмірге енген «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына осы уақытқа  дейін 50-ге  жуық (!)  өзгеріс  енген.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңы талай мемлекеттік қыз­метшіні абыржыға салды, салып жатыр және сала да бермек. Жыл басынан бері облыс бойынша ішкі аудит депар­таменті арқылы камералдық бақылаумен 14 мың лот өткен. Оның құны – 218 млрд теңге. Сол 14 мың лоттың 832-сінен 18,7 млрд теңгенің бұзушылықтары анықталып отыр, – дейді облыс бойынша ішкі мемлекет­тік аудит департаментінің басшысы Марат Егембердиев. 9 мекеме басшысы әкімшілік жауапқа тартылды. Аудиторлар 78 сот отырысына қатысты. Сотқа жетпегендері әдеп кеңесінде беттері аймандай болып  тұрды.

Сол жауапқа тартылғандардың бәрі ішіп-жеп қойған деп түсінсеңіз, қателесесіз!

Заң жыл сайын ауысып жатыр. Биыл үш бабы, ертең тоғыз, келесіде тағы жиырма бабы өзгеріп, толыға береді. Биылғы заңнама аясында жүргізген мемлекеттік сатып алу операциясы келер жылы жарамсыз болып қалады. Оны елемей іс қылсаңыз, қылмыскер боп шыға келесіз.

Ал, кеңес сұраймын деп облыстық ішкі  аудит департаментіне жүгінсеңіз, олар сізге түсініктеме бермейді! Неге? Себебі жоғарыдан тыйым салынған. Түсініктемені департамент жинап, құзырлы комитетке жібереді, солар бірегей түсініктеме береді, ал ол жауап қашан келетіні соларға ғана аян. Мақта қыз бен мысықтың кері дәл  осы  жерде  топтасқан.

Бұл тұрғыда ауыл әкімдеріне обал болып  тұр. Штаты онсыз да аз әкімдер әрі идеолог, әрі шаруа, әрі бухгалтер, әрі заңгер болып, шақшадай басы шара­дай  болып  жатыр.

Бұлай жалғаса берсе, кім мемлекет­тік қызметке қызығады? «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң қашанға дейін өзінің шикілігімен шенеуніктерді шырылдата береді? Олардың құқығын кім қорғайды? Белсенді азаматтық позициясын білдірмейінше мемлекеттік қызметтегілер жоғарыда аталған  орға  түскендері  түскен.

Одан бөлек, мемлекеттік қызмет­шілердің басым бөлігі уақытылы жұмыс­тан шығып, отбасына оралып жүр деп те айта алмаймыз. Түн пердесін түргенше отыратындары бар. Сол жұмысына қосымша ақы алып отыр  ма? Әй,  қайдам…

Одан қалды әлеуметтік желіде мемлекеттік қызметшіні кім көрінген балағаттап, ар-намысына тиіп жатады. Оларға болысып, солармен бірге сотқа барып, аққа құдай жақ деп жақтасқан құзырлы органды көрдіңіз бе?  Әй, қайдам… Дас ист фантастиш дер  едім.

Мемлекеттік қызмет дегеніміз күніге 8 сағаттық жұмыс қана емес. Шындығында, мемлекеттік қызметші дегеніміз – 24 сағаттық міндет пен жауап­кершілік. Мен бұл жерде қыз­метін асыра пайдаланып, мейрам­хана, казино аралап, ішімдік ішіп, төбелесіп, лас сөздер айтып, жұрттың мазасын алып, дөкей көкелерінің арқасында атын ататпай жүргендерді сөз қылып тұрғаным жоқ (ондай дерек қолда бар), мен жұмысын адал атқарып, адал маңдай терімен отбасын адал асырап отырған азаматтар туралы сөз етіп отырмын. Ең бастысы, мемлекеттік қызмет – қоғамның саған деген сенімі. Осы сенімге селкеу түсірмеу керек. Ал, селкеу түспес үшін елдегі Заңдар солқылдақ болмауы тиіс. Мемлекеттік қызметші­лердің құқы мен мүддесін қорғауда да солқылдақтық танытылмауы қажет. Бұл менің жеке ойым, қарсы болуыңыз­ға  құқыңыз  бар.

Айнұр  ТҰҢҒЫШБАЕВА,

журналист,  облыстық  қоғамдық  кеңестің  мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: