Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемлекеттік қызмет: сапасы мен сипаты

19.11.2025, 18:10 111

HALYQLINE.KZ

Қай мамандықтың да қыр-сыры бар, оны өз деңгейінде атқаруға жауапкершілік пен білімділік қажет. Мұнымен қоса қызмет әдебінен, тәртіп пен талап үдесінен шығу – басты мақсат. Алаш арысы Ж.Аймауытов айтқандай, өмірде өз мақсаттарымызға жету үшін қабілетімізге қарай мамандықты таңдай білуге тиістіміз. Сонда ғана діттеген межеге дайын боламыз.

Облыста жұмыс істейтін 340 мемлекеттік органдағы штат саны 3338 бірлікті құраса, қазіргі уақытта нақты жұмыс істейтін 3209 мемлекеттік қызметшінің 15-і саяси әкімшілік қызметші, 3194-і «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісі болып саналады. Ал, мемлекеттік қызметшілердің ұлттық құрамына келсек, 99,6 пайызын қазақтар құраса, 0,4%-ы – өзге ұлт өкілі.

Аймақтағы мемлекеттік қызметшілердің ішінде әйелдердің үлесі біршама өсті. Олар 45,8%-ды құраса, оның ішінде 20,3% пайызы басшылық лауазымдарды атқарады. Оның 2-еуі басқарма басшысы, 9-ы басқарма басшысының орынбасары, 4-еуі департамент басшысы, 9-ы департамент басшысының орынбасары, 3-еуі ауыл әкімі, 12-сі қалалық және аудандық деңгейдегі дербес бөлім басшылары сияқты түрлі санаттағы басшылық лауазымдарында.

Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілердің орташа еңбек өтілі 13,1 жыл шамасында. Ал, олардың орташа жасы 42,1 жасты құрады. Бір қуанарлығы, жастардың мемлекеттік қызметші болуға ынтасы жоғары. Қазір 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі – 24,0 пайыз.

Өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің арасында жоғары білімді мамандар 95,3 пайыз болса, екі немесе одан да көп жоғары білім алған азаматтар қатары 24,4%-ды құрайды.

Мамандардың сапалық дәрежесіне келсек, «Болашақ» бағдарламасы бойынша 4 түлек, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын 29 түлек оқып, бітірді. Ал, ғылыми потенциалы жағынан 1 ғылым докторы мен 10 ғылым кандидаты бар.

Жыл басынан бері 680 мемлекеттік қызметші оқытылды, оның ішінде 130-ы қайта даярлау, 550-і біліктілігін арттыру курстарынан өткізілді.

Жалпы, мемлекеттік қызмет жүйесінен 103 қызметші кеткен болса, оның 1,8%-ы жеке секторларға, 2,1%-ы квазимемлекеттік секторларға және 96,1%-ы басқа да белгілі себептермен өз өтініштеріне сәйкес мемлекеттік қызмет жүйесіндегі қызметін тоқтатты.

Мұнан бөлек, 25 мемлекеттік қызметші теріс себептер бойынша жұмыстан босатылған. Оның ішінде 2-еуі соттың айыптау үкiмiнің заңды күшіне енуіне байланысты, 23-і сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектулерді сақтамағаны үшін жұмыстан босатылған.

Жыл басынан бері өңірдегі барлық деңгейдегі мемлекеттік органдарда 474 (217 ішкі және 257 жалпы конкурс) бос лауазымдарға орналасуға конкурстар өткізіліп, нәтижесімен 344 үміткер бос лауазымдарға қабылданды.

Оның ішінде, меритократия қағидаттарына сәйкес мансаптық өсу жолымен ішкі конкурстар арқылы 67,3%-ы жоғары лауазымдарға тағайындалды.

Бір айта кететін мәселе, 130 конкурстың 111-інде үміткерлер қатыспағандықтан, 8-інде біліктілік талаптарына сәйкес келмегендіктен, 9-ында үміткерлердің конкурстық комиссияның оң шешімін алмағандықтан, 2-еуінде конкурстық комиссияның оң шешімін алған үміткерлердің ұсынылған лауазымға орналасудан өз еріктерімен бас тартуы себепті конкурс өткізілмеген.

Конкурстың әділ және ашықтық жағдайында болуы ескеріліп, барлығына дерлік қоғамдық байқаушылар қатыстырылды.

Қорыта айтқанда, мемлекеттік қызметші – мемлекет мүддесіне сай, жауапкершілігі жоғары, іс-тәжірибесі мол, халық игілігі үшін аянбай еңбек ететін тұлға. Сондықтан мемлекеттік қызметке үміткер өз халқының алдындағы асқан жауапкершілікті сезіне отырып, мемлекеттік қызметтің беделін арттыруы қажет.

Мемлекеттік қызметші өз өкілеттігімен, билігімен дұрыс қолдана білуі әрі әділ болуы керек. Сонда ғана мемлекеттік қызметшінің өмір салты заң талаптарына сәйкес келеді.

Бақытжан  НҰРАЛЫ,

ҚР  Мемлекеттік  қызмет  істері  агенттігінің  Қызылорда  облысы бойынша  департаментінің  бас  маманы

Көрнекі сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: