Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемлекеттік басқару академиясына құжат қабылдау басталды

13.04.2026, 17:50 31

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына 2026–2027 оқу жылына арналған құжат қабылдау науқаны басталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлім болды.

Биыл талапкерлер 1 сәуір мен 1 маусым аралығында admission.apa.kz ақпараттық жүйесі арқылы тіркеліп, онлайн форматта өтініш бере алады. Құжат қабылдау мерзімі екі айға созылады. Мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында магистратураға 200, ал докторантураға 12 грант бөлінген.

Баспасөз конференциясында Мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облысы бойынша филиал директоры Ақзада Мадалиева биыл білім беру бағдарламаларының саны 14-ке дейін ұлғайғанын айтты. Оның сөзінше, жаңа оқу жылында «EMBA Іскерлік әкімшілендіру» және «DDPA – Цифрлық мемлекеттік басқару» атты жаңа бағдарламалар енгізілген. Сонымен қатар магистратураға бөлінетін грант саны 80 орынға артқан. Кейбір білім беру бағыттары ғылыми-педагогикалық бағдарға көшіріліп, соған сәйкес оқу мерзімі де ұзартылған.

Филиал директорының айтуынша, «Мемлекеттік саясат» бағдарламасына түсу үшін енді ағылшын тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификат міндетті талап саналады.

Академия магистратура және докторантура деңгейінде мамандар даярлайды. Магистратура бағдарламаларының оқу мерзімі 1 жылдан 2 жылға дейін жалғасады. Сондай-ақ қызметпен қатар білім алуға мүмкіндік беретін модульдік бағдарламалар да қарастырылған.

Мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облысы бойынша филиалының аға оқытушысы Гүлсара Нұрова қабылдау науқаны бірнеше кезеңнен тұратынын атап өтті. Алдымен үміткерлер аналитикалық эссе жазады. Одан кейін кәсіби және жеке құзыреттерін айқындауға бағытталған сұхбат кезеңінен өтеді. Ал докторантураға түсушілер үшін қосымша зерттеу жұмысының жоспары қаралады. Оның айтуынша, бұл талаптар үміткерлердің дайындық деңгейін жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді.

Қабылдау кестесіне сәйкес, құжаттар 1 сәуір мен 1 маусым аралығында қабылданады. Конкурстық іріктеу 5–19 маусым күндері өтеді. Алдын ала қабылдау 25 маусымда жарияланса, қорытынды қабылдау 10 шілдеде белгілі болады. Жаңа оқу жылы 1 қыркүйекте басталады.

Айта кету керек, үміткерлер барлық қажетті құжатты электронды форматта жүктеуі тиіс. Қабылдау нәтижесі конкурс қорытындысы мен сараптамалық бағалау негізінде анықталады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: