Еліміздің сан қилы тарихы халқымыздың күрескерлігі мен батырлығының куәсіндей. Қазақ ұлтының бүгінге дейін қат-қабат тарихының негізгі арқауы – елдік пен азаттық үшін күрес.
Бүгінде Қазақстан – тарих төрінен ойып алар орны бар, әлемдік өркениетті елдермен қатар білімі мен ғылымы қарыштап дамып келе жатқан егеменді ел.
Егемендікті аңсап өткен ата-бабаларымыздың асқақ арманына қол жеткіздік. Иә, Одақ құрамынан шығып, егемендікке алғаш қол жекізген жылдардағы қиын-қыстау сын сағаттарды еңсеріп, еліміздің көркейіп дамуында өзіндік орны бар тұлға – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тарихи тұлға тағылымы» атты мақаласы әрбір елін сүйген, ұлтжанды азаматқа ой салар, күш-жігер берері анық.
Мақалада Кеңестер Одағы құрамынан алғаш егемендік алып шыққан кезеңнен бастап Тұңғыш Президентіміз Елбасы Н.Назарбаевтың еліміздің даму жолында небір қиындықтар мен бұлтарыстарды игеруде жаңа бастамалар мен батыл қадамдарға бара отырып, еліміздің алға дамуында ұлт көшбасшысы бола білгендігіне тоқталып өтеді. «Ол ұлтты біріктіруші ұлы тұлға ретінде тәуелсіздік тұжырымын бекітуге және нығайтуға бар күш-жігерін арнады. Еуразия құрлығындағы алыптардың ортасында отырып, достық дипломатиясы арқылы мәмілегерлік жолды ұстанды. «Ел ұстама, ел ұстасаң, кек ұстама» деген бабалар сөзімен берік байлам жасады. Әлбетте, дүниенің екі бөлігі – Еуропа мен Азияның арасынан, екі өркениет – батыс пен шығыс мәдениетінің ортасынан, екі жүйе – тоталитаризм мен демократияның аралығынан жол тауып шыға білу – сұңғылалықпен, көрегендікпен сипатталатын саяси зор қабілет» деген Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың пікірі Елбасының парасаттылығы мен көшбасшылығына зор баға береді.
Қандай қиын-қыстау кезеңде де халқымыз адамгершілік қасиетінен айнымаған, бірлік пен берекені сақтай білген. Қазақ халқының өткен тарихына көз жіберсек, небір ұлт көсемдерінің арманы – егемендік, ел бірлігі мен ынтымағы. Осы идеяны берік ұстана отырып, еліміздің әлемге танылуына зор еңбек сіңірген Елбасы жолы – идеясы, көшбасшылығы, парасаттылығы, тағылымды ойлары келер ұрпақ үшін өнеге жолы деуге болады.
Егеменді еліміздің іргесінің берік болуы, әлемге танылуы – білімді де саналы ұрпақтардың қолында.
Ж. Омаров,
Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!