Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемлекет басшысы «Жаңа адамдар» қозғалысының белсенді өкілдерімен кездесті

15.11.2022, 8:55 542

HALYQLINE.KZ

Президент «Жаңа адамдар» жастар қозғалысын құру туралы бастаманы құптап, белсенді жас қазақстандықтарға әрдайым қолдау көрсетететін айтты.  Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетті түбегейлі жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, Әділетті Қазақстанды құру жөніндегі реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Қазақстан азаматтарының, әсіресе жастардың еңбекқорлық қағидатын ұстануы маңызды. Сырттан көмек күтудің қажеті жоқ. Қазір заман басқа, яғни маңызды шешімдердің уақыты, серпіліс жасайтын сәт. Жастар болмаса, мұнымен кім айналысады? Қазір Илон Масктың тәжірибесі мен өмірлік ұстанымын үлгі ету үрдіске айналды. Иә, ол отбасымен бірге Оңтүстік Африкадан Америка Құрама Штаттарына келді. Өзінің креативтілігінің, батылдығының, өзіне тән ерекшелігінің арқасында «Илон Маск феноменін» қалыптастыра алды. Мұндай мысалдар өте көп. Жақында Мен Нью-Йоркте Американың жоғары оқу орындарын бітіріп, америкалық компанияларға жұмысқа орналасқан жастарымызбен кездестім. Мен оларға: «Біз сіздерді Қазақстан азаматтары деп білеміз. Сіздер – қазақсыздар. Нью-Йорк немесе Еуропа елдері болсын, әлемнің дамушы елдері болсын, қай жерде жұмыс істесеңіз де, қазақ болып қаласыздар» деп айттым, – деді Мемлекет басшысы.

Президент жастар өкілдерін толерантты, дамыған қоғамды бірге құруға шақырды. Мемлекет басшысының пікірінше, жастар өзін-өзі ұдайы жетілдіріп, жан-жақты дамытып, тіл үйренуі қажет.

Мемлекет басшысы жауапкершілік мәселесін де қозғады. Президенттің айтуынша, тек  жауапкершілігі бар азаматтар ғана өзінің мемлекеті үшін міндеттеме ала алады.

Абай кезінде «толық адам» деген терең ұғымды енгізді. Абай заманынан оза туды. Ол «толық адам» туралы білім, түсінік, қоғамның қажеттілігі тұрғысынан айтты. Қазір ағылшынша айтылып жүрген «a person of integrity», яғни барлық қарым-қабілеті мен білімі тоғысқан адам дегеніміз осы. Сондықтан біз бәріміз «толық адам», жауапты азамат болуға тырысуымыз керек. Шын мәнінде, біз қоғамымызда тәртіп пен заң үстемдігі культін орнатуға ұмтылуымыз керек. Менің міндетім – еліміздің заңдары әділ болғанын, адамдардың ол заңдарға сенуін қамтамасыз ету. Осы заң аясында қоғамымызда тәртіп болуын талап етеміз, – деп мәлімдеді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, жастар еліміздің қоғамдық өміріне белсенді түрде араласып, өз ұстанымына берік болып, түрлі идеялар  ұсынып, оларды іске асыруға атсалысқаны жөн. 

– Белсенді азаматтық әрекет арқылы сіздер, біріншіден, мемлекетке пайда әкелесіздер, екіншіден, өздеріңізді таныта аласыздар. Қалай болғанда да,  біз мамандар іріктелетін, сәйкесінше уақыт өте келе мемлекетті басқару жауапкершілігін арқалай алатын өте қабілетті адамдар шығатын ашық қоғамға қарай қадам басып келеміз. Сіздердің араларыңызда келешекте депутат немесе министр болатын, тіпті мемлекетіміздің президенті болатын азаматтар отыр деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы. 

Президент сөз соңында «Жаңа Адамдар» жастар ұйымына табыс тіледі.

– Біздің көрнекті ақынымыз Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деген сөзі бар. Шын мәнінде, мен де жастарға сенемін. Баршаңызды қолдаймын. Расында, біздің елімізге сіздер сияқты белсенді, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу жастар керек. Еліміздің болашағы жастардың қолында, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар шарада қозғалыс жетекшілері мен белсенділері Әсел Бәденова, Елдана Кәденова, Ризабек Рашит, Күннұр Болатбек және  Дильназ Қапезова сөз сөйледі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: