Қасым-Жомарт Тоқаевқа елорданың биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы жөнінде мәлімет берілді.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, қаладағы барлық негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады. Инвестиция көлемі 632 миллиард теңгеден асты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,2 пайызға артық. Өңдеу өнеркәсібі, медицина, білім, көлік және логистика салаларындағы жобалар белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр.
Президентке мектеп, қолжетімді баспана, медициналық орталықтар құрылысы, апатты жағдайдағы ескі үйлерді бұзу, тұрғын үй алаптарын дамыту, қаланы абаттандыру және көгалдандыру мәселелері жөнінде баяндалды. Биыл 20-дан астам мектеп пен 4500 орындық 6 студенттік жатақхана салынады. Бұдан бөлек елордада 170 аула мен қоғамдық орын, атап айтқанда саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар абаттандырылып, 70-ке жуық көше жөнделеді.
Астана әкімі құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үй кешендері бойынша атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар туралы айтты. 16 мыңнан астам үлескер-отбасының 15,5 мыңы баспаналы болды. Қалған үлескерлер пәтерлеріне осы жылдың соңына дейін қоныстанады.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа жылыту маусымына дайындық жөнінде баяндалды. Биыл «Тельман» газ жылу станциясының бірінші кезегін, «Тұран» газ жылу станциясының екінші кезегін, сондай-ақ 3-ші ЖЭО-ның көмірмен жұмыс істейтін бөлігін іске қосу жоспарланып отыр.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту, шаһарды абаттандыру, сондай-ақ V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындықты пысықтау жөнінде бірқатар міндет жүктеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!