Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мақашовтың жанында кімдер жүр?

18.03.2020, 14:50 1660

Елімізде төтенше жағдай жарияланса да, жаңақорғандық шенеуніктер жазадан құтыла алған жоқ. Cәрсенбі олар үшін сәтсіздік әкелді десек, сіз сенбессіз.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесте Жаңақорған ауданы әкімдігіндегі үш бірдей лауазымды қызметкердің тәртібі таразыға тартылды. Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығына Жаңақорған ауданы, Келінтөбе ауылының тұрғыны Т.Қалдыбаевтың өтініші келіп түскен. Оның өтінішінде «Бұрынғы Жаңақорған ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бас инспекторы Ж.Дүйсекеев сот үкімімен кінәлі болып табылғанымен, өз өтінішіне сәйкес қызметтен босатылған» делінген. Бұдан кейін агенттік өтініш негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізген.

– Жаңақорған ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бас инспекторы Ж.Дүйсекеев 07.08.2019 жылы Жаңақорған аудандық сотының үкімімен қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі 2-тармағымен (алаяқтық) кінәлі болып табылған. Қылмыстық кодекстің 10-бабы 1 және 2-бөліктерінде қылмыстық құқықбұзушылықтар қоғамға қауіптілік және жазаланушылық дәрежесіне қарай қылмыстар және қылмыстық теріс қылықтар болып бөлінеді. Осы Кодексте айыппұл салу, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу, бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы түріндегі жазалау қатерімен тыйым салынған айыпты жасалған, қоғамға қауіпті іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік) қылмыс деп танылады. Демек, сотпен Ж.Дүйсекеевпен қылмыс жасалынғандығы дәлелденіп, оған қатысты айыптау үкімі қабылданған. «Мемлекеттік қызметі туралы» Заңның (бұдан әрі – Заң) 61-бабы 12-тармағына сәйкес қылмыс не қасақана қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін соттың айыптау үкiмiнің заңды күшіне енгеннен кейін мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің мемлекеттік қызметті тоқтатылуы айқындалған. Алайда аудан әкімінің орынбасары А.Салыбековпен Заңның талаптары сақталмай, Ж.Дүйсекеевке қатысты соттың үкімі заңды күшіне (22.08.2019 жылы заңды күшіне енген) енгенімен, аудан әкімі міндетін атқару кезінде Ж.Дүйсекеевтың өз өтінішіне сәйкес босатылуына жол беруге ықпал жасалған, – деді департамент өкілі Нұржан Алиев.

Қызықтың көкесі жаңақорғандық жауаптылардың сөзіне құлақ асқанда басталды. Кеңеске келген аудан әкімі аппаратының жетекшісі А.Абдуллаев:

– Менің негізгі мамандығым – агроном. Біріншіден, мен заңгер емеспін. Ж.Дүйсекеевті өз өтінішіне сәйкес қызметтен босату мәселесі бойынша аппараттың құқықтық жұмыстар мен кадр бөліміндегі басшылармен талқыладық. Және басқа органдардан да кеңес сұрадық. Содан соң құқықтық және кадр бөлімдерінің басшыларының келісуімен, мен қол қойып, сол кездегі аудан әкімінің міндетін атқарушы А.Салыбековтың атына Ж.Дүйсекеевті өз өтінішіне сәйкес босатуға болатындығы туралы хат жолданды. Бұған дейін ауданда сыбайлас жемқорлық фактілері тіркелді. Бірақ мұндай жайт аудан тарихында бірінші рет болып отыр, – деді.

Аппарат басшысының сөзінен кейін Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Нұрман Бақбергенұлы:

– Меніңше, сіз өзіңізден кінә іздеп тұрған жоқсыз. Заңгермен, кадр бөлімдегілермен ақылдастық дейсіз… Сонда не үшін аппарат басшысы қызметін атқарып отырсыз? Бұл мәселеде аса мұқият болу қажет. Зерттеп-зерделенуі тиіс еді, – деп шегеледі.

Ал аудан әкімінің орынбасары А.Салыбеков сол тұста қат-қабат тірліктің көп болғанын айта келе:

– Ж.Дүйсекеевке қатысты қабылданған жеке соттың жекеше қаулысы маған таныстырылмаған. Бұл қаулыны енді ғана көрдім. Мен Ж.Дүйсекеевті өз өтінішіне сәйкес қызметтен босату туралы өкімді шығарған кезде, жауапты қызметкерлердің берген қызметтік хатына сүйене отырып қабылдадым, – деп қолындағы бума-бума құжатты дәлел ретінде көрсетті.

Жоспардан тыс тексеру барысында қазіргі аудан әкімі Сұлтан Мақашов та түсініктеме берген. Өз түсінігінде «28.08.2019 жылы Жаңақорған ауданы әкімі қызметіне тағайындалдым. А.Абдуллаев Ж.Дүйсекеевке қатысты айыптау үкімі туралы маған айтпаған және 2019 жылдың 23 қыркүйек және 4 қазан аралығында Ж.Дүйсекеевті ақысыз демалысқа жіберу туралы өкімдерін дайындап әкеліп, қол қойдырған» деп көрсетіпті.

Шым-шытырығы көп істі мұқият қараған Әдеп кеңесінің мүшелері Жаңақорған ауданы әкімі аппаратының басшысы А.Абдуллаев пен аудан әкімі аппаратының бөлім басшысының міндетін атқарушы Ж.Асылбайұлына «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік шара қолдану туралы шешім шығарды. Ал аудан әкімінің орынбасары А.Салыбековтің тәртіптік ісі тоқтатылды.

Аппаратқа агроном жетекшілік ететін Жаңақорған ауданында осындай оқиғалар болыпты. Жалпы, Сұлтан Мақашовтың жанында кімдер жүр?

Пікірлер:
  • ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда обл.департаментінің бір емес екі қайтара ұсынымын орындамаған Жаңақорған ауданы әкімдігі үшін бұндай фактілер қалыпты жағдай…Айтқанын орындата алмайтын департаменттің құзыры қандай, мінедеті не? Қажет етсеңіздер дәлел жеткілікті

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: