Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Күлің көкке ұшсын демесең, идеологияны ойла!

31.03.2023, 15:15 355

HALYQLINE.KZ

Солтүстіктен қауіптің болатыны 2014 жылы Ресейдің Украина аймағындағы орыс мәселесіне араласа бастағанынан-ақ белгілі болған. Бұл сигналды ұғынып, кезінде мемлекеттік хатшы, тәжірибесі мол идеолог Марат Тажиннің тұсында дұрыс бастамалар басталған. Әрине, айтпағым «Рухани жаңғыру» жайлы еді.

Идеясы дұрыс, ұлттық болмысымызды, бабалар салған жолды, қасиетті орындарды, мәдени мұраларымызды жеткілікті дәрежеде қайтадан насихаттық бағдарға қою арқылы елін сатпайтын, рухы биік, елінің басына күн туғанда қолына қару ала білетін (украиндықтар секілді) өскелең буынды дайындай беру болмақ тұғын.

Өкінішке қарай, миллиардтап бөлінген есіл қаржы өзін ақтамады. Аймақтарда арнайы Жобалық кеңселер құрылып, 15 адамнан штатын, офисін беріп, 50 миллионнан жобаларға бюджетін ашты. Жұмыстары өте әлсіз көрінді. Көп жағдайда, университеттерің есептерімен қаруланып, арзан тәрбиелік іс-шаралармен ешбір ұрпақтың жүрегінде рухты оятпайтын азын-аулақ әрекеттермен шектелді. Ең қызығы, дәл осы «Рухани жаңғырудың» сол күйі нәтижесі шықпады, оған жауаптылары жауап бермеді. Әлгі «жүз танымалдылардың» тағдыры ел қызметінде қаншалықты үлес-салмағы болып жатқаны беймәлім қалды. Балалар әдебиеті қолға алынбады, жастар музейге баруды әдетке айналдырмады, ұрпақ ең болмағанда кітап оқуды бастамады.

Ия, енді осы Солтүстіктен келер қауіппен «Рухани жаңғырудың» қандай логикалық байланысы бар? Неге сонша кешегі мемлекеттік бағдарламаны тәптіштеп кеттік деген сұрақтарға келсек.

Әлбетте, ұрпағын ойлайтын мемлекет осындай детальдарға көңіл бөледі. Рухы мықты украиндықтар қазақтарға, сол ресейліктерге қарағанда, анағұрлым кітап оқу, руханият орындарына бару жағынан алдыңғы қатардан табылады. Бір Донецкінің өзінде екі жүзден астам музейі бар. Айтпақшы, әскери ойын жағынан Украинада пейнбол ойнау жағынан компьютерлік клубтармен қатар бәсекелесе алатын деңгейде. Көп украин майданында жүрген жастары, кезінде дәл осы пейнбол мен контрстрайкті шебер ойнағандар. Әрине ол көрсеткішке олардың ұлттық патриоттық сезімдегі тәрбиесі басым. Себебі, арғы шекарасында көрші поляк ағайындарының антиресейшіл патриотизмінің орасан әсері тағы тұр.

Тоқетері, айтарым, бізде саяси реформаның арқасында идеологиялық рухани құжаттардың бастамалары керек. Жастар мықтыларға бой түзейтіндей, рухани дүниемен тәрбиеленетіндей болмаса, отанды қорғау романтикасымен ауырмаса, кейін бәрі кеш болады.

Дана бабамыз, «қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына налимын» деген. Қарынды тойдырармыз, ашаршылықты да көрдік қой кезінде, бірақ қадір-намысымызды жібермей, өшуді емес өсуді де терең ойлануымыз керек.

Ертеңгі елім дейтін ұрпақты бүгін ойлау – номері бірінші қатардағы ұлттық мәселе. Әйтпесе, жинап-тергеннің күлі көкке ұшуды Украина мысалы күнде дәлелдеп отырған жоқ па?!

Мақсат  ЖАҚАУ,

аймақтанушы

Коллаж  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: