Осы бізге ешкім де, ештеңе де ешқашан жақпайтын шығар. Бар болса, көре алмаймыз, жоқ болса, бере алмаймыз. Аздық қылса, айызымыз қанғанша ақыл айтып, көптік қылса, көпіргенше кеңес беріп сөйлейміз. Қызмет бабы бойынша басшылықта отырғандар жайлы ғой айтпағымыз. «Жастар жылында» жастарға орнын босатсын!», «көп жасаған білмейді, көпті көрген біледі» дейміз де, «сарыауыз балапан ғой, тәжірибе керек-ақ» деп нілдей бұзыла саламыз. Бәрін айт та, бірін айт. Кез келген облыста, кез келген ауданда, тіпті кез келген ауылда қырық жыл қырғын болса да, орынтағында отыз жыл еш саспастан отыра беретіндер, бергендер бар. Сол секілді, алғашқы айлығын ала алмаған, келгенінен кеткені тез болғандар да кездеседі. Екеуі қатар тұрса, біз шіркін оларды да теңдей сынай жөнелетін сияқтымыз. Көтеріп қойған қыздың тойы тез жасалады ғой. Біздегі президент сайлауын айтамын. Ел арасындағы «той той болмады, бала-шаға жеп кетті» дегеннің кері болып тұр. «Жеп» кеткенін емес, кетпей тұрып «деп» кеткенін айтамыз. «Украинада президенттікке үміткер әртіс – президент, Қазақстанда президенттікке үміткер саясаткер әртіс болды» деген «қызықты» һәм «күлкілі» пікір де уақытында әр-әр жерде жазылды. Шынында, адамнан сөз артылмайтындай. Сайлау науқанының қорытындысын айтпағанда, 30 жыл ел басқарған «үлкен кісі» саяси аренадағы мықтылығын дәлелдеп кеткендей. Қалай болғанда да, өз еркімен кеткені анық. Сұрақ бар. Қалай кетті? Бастысы «көтергізді». Оппозиция мен өзін оппозиция санайтындар қанша жерден сыртынан «түсік жасатқысы», «іш тастатқызғысы» келгенімен, мұнан ештеңе шықпады. (Тіпті, ырымға жаман екен, түге!) Әрі жүйені жүйелеу мүмкін емес. Сондықтан, «көтеріп қойған» қыздың тойы әп-сәтте көңілдегідей өте шықты. Кәдуілгі тойдан бір ерекшелігі, бұл – қойылымды той. Айтпақшы, «ит байласа тұрғысыз» деген тұрақты тіркесті естуіңіз бар ма? Кейбір «креслолар» сондай болады. Білетіндер мемлекеттік қызмет туралы қоқыс жәшігінің айналасындағы пікірді айтады. Жалпы, жұртшылықтың басшыларға деген сенімі азайып кеткен. Мүмкін оған себеп те бар шығар. Бірақ, тағына жайғасқан кейбір «хандарға» дат айтқандардың шаруасын «уәзірлер-ақ» шешіп тастап отырады. Сондайы жаман. Ал, «жіпсіз байланды» дегенді ше, мұнан да хабарыңыз бар ма? «Үш күннен соң тозаққа да…» дейді ғой. Әрине, үйренесің, жіпсіз байланасың. Қаққан қазықты айналшықтайсың. Жүресің, отырасың, жүгіресің. Сондықтан, ұзақ қызмет етесің. Айтқандай, басшылыққа келе сала өзіңнен бұрынғы басшыны түк істемегендей етіп көрсете бастап, тыңнан түрен салып, сызып берген шеңберден шығып кетіп жатсаң, біттім дей бер. Ол кімге ұнасын? Қызылордадағы бір бөлімге басшы тұрақтамағанын осымен байланыстыратындар бар. Құлағынан құрық өткізбей, бас білінбей, ер салғызбай да күнелтуге болады. Бірақ, басшылық қызметте емес. Жүйе солай. Біз анық-қанығын білмейміз. Иә, бірінен соң бірі келетін адамдар, бірінікінен соң бірінікі көретін «креслолар» бізде жетерлік. «Бетеге кетіп, бел қалар, бектер кетіп, ел қалар» деуші еді бұрынғылар. Қайран, «кресло!», сен не көрмедің!? Көп… көрдің ғой, көпті! |
Көп… көрген кресло
02.02.2020, 2:02 967
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!