Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көңілімнің бұрышында жылаған, Мұңға батқан Шабытымды аядым…

15.08.2024, 9:20 475

Жасұлан  СЕРІК

Серік  Жасұлан  Кенжебекұлы 1992 жылы 3 қыркүйекте Қызылорда қаласында дүниеге келген.

Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

«Көңіл көзіндегі қарашық» атты өлеңдер жинағының авторы. Республикалық, облыстық жыр-мүшәйралардың жеңімпазы.

ЕРТЕГІ

Балалық кез аңғалдықпен дос қылған,

Ең төресі сол кез екен бақыттың.

«Бауырсақты құтқарам!»  деп  қасқырдан,

Май шелпекті бір түн қорғап жатыппын.

Ертегіге алданып қап сенімім,

Үлкендерге жақпай қалған пиғылым.

«Мақта қыздың марқайтам!»  деп көңілін,

Мысығымның кесіп аппын құйрығын.

Жыңғыл болған Шалқұйрығым үркер ме?

Мен, өйткені, қанық білгем қыр-сырын.

Ертөстік боп елерем деп үлкенге,

Талай рет бұзылыпты тұмсығым.

Таусоғардай тас арқалап көп күттім,

Қай жағымнан шабады екен дұшпан кеп?

Көрші үйдің кемпірінен қорқыппын,

Ауызында бір тісі жоқ мыстан деп.

Тым ерке едім, кіргені рас кеш есім,

Сенімімді талай мəрте сенделттім.

Қарлығаштың қайтарам деп есесін,

Айдаһарды күтуменен ер жеттім.

Арманым да адастырар көп еді,

Жүрегімде қалып қойған таңба боп.

Тазша бала бола алмадым, себебі,

Өтірікті айта алмадым қанда жоқ.

…Алла берген басымдағы құтым нық,

Көрерім көп, сабақ болар өткенім.

Тауысуға жақын қалдым, шүкірлік,

Кеше келген он сегіздің көктемін.

Қиындықтар жолығады не түрлі,

Тəлкегіне салса тағдыр, төзермін.

Мына өмір ертегісі секілді,

Бала кезде айтатұғын əжемнің.

* * *

Балағымнан көп тартқан соң сайтан кеп,

Сондықтан ба, шынайы істен айқай көп.

Жаманға да жасаппын-ау жақсылық,

Бір Құдайдан қайтар деп.

Есі кеткен адамдарша елеңдеп,

Күн кешіппін есіл дертім өлең боп.

Жұрт секілді қызықпаппын дүниеге,

Құдай өзі берер деп.

Қаптағанмен дөкей көке жан-жағым,

Ұғынбайтын ұят пенен ар жағын.

Құдай берген бірбеткейлік мінезбен,

Маймыл бола алмадым.

Дос дегенім пышақ ұрып сыртымнан,

Жамамапты жағамды ешкім жыртылған.

Жаны ашыған бауырдың да сиқы анау,

Қан тамады ұртынан…

Бұл бер жағы, қандай екен ар жағы,

Ауырлау ғой өкініштің салмағы.

Өзегімнен тепкен кезде жақындар,

Өле алмай-ақ сорладым.

Жауырлығы жанға батса арқаның,

Көкжалдайын жалғыз өзім жортамын.

Бұрынғы жоқ…

Қарайлаймын артыма,

Балам үшін қорқамын.

Біздегі үміт дей алмаймын кеше өлді,

Тағы кімге жіберді екем есемді?

Кегімді алып қайтар едім, аяймын,

Үйде қалған шешемді…

Солай…

ҚАЙРАҚ

Жақын түгіл жаны ашып жатты ойлайтын,

Жақсылығын жұрт айтса мақтанбайтын.

Бала күннен есімде қалған бір іс,

Атам марқұм пышақты көп қайрайтын.

Бала болдық бұзықтық, ойбайы көп,

Келмеді ме білмеймін қолайы дөп,

Нан кесем деп атамның пышағымен,

Қолымызды кескенбіз талай рет…

…Өткен-кеткен күндерді есіне алып,

Өзі науқас, шөктірген көшін анық.

Көңіл сұрай барғанда, әңгіме айтқан,

Отырғанда қолымды кесіп алып.

Иә, балам…

Ебедейсіз жігіттің еркі кімде,

Кесем деген пышақтың серті міне.

Төсек тартып жатсам да өле өлгенше,

Пышақты қайратпадым кемпіріме.

Ұғындырар сөзімді келте ғұмыр,

Азамат боп ержетсең ертең, ұлым.

Келген қонақ ет турап пышағымен,

Бағасын береді үйдің еркегінің.

Мынау уақыт темірін тоздырса да,

Жүзінде көп сынық пен жүз құрсау бар.

Пышағы қайралмайтын шаңырақтың,

Азаматы ез дейтін біздің шалдар…

Тілдемеген ешкімді балағаттап,

Көңіліне кір жұқпай адал аппақ.

Атам да кете барды кенже ұлға.

Қайрағы мен пышағын аманаттап.

…Одан бері қанша жыл, арасы күн,

Әжем де жоқ дейтұғын қарашығым.

…Шүкір Алла, бұл күнде мына мен де,

Бір оттың тірегімін, ағасымын.

P.S.

Тұрмыс, тірлік дегенге жиі алаңмын.

Үйде пышақ өтпесе ұяламын.

«Біссіміллә» деп нан турап жатқанымда

Қара шалды есіме жиі аламын…

* * *

Жастығымды ұрлап кетті кеше күз,

Мастығымды тарқата алмай жүргенде.

Өмір – жұмбақ, оны қашан шешеміз?

Оңай шығар білгенге.

Көрге барып топырақта ал тыным,

Тірлік деген – тек ілесу сағымға.

Жастық деген – жасау екен, жарқыным,

Қуат-күштің барында.

Амалсыздан ауыр ойға тұншығу,

(Желісінен жақын маңда құлын жүр).

Содан кейін қалған жұмыс – күрсіну,

Арғы жағы бұлыңғыр.

Біздің бақыт бедерлеу ме өткенді?

Қайта келу мүмкін емес сірә да.

Өткеніңнен қалып қойса көп белгі,

Еске алуды сұрама.

Сағыну ма сонда тапқан ермегің?

Жастығыңды қадірлей біл, қадірлім.

Ол өткен соң қалған ғұмыр – сенделу,

Бұйыртқаны Тәңірдің.

ӘЛДИ

Өзегімде өзеурейді неге түн?

Сол түніме арбалады қарашық.

Көзмоншақтар сәтін сезіп өлетін,

Кірпігіме жармасады таласып.

Ай қарайды аңтарылып төбемнен,

Бара алмаймын шақырғанмен жұлдыздар.

Себебі сол, аппақ нұрға бөленген,

Жер бетінде мені күткен бір қыз бар.

Үміт тіктеп көтереді еңсені,

Куәсі ме келер күннің бұлыңғыр?

Сол қыз еді ғұмырымның өлшемі,

Құрсағында тербетіліп ұлым жүр.

Әлди!

Әлди, құлыным!

* * *

Өшіре алмай өзегімді өртенген,

Шабытыма дұға жасап ерте өлген.

Қалғым келмей дүниәуи өлшемнен,

Қажып кеттім жетем деп-ақ түбіне,

Екі аяғым шығып жатып көрпемнен.

Жақыныма қимайтұғын адалым,

Көз жасына толтырыпты жанарын.

Үстел үсті жетімсіреп Парағым…

Қайда түсіп қалды екен Қаламым…

Өмір өтті құс ұйқыдай қалғыған,

Барлығында тек өзімнің бар кінәм.

Пернелері саусағымды сағынып,

Бір бұрышты сүйеулі тұр домбырам.

Артта қалған баяғы арын, баяғы үн,

Алшаңдамай аңдап басқан аяғын.

Көңілімнің бұрышында жылаған,

Мұңға батқан Шабытымды аядым…

Сол кеудеме шуақ шашып түнеген,

Болмысымен бақытымды тілеген…

Сені ұмытсам күйбеңімен тірліктің,

Кешір мені, мәртебелі Ұлы Өлең!

ТҮКІРДІМ…

Таңырқаймын көргенде кей көкені,

Темір-терсек қажет пе екен, не тегі?

Қамшыдайын мына қысқа ғұмырда,

Үш атаққа лайық болсам жетеді.

Алтынға да теңгермеймін бағасын,

Дұғасымен қолдап жүрер баласын.

«Ақ сүтімді ақтаған ұл!» дейтұғын,

Арманым жоқ медаль тақса Анашым!

Қу тірлікте құны қанша пенденің,

Не тындырдым? Не іс жасап ерледім?

«Құрмет» емес, «Құрметтім!» деп кеудеме,

Келіншегім тағып берсе орденін.

Тәй бастырып, бағып-қаққан жетелеп,

Ержеткізіп, бойжеткізіп мәпелеп.

Ұл мен қызым тақса деймін төс белгі,

«Әлемдегі ең керемет әке!» деп!

Қадіріне жетер болсаң шүкірдің,

Дей көрмеңіз тірлікте бұл ұтылдым.

Осы үшеуін тағар болсам кеудеме,

Қалған атақ-дәрежеңе түкірдім!

Келеді түбі бір өлім,

Себебін менен сұрама.

Күллі әлем сыйған жүрегім,

Табытқа сыймас, сірә да.

Қайғыға бастап нала-мұң,

Жылыстап өткен күндермен.

Түсімде өліп қаламын,

Өңімде тірі жүргенмен.

Өмірдің өзі алдамшы,

Көңілдің қайтем тоқтығын.

Жалғанның соңы – заңғар шың,

Ал оған шыққан жоқ бүгін.

Өткеніме еш өкпем жоқ,

Келер күн аян Аллаға.

Қуанышым жетер көктем боп,

Жұбанышым да сол ғана.

Жанымның сырын шертем де,

(Бақыттың қайда бал дәмі?)

Өзімді қойшы, ертеңге,

Өлеңім жетсе болғаны!..

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: