Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көлік саласы қызметкерлері құрмет төрінен көрінді

06.08.2022, 8:00 424

Облыстың жол инфрақұрылымын, транспорт саласын дамыту өте маңызды. Себебі бұл сала экономиканың негізгі күретамыры саналады. Жол-көлік қатынасы мен инфрақұрылымдық бағытты дамыту мақсатында шалғай елді мекендер назардан тыс қалған емес. Бұл ретте облыс әкімінің тапсырмасы негізінде өңірде кешенді жұмыстар қолға алынған.

Бүгін көлік саласы қызметкерлері кәсіби мерекесі қарсаңында құрмет төрінен көрінді. Салтанатты жиында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың арнайы құттықтауын жеткізген облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов өңірдегі жолаушылар көлігі және жүк тасымалы саласында абыройлы қызмет етіп, ел дамуына сүбелі үлес қосып жүрген сала қызметкерлерін марапаттады.

Мархабат Жайымбетов сала мамандарының аймақтағы өндіріс орындарының өнімін тасымалдауда, экспортқа шығаруда, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға тигізер үлесін тілге тиек етіп, алғаусыз алғысын арнады.
«Көлік саласы қай кезде де еліміздің экономикасы мен өндірісінің барлық буынын байланыстыратын аса маңызды сала болып табылады. Елімізді әлеуметтік-экономикалық дамыту, экономиканы және өнеркәсіптік өндірісті жаңғырту жолында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың алға қойған міндеттерін іске асыруда көлік саласы өте маңызды рөл атқарады», – деді Мархабат Жайымбетов.

Төл мереке тұсында бірқатар қызметкерге «Құрметті автокөлікші», «Үздік автокөлікші» төсбелгілері табысталып, көлік саласындағы 28 қызметкерге облыс әкімінің, Көлік және коммуникация министрінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары берілді.
Сала ардагерлеріне де ілтипат көрсетілді. «Еңбек ардагері» медалі ерен еңбегімен көпке үлгі болған Мақсұт Төлегеновке табысталды. Сонымен қатар, бірнеше зейнеткер шипажайға жолдама алды.
Марапаттау рәсімінде сөз алған облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәнібек Нұрқышұлы әріптестерін төл мерекесімен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.

Айта кетейік, биыл облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық индикаторлық көрсеткішін 82 пайызға жеткізу межесі тұр.
Жыл басынан бері ұзындығы 147 шақырымды құрайтын жол желісі жөндеуден өтті. Биыл Қазалы ауданының Қарлан учаскесінде Сырдария өзеніне көпір өткелін салу жобасы басталды. Бұл көпір елді мекендер арасындағы жол қатынасын жақсартып қана қоймай, ауданның инфрақұрылымдық дамуына септігін тигізбек.

Сондай-ақ, облысқа қарасты барлық аудан мен облыс орталығында аса маңызды 12 жоба қарқынды жүргізілуде. Қаланың сол жағалау бөлігін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистралды жолға қосу жобасына жергілікті бюджет есебінен 1,7 млрд теңге бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстарының 58 пайызы орындалды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: