Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кесенесін бабаның, жайқалтпасақ болар мін…

04.04.2022, 8:50 668

HALYQLINE.KZ

Бала күнімізден «Жанқожа батыр әулие баба болған. Атын көп атай беру дұрыс емес. «Баба» немесе «батыр ата» деу керек» деген қазақы тәрбиені бойымызға сіңіріп өстік. Ал менің желтоқсаншы досым Дархан Бекжан қашанда «ұлы баба» деп асқан ілтипат жасайды.

Батыр бабаның кент орталығындағы кесенесіне жиі барып тұрамын. Әр барған сайын киелі мекеннің қасиетінен тылсым сыр ұққандай, баба рухымен іштей тілдескендей, бойыңа ерекше күш-қуат құйылғандай сезімге бөленесің. 

«Ойды ой қозғайды». Кесенедегі күтімі келісіп, желегі жайқалған тал-теректі көрген сайын «осынау қасиетті мекенге жеміс ағаштарын неге отырғызбасқа?!» деген сауал мені жиі мазалаушы еді. Ақыры бір шешімге келдім. Өзім жақсы құрметтейтін азамат інім (әрі өзім шыққан Құттық руына жиен) Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекция басшысы Марат Нұрмағанбетке қоңырау шалып, мән-жайды айтып, өтініш жасадым. Марат Жалпақбайұлы тілге келмеді.

Көп ұзамай «Бабаға құрмет – ұрпаққа міндет» қағидасын тұтынған Мараттың облыс орталығынан салған жеміс ағаштары, яғни шие, сары өрік, қара өрік, алма, жүзім көшеттерін «Алпамыс» балабақшасының меңгерушісі Әльмира Жалпақбайқызы мен Ерталап Ниязымбет бауырым кесенеге жеткізіп беріп, қаржылай демеушілік көрсетті. Алла ниеттеріңізді қабыл қылсын!

Оразаның алғашқы күні Жанқожа баба кесенесінде игілікті жұмыс істелді. Қазалы ауданы әкімі Мұхтар Оразбаев, Қазалы ауданы бойынша «Аманат» партиясының хатшысы Нұрғиса Жалғасбаев, аудан әкімінің орынбасарлары Күнтілес Назымбеков, Дәурен Тілеумбетов, мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, облыстық мәслихат депутаттары Ибадулла Тілеп, Мнажадин Өтеев, кент әкімі Қайрақбай Орынбасаров, Қазалының Құрметті азаматтары Қасқырбай Әлімбай, Қасқырбек Мәмбетжан бастаған өзге де азаматтар кесене аумағына Марат Жалпақбайұлы жіберген жеміс ағаштарын егіп, сауапты іс жасады.

Осы ретте Әйтеке би кентінің әкімі Қайрақбай Орынбасаров пен аудан әкімдігі аппаратына айтар алғысымыз шексіз! Қайрақбай Жақсыбайұлы басқаратын кент әкімдігінің ұжымы жеміс ағаштары егілетін шұқырларды дайындап, су таситын арнайы автөкөлікпен қамтып, ұйымдастыру жұмысына белсенділік танытты.

«Ағаш егу» акциясы алдында сенбілікке қатысушылар баба кесенесінде әулие рухына тағзым жасады. Кесене шырақшысы, Жанқожа бабамыздың тікелей ұрпағы Дәурен Әбдіхалық әулие аруағына құран бағыштап, Қазалы ауданының Құрметті азаматы Қасқырбай Әлімбай жиналғандарға бата берді.

Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев осындай тағылымды жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын, туған өлкені түлету баршаға ортақ екендігін атап өтті.

Еңбек рәтті болсын, ағайын!

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: