HALYQLINE.KZ Біздегі бай-бағландардың қай ерлігін айтып мақтанасың? Жоқ емес, бар. Бар болғанда да сирек. Олардың қатарына төрде отырған кейбір төрелерді де қосуға болатын шығар. Көңілі кең болмаса да, “жемсауы” резеңке сияқты. Жегенде де биені бүгімен, түйені түгімен жұта ма дерсің. 6 құрлығыңды 4 мұхитымен қосып жұта салуға даяр. Былай қарасаң, істері бір-біріне ғана үлгі. Өйтіп ұсталыпты, бүйтіп ұсталыпты. Естігенде мырс етіп күлесің.
– Еее, кім ұсталмай жатыр дейсің?
– Иә, балық басынан…
– Бірақ, ол таза сияқты.
– Өй, олар алмайтын адам сияқты көріне береді.
– Сонда да “подставить” етіп жіберді-ау біреу.
– Жақпайтын бірнәрсе істеген шығар.
Күнделікті өмірде кездесетін диалог, бұл. Ақкөңілдігіміз соншалықты қылмыскерді ақтап алғымыз келіп тұрады ғой, шіркін! Тұтқындалып, темір торды тұрақ еткен басшылардың соңынан орынбасарлары да баруға бекініп отырады-мыс. Ол да дұрыс шығар. Өйткені орынбасар қай кезде де басшысының орнын басуы керек емес пе? Жә, таусылмайық. “Мал мен дәулеттің соңынан қуып мына жалғаннан сен де өтесің, мен де өтемін” деп бір жанашыр ағамыздың айтқаны бар еді. Қамшының сабындай ғана бес күндік өмірде мамандығың емес адамдығың, керексіз күшің емес есепсіз ісің ғана ел есінде қалмақ.
Байлық не істетпейді? Керісінше, бай ойына келгенін істейді. Көзін шел басып, ақшасына ақша қосқысы келеді де тұрады. Қара халықтан дараланады, өз ойларынша солай. Жегені басқа демесең, алтын унитазға отырсаң да, қаңылтыр унитазға отырсаң да, бәрібір түсетіні бір емес пе? Оны ойлайтын ми жоқ. Құр мақтан, құр тыраштану.
Ақтамберді жыраудың толғауында “Жағасы алтын, жеңі жез” дейтұғын тіркес кездеседі. Ол мұны сол күнге жетсек деген арман-тілекпен айтқан болуы керек. Шүкір, ит басына іркіт төгілген заманда өмір сүрудеміз. Көп көрмесін, бірақ адамдар да шектен шықпауы керек сынды. Аузыңдағы тісің алтын болғанымен, аузыңнан алтындай сөздер шыға бермейді ғой. Қысқасы, кебісің алтын болса да, кебінің жібектен болмайды. Көріңді қызылды-жасылды ету қолыңнан келсе де, өлімді кері қайтара алмайсың. Жиған-тергеніңді көрге құшақтап кетпесің де анық. Жоққа сабыр, барға қанағат етейік! Уақытша емес, барынша қайырымды болайық!
Рыскелді ЖАХМАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!