Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кадр бәрін шеше ме?

17.03.2022, 12:00 753

«Кадр бәрін шешеді». Бұл кеңестік дәуірден қалған сөз болса да, маңызын жойған емес. Бұл фразаның авторы саясаткер Сталин екен. 1935 жылы Кеңестер Одағының кезекті мәжілісінде жасаған баяндамасында айтылған көрінеді. Екінші дүние­жүзілік соғыс қарсаңында дамуға бет алған кеңес­тер одағындағы елдерге ілкімді серпіліс, қарымды қарқын  қажет  болды.  «Техника  бәрін  шешеді»  деген  ұранды  Сталин «Кадр бәрін шешеді» деп өңдеп, мамандардың кәсіби біліктілігінің қоғамды дамытудағы  маңызына назар аудартқан екен.

Кадр дегеннен шығады, жасыратыны жоқ, елімізде көп жылдан бері «министрдің коман­дасы», «әкімнің командасы» деген ерекше бір тенденция қалыптасты. Яғни, сан алуан министр­лер, әкімдер қызмет орнын өзгертіп, басқа жаққа ауысса, өзімен бірге әлгі командасын ерте жүретін әдет пайда болды. Алайда, осындай командалардың мүшелері қандай принциптер, ережелер бойынша таңдалатыны былайғы жұрт үшін мүлдем жұмбақ. Ал, уақыт өткен сайын кімнің кім екенінің аражігі ажыратылып, өз ісіне сай не сай еместігі анық­талып жатады. Осындайда облыс­ты басқарған әкімдерді де қарапайым жұрт кадр таңдауда жаңылысты, командасына өз адамдарын жинақ­тады, жершілдік, жікшілдік, рушылдыққа салынды деп кінәлап жататыны еріксіз еске түседі. Осы рушылдық дегеннен шығады, біле білгенге мұның кереғарлығы көп, руға бөлінудің қасіреті сол, бұл ұлттық тұтастыққа сына қағуға әкелері сөзсіз. Сондық­тан да қайбір жылы арқалы ақын Мұхтар Шаханов бастаған жүзден астам зиялы қауым өкілі қол қойған хатта да осы мәселе ашық сыналғаны бар. Одан қалды, кезінде бұрынғы президенттің «командалық көшіп жүрулерге» тыйым салу мәселесін көтеріп, «Мансаптық сатыда тек нағыз кәсіби мамандарды ғана ілгерілету қажет. Жаңадан әкім, министр келеді, барлығын сапыры­лыстырады. Одан кейін қайтадан өзгереді, жаңа адамдар келеді, дүниежүзінде ондай тәртіп жоқ. Аппарат тұрақты жұмыс істеуі керек», – дегенді қабырғасынан қойға­ны да есте қалыпты. Әйтсе де, әлі күнге өз командасын жасақтау, небір тәжірибелі, өнегелі, іскер кадрлардың ретсіз, жөнсіз босатылуы, ауыс­тырылуы азаймай келеді. Егер орнына барған кадрлар­дың іскерлігі жоғары болып жатса, сөз жоқ, ал екі сөздің басын құрай алмай, өздерінің қосары аз, жоғарының берген тапсырмаларына ғана бас шұлғып отырғандарының жиі кездесетіні, артында қолдаушысы барлардың ғана ауыспай, иә деңгейлес қызметке ауысу немесе қызметтері жоғарылайтындары  да  жоқ  емес.

Иә, бүгін де елдегі кадр мәселесі өте күрделі әрі аса маңызды. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Qazaqstan теле­арнасына берген сұхбатында да айтты. «Расында, көп нәрсе білікті кадрларға байланыс­ты. Менің бастамам бойынша Президенттік жастар кадр резерві құрылды. Кадрлық резервке өткен азаматтар біртіндеп жауапты қызметке тағайындалып жатыр. Әрине, мұнымен шектелуге болмайды. Басқа да адамдарға жол ашуымыз керек», – деді Президент. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап өте жоғары болу керектігін ескертті. «Кез келген адам бірден министр немесе әкім бола салмайды. Ол анық нәрсе. Біраз уақыт, мол тәжірибе керек. Ондай лауазымға білімді, білікті, қызметіне адал азаматтарды та­ғайындаған жөн. Бұрынғы мамандардың бәрін жұмыстан шығару дұрыс болмас еді. Орысша «политическая чистка», яғни «саяси тазалау­ға» барудың қажеті жоқ. Мемлекеттік басқару саласына бірте-бірте жаңа мамандар келеді. Келіп те жатыр. Бұл – қалыпты үдеріс. Бірақ, бір нәрсені есте ұстаған жөн. Мемлекеттік қыз­мет – эксперимент алаңы емес! Сондықтан бұл жұмысты бірте-бірте  жүргіземіз», – деді мемлекет  басшысы.

Осындайда Қызылорда облысына қатыс­ты айтсақ, елімізде тұңғыш облыс басқарған әйел ретінде тарихта аты қалатын Гүл­шара Әбді­қалықованың әкім болып келгеніне 12 күні кем 2 жыл толып отыр. Ол кісі келгелі кадрлық тағайындауларына көңілі толмаған жұрттың әлеуметтік желіде де, басы­лым беттерінде де айтарын айтып, жазарын жазып жүргенін білеміз. Ауыс-түйістің тым жиілеп кеткенін де, бір адамды біресе анда, біресе мында басшы етіп қойғанын да көз көрді. Көбіне  жергілікті  мамандарға  ба­сымдық  берді,  сенім артты, арасында істің қиюы­н  келтіре алмағандары да, үмітін «өлтіріп» алғандары да, алға емес, кері тартқандары (жемқорлықпен шатылғандарды меңзеп отыр­мыз. – ред.) да болды. «Команда­лық көшіп жүрулер»  дегенге  келгенде,  министрлікте  жүргенде «сенімді серігіне» айнал­ған екі орын­басарын алдырғаны болмаса, анау айтқандай сырттан  маман  тарта қойған жоқ. Әйтсе де, келуі де, кетуі де «күмәнді көрінген» Н.Тілешевтің (осы кісінің облыс әкімінің орынбасары болып ресми тағайындалғанымен, ол туралы БАҚ беттерінде жарияланғанын еш жерден көрмедік. – ред.) екі жыл ішінде жарқ етіп көрінгенін байқамадық. Не кабинеттен шығып, ел аралап, жұртпен дидар­ласып, жиындарда төбе көрсеткенін де көрмедік. Қызы­ғы сол, кешегі қаңтар қасіретінен кейінгі үкіметтің бір отырысында Қызылорда облысында экономикалық, инвестициялық көрсеткішті жоғары деңгейге жеткізе алмады деп сынның астына қалып, артынша қызме­тінен  боса­тылды. Ал облыстың бас идеологі санал­ған С.Ахметовтің те атына көп сын айтыл­ды, кей жерде  сөзі  өтімді болса да, өзі өтпеді, енді бірде өзі өтімді болғанымен, сөзі жүрмеді. Тарих­шы мамандығы бар С.Әбжәлі­ұлының атам  заманнан  келе  жатқан  Сыр елі деген атауды олқы көріп, қолға алған «Сыр жұрты» танымдық-пассионарлық жобасы да жұртқа жаға қоймады. Одан қалды, өзіне қарас­ты екі сала басшысының  «жемқорлық  дертіне» шалдығуы да «отқа май құя түсті». Ақыр аяғы өз еркімен лауазымынан боса­тылды. Оған дейін кезінде облыс әкімінің орынбасары бола жүріп, 2020 жылдың сәуірінде мемлекет басшы­сының өкімімен ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешенін­дегі арнаулы өкілі  қызметіне  тағайын­далған  С.Сүлейме­новтің   2022 жылдың 17 қаңтарында аталған қызметтен босатылуы да  жергілікті  билік  үшін  «минус»  еді.

Хош деңіз! Жаңа Қазақстан құруға талпы­нып жатқан жоғары жақта күн сайын бір тағайындау болып жатыр. Біздің облыста да кешегі  аптада  бірқатар ауыс-түйіс болды. Облыс  әкімінің екі бірдей орынбасары орынтаққа отырды. Ендігі бас идеолог – Қайрат Нұртай. 2021 жылдың шілде айында шырайлы Шымкент­тен  қасиетті Қармақшы ауданына әкім болып келген еді. Қызығы сол, жұрт оның аудан­да  азды-көпті «тер төгуі» жыл толмай  жатып  облыс  орталығына  келуіне  жоғары өрлеу  үшін «баспалдақ» іспетті көрінгенін меңзеп отыр. Әйтпесе, алдына нақты  бір мақсат қойып, «туған топырағымды түлетуге келдім» деген  бастамасы болса, құрығанда бір жыл  соның «жемісін» өзі де, халқы да көрмеген соң, бәрі бекер емес пе?

Тағы бір жаңа да ескі таныс есім – Мархабат Жайымбетов. Облыс әкімінің жаңа орын­басары құрылыс, сәулет, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жо­лау­шылар көлігі салаларына жетекшілік жасайтын болады. «Әртүрлі салада жинақтаған мол тәжірибесін облыс тұрғындарын сапалы ауызсу­мен, үздіксіз энергетикамен, газбен қамтамасыз ету және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, табиғи монополиялар субъек­тілерін реттеу, коммуналдық қызметтерге тариф­терді  белгілеу  бойынша  қарқынды  жұмыс  атқарады деп сенемін» деді аймақ басшысы. Басқасын айтпағанда, М.Жайымбетұлы кезінде бұл қызметті атқарып, Қызылорда қала­сы мен Арал ауданын басқарды. Соңғы жылдары ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы, ҚР Индустрия және инфра­құрылымды дамыту министрінің кеңесшісі қызметін  атқарып  келді.

Ал, Қармақшы ауданының әкімі болып Әділбек Ерсұлтанов тағайындалды. 46 жастағы Ә.Бөрібайұлы әр жылдары мемлекеттік қыз­метте жауапты қызметтер атқарған, ауылдық округте әкім, Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы болды. Жетекші партияда да қолтаңбасы қалды. 2019 жылдың маусым айынан бері облыс  әкімі  аппараты басшысының орын­басары  лауазымын  атқарды.

Апта басында Ә.Ерсұлтановтың орнына Берлібек Ахмет отырды. Ол бұған дейін облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспек­торлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінің басшысы  болған.

Біздікі – қайсыбір әкім, не басшы болмасын, өз командасына кадрларды «біреудің өзі, біреудің көзі жақсы» деген үрдіспен емес, талап­қа сай, яғни білікті, білімді, принципшіл, өз ісінің майталманы болып табылатын кадр­ларды қабылдаса деген ниет. Таңдаудың «біреу­ге» түспей, әлгі адамнан гөрі тәжірибелі, өзіне жүктелген міндеттерді жан-тәнімен атқаруға қабілетті мамандар назардан тыс қалмағанын қалаймыз. Әрине, өзіне жауапкершілік жүктелген әкімдерді де түсінуге болады. Олар өздері әбден сенетін, берілген тапсырмалар мен міндеттерді адал атқаратын қабілетті, сенімді азаматтармен ауыр жүкті тең бөліп көтергісі келетін шығар. Қарапайым қағида. Бес қаруын сайлап, аңға шыққанда да кім де болса өзінің жанында адал, сенімді серігінің болғанын қалай­ды емес пе? Демек, кадр таңдау да осыған саяды. Бірақ, таяқтың екі ұшы бар екендігі сияқ­ты, мұның да зиянды әсері барлығын ұмытпаған жөн. Жергілікті адамдармен ұзақ уақыт бойы тіл табысып, қойын-қолтық жұмыс істеп жүрген тәжірибелі, нағыз іскер адамдардың мұндайда екінші қатарға ысыры­лып қала­тыны бар.  Оның  үстіне жергілікті кадрлар жаңа әкім ауысса  болды, өздерінің де қызметтен кетуі мейлінше ықтимал екенін де жақсы біледі. Кадрда қадір болмаса, қиын ғой…

«Кадр бәрін шешеді» деген темірдей тегеурін­ді қағида ешуақытта да мәнін жоймақ емес. Қазіргі Жаңа Қазақстанның қалып­тасуына жасампаздық жұмыс істеліп жатқан кезеңде бізді тек жоқтан бар жасайтын талант­ты, білікті (жердің көгін көктейтіндей), қабілетті, қасиетті және жаны да, ары да таза кадрлар  ғана ілгерілете алады. Олар жеке басы­ның  жүріс-тұрысы, сөзі, тұрмысы, жұмыс істеу мәдениетімен, ізденуімен, жаңашылдығымен жұртқа өнеге болып, ешбір оқшауланбай, өз халқымен  бірге күліп, бірге қиналуы тиіс. Әрине, бұл тағайындаулар ауыс-түйістің басы да, соңы да емес. Бізде «құйысқаны көтеріліп» тұрғандар  жетерлік…

Н.АҚПАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: