Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Экономиканы дамытумен қатар экологияға да мән беру қажет

14.05.2021, 11:30 782

Былтырғы  білім күнінде  мемлекет  басшысы  Қасым-Жомарт  Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын жасағаны белгілі. Ол Жолдауда іс-қимыл жос­парының 11  бағыты  айқындалған. Атқарылатын  жұмыстардың басым бөлігі  даму  категориясымен  тығыз  байланысты.

Ғылыми әдебиеттерде айтылғандай, даму – бұл бір сападан, ахуал­дан екіншісіне, ескіден жаңаға ауысумен байланысты табиғат пен қоғамдағы қозғалыс пен өзгерістің түрі. Жаңа ахуал жаңа сапалық және сандық көрсеткіштерге ие болатындығын ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан ғылымда көп жағдайда дамуды мына мәселелер төңірегінде түсіндіреді: жүйенің күрделілігін арттыру; сыртқы жағдайларға бейімделу­ді жақсарту; құбылыс ауқымын ұлғайту; экономикалық құрылымды сапалы жақсарту; әлеуметтік ілгерілеу.

Жалпы экономикалық өсім өнім деңгейінің жоғарылауымен байланыс­ты болғандықтан, экономикалық даму қоғам мүшелерінің әлеуметтік және саяси әл-ауқатының жақсаруымен бірге, өндіріс көлемінің ұлғаюын көрсетеді. Демек, экономикалық даму экономиканың, өндіргіш күштердің, білімнің, ғылымның, мәдениеттің, халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасының, адами капиталдың жаңғыруы мен сапалы және құрылымдық оң өзгерістердің кеңеюімен байланыс­ты. Сондықтан экономикалық даму өсімді де, әлеуметтік әл-ауқат құндылықт­арын  да  қамтиды.

Жолдауда мемлекет басшысы жаңа жағдайдағы экономикалық даму­дың бірнеше қырларына тоқталады. Мәселен, адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестиция тарту бесінші қағидат ретінде дәйектелген. Сапалық тұрғыдан мүлде жаңа ұлттық ин­дустрия­ны  дамыту үшін жаңғыртылған заңнамалық негіз қажеттілігі баяндалады. Өңдеу өнеркәсібін дамытудың қағидаттары, мақсаттары мен міндеттерін белгілейтін «Өнеркәсіп саясаты туралы» заңды жыл соңына дейін әзірлеуге тапсырма берілді. Сонымен қатар, жаңа жағдайдағы экономикалық даму бағыты бойынша қара және түсті металлургия, мұнай химия­сы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіруді дамыту; өнеркәсіпті дамыту; ауыл шаруашылығын дамыту; қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту; агроөнеркәсіп кешенін дамыту; аграрлық ғылымды дамыту; көлік-логист­ика кешенін дамыту; шағын және орта бизнесті дамыту; тең құқылы бәсекелестікті дамыту секілді мәселелерге баса назар аударады.

Жолдауда теңгерімді аумақтық дамуға да ерекше мән берілген. Аумақтық даму жолында әр өңірдің бәсекелі артықшылығын ескеру қажеттілігі мәлімделді. Өңірлерді дамыту ісіне қатысты тың тәсілдер еліміздің дамуы үшін өте маңызды деп ойлаймыз. Аграрлық секторды қолдаумен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге, тамақ және тоқыма өндірісін дамытуға, құрылыс материалдарын шығаруға және өнеркәсіптің өзге де салаларына назар аудару дұрыс шешім деп ойлаймыз. Өңірлерді дамытуға қатысты тың көзқарастар жұмыстың оң нәтижелерін көрсетеді деп ойлаймыз.

Ғылымды дамыту адамзат қоғамына қажетті процесс болып табылады. Соңғы жылдары ғылымның дамуы таңғаларлық қарқын алуда. Қоғам мүшелері табиғат берген ойлау және осы ойларды шындыққа айналдыру мүмкіндігі сыйын қоршаған ортаға зиян келтірмей тиімді пайдалануы қажет деп ойлаймыз. Жолдауда ғылым саласын дамыту бойынша жасалатын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуі, «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлінуі отандық ғылымның ілгерілеуіне себеп болады деп ойлаймыз. Біздің оқу орнымыз да ғылымның дамуын негізгі басымдықтардың бірі ретінде қойғандықтан, алдағы уақытта да жұмыстарды  жалғастыра  беретін  болады.

Денсаулық сақтау саласын дамыту да Президент назарынан тыс қалған жоқ. Жалпы денсаулық сақтау жүйесінің даму деңгейі бәсекеге қабілет­тілікті қалыптастыруға ықпал ететін маңызды фактор болып табылады. Сондықтан мемлекеттік деңгейде бұл жүйені дамытуға және жаңғыртуға көп көңіл бөлінеді. Медициналық инфрақұрылымды дамы­ту үшін жыл соңына дейін еліміздің аймақтарында 13 жаңа жұқпалы аурулар аурух­анасы салынатын болды. 2025 жылға қарай денсаулық сақтау салас­ына арналған 20 заманауи көпсалалы нысан пайдалануға берілетіндігі де жарияланды. Қолданбалы медицинаның дамуы да еліміздің әлемдік ғылымдағы орнымызды дамытады деп ойлаймыз. Университет жанындағы медициналық колледж де осы денсаулық сала­сын дамытуда өз үлесін қосады деп сенеміз.

Жалпы, қоғамдық санада экология адамзаттың тірі қалу жолдарын іздейтін ілім ретінде қалыптасқан. Осы себептерге байланысты адамзаттың ілгерілеуі осы экологиялық даму бағыттарымен байланысты. Сондықтан экономиканы дамыту барысында экологияға да мән беру қажет. Жолдауда атап көрсетілген ел ішіндегі экологиялық туризм мәден­иетін белсенді дамытумен қатар, халықтың экологиялық мәдениетін дамытуға да мән бергеніміз жөн. Өйткені экологиялық мәде­ниетті  дамыту  адамзаттың тұрақты дамуының қоғамдық ілгерілеуі болып  табылады.

Қазіргі жағдайда кез келген елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы әлеуметтік-экономикалық жүйелер тұрақтылығы қағидаларына сәйкес келуі керек. Негізінен тұрақты даму экономика, әлеумет және экология  сынды  үш  негізгі  құрамдастарды біріктіру нәтижесінде  пайда болды. Сондықтан әлеуметтік-экономикалық даму еліміз үшін өте маңызды. Бұл бағытта «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясын дамытады деп ойлаймыз. Тұжырымдама азаматтық диалогты дамыту ісіне ықпал жасайтындығына  сенім  білдіреміз.

Мемлекет басшысының аталған Жолдауында даму ұғымының мәні мен мағынасы толықтай ашылды деп ойлаймыз. Даму қоғам мен мемлекет үшін өте маңызды. Алдағы уақытта Жолдауда қойылған міндеттер жүзеге асырылатындығына толықтай сенімдіміз. Бұл құжат еліміздің барлық жоғары оқу орындарының стратегиялық даму жоспарларындағы міндеттерді атқаруға арқау болады деп түсінеміз. Біздің оқу орны үнемі дамып отыруды негізгі міндет санайды. Сондықтан Қызылорда қаласының сол жағалауындағы біздің жаңа бастамалар – дамуы­мыздың  басты  белгісі.

Динар  ДОСМАНБЕТОВ,

Қызылорда «Болашақ» университетінің даму және экономикалық мәселелер жөніндегі проректоры

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: