2026 жыл көбі тілегендей тыныш не бейбіт басталмады. Соңғы екі апта шамасында жаһандық геосаясатты дүр сілкіндірген бірқатар жағдаят болды. Төрт жылға жуық жауыр болған Ресей мен Украина шиеленісін ұмыттырып жіберді ме дерсің.
Ең алдымен Трамптың Венесуэла президенті Николас Мадуроны тұтқындауы сөз болды. Одан соң аталған оқиғадан ерте басталса да, кеш дүрліктірген Ирандағы ішкі наразылық бүкіл назарды Таяу Шығысқа аудартты. Авторитарлы билік пен діни заңнамадан әбден мезі болған халық ашық митингке шығып, биліктің кетуін талап етіп жатқанына екі аптадан асты.
ХРОНОЛОГИЯ. ИРАНДАҒЫ БҰҒАН ДЕЙІНГІ ҚАҚТЫҒЫСТАР
Иран еліндегі соңғы аптада байқалған жаппай наразылық легі біз үшін таңсық емес. «Таяу Шығыста өз құқығы үшін ең көп күрескен мемлекет қайсы?» деген сұраққа «Иран» деп ойланбастан жауап беруге болады. Қысқаша тарқатайық.
2009 жылы президенттік сайлау нәтижесіне наразы болған жүздеген мың адам Тегеран және басқа да ірі қалаларда ереуілге шықты. «Жасыл қозғалыс» деп аталған бұл толқын сайлаудың әділдігіне күмән білдіріп, билікке деген сенімсіздігін әлемге паш етті. Наразылық қатаң күшпен ғана басылды.
2017-2018 жылдары елдің әр өңірінде экономикалық талаптарды ұрандатқан шерулер болды. Бағаның қымбаттауы, жұмыссыздық пен әлеуметтік теңсіздік негізгі себепке айналды. Кейінірек аталған наразылық акциясы саяси ұрандарға ұласты.
Араға небәрі бір жыл салып, 2019 жылы жанармай бағасының күрт өсуі тағы да халықтың шеруге шығуына түрткі болды. Бірнеше күн ішінде елдің ондаған қаласын қамтыған қарсылық барысында он шақты адамның оққа ұшқаны белгілі болды. Билік интернетті уақытша өшіріп, жағдайды күшпен бақыламасқа амал қалмады.
2022 жылы Махса Аминидің қазасынан кейін әйелдер мен жастар бастаған жаппай наразылық өршіді. Бұл толқынның қалауы еркіндік, әйел құқығы және мемлекеттік бақылау мәселесі еді.
Ал дәл осы жолы болып жатқан жағдай нақты жыл соңында, 28 желтоқсан күні басталды. Халық наразылығы түрлі мәселені қамтиды. Наразылық танытушылардың толқуына әлеуметтік-экономикалық ахуалдың нашарлауы – басты себеп. Атап айтқанда, ұлттық волюта күрт құнсызданып, инфляция белең алған. 1 доллар рекордтық деңгейге жетіп, 1,4 миллион риалға дейін түскен.
МИТИНГ БАРЫСЫ. СЕБЕП пен САЛДАР. АҚШ РЕАКЦИЯСЫ
Наразылық басы ел астанасы Тегеранның орталығындағы Үлкен базарда байқалған. Дәлірек айтқанда, көптеген кәсіпкер экономикадағы гиперинфляция мен бағаның күрт өсуіне қарсылық танытқан. Сарапшылардың сөзінше, гиперинфляция жеке кәсіпкерлер үшін бағаны көтермеске амал қалдырмайды, ал қарапайым халық онсыз да кедейлене түскен шақта бұл өсім жағдайды одан ары күрделендіре түспек.
Алғашында наразылыққа саудагерлер шыққан. Алайда уақыт өте келе ол қатарға басқа да адамдар қосылды. Басым көпшілігі – студенттер, жастар тобы. Мұндай уақытта сырттағы саясаткерлердің делебесі қозатыны анық. Саяси сарапшылардың пікірінше, осы орайда АҚШ-та отырған шахзада Роза Пехлеви жағдайды ұтымды пайдаланып отыр. Ол өз үндеуінде Иран халқын билікке қарсы жұмыла қарсылық білдіруге шақырды.
Митинг барысында көптің назары Иранның жоғары көшбасшысы Әли Хаманеиге ауды. Олай дейтін себебіміз, соңғы кездері ирандықтар көсемдеріне наразылығын ашық білдіруде. Тіпті аталған тұлғаның суретін өртеп, темекісін тұтатқан арудың суретін көпшілік жыл суретіне балады. «Бұл – еркіндік символы» деушілердің қарасы қалың.
Хаманеи мен Трамп арасындағы кикілжіңнен екінің бірі хабардар. Хаманеи өз үндеуінде бүлікке Трамптың да қатысы бар екенін айтады. Оның сөзінше, жаппай наразылыққа шыққандардың көбі – «Трампқа жағынушылар».
Трамп қақтығыс басталған шақтан бері шерушілерді ашық қолдауда. Ол 8 қаңтар күні Fox News арнасына берген сұхбатында жағдайды қатаң бақылап отырғанын айтқан. Сондай-ақ Иранның халқын басып-жаншуын айыптап, егер доғармаса, іске өзінің араласатынын да жасырмады.
Осы жағдай аясында Иран бойынша сарапшы, саясаттанушы Қуанышбек Қари даудың басы экономикалық тұрақсыздық екенін алға тартады.
– Желтоқсан айының аяғында Тегеранның Үлкен базарында басталған толқулар әуелгіде елдің орталығы мен батысын шарпыды. Сол екпінмен Парсы шығанағындағы Киш аралына дейін тарады. Кейін біртіндеп елдің басқа да бөлігіне жайылды. Толқу әуелде ұлттық валюта – риалдың (халық арасында «тұман» аталады) бағамы қатты құнсыздануына қарсылықтан, тиісінше бағаның көтерілуіне наразылықтан туындады. Иранға қарсы салынған халықаралық санкциялар кесірінен болған қымбатшылық қарапайым халықтың дастарқанына жеткенде, олар көшеге шығып, өз талаптарын білдіре бастады. Яғни, наразылық шеруі әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтан туындады, — дейді ол.
Сонымен қатар, сарапшы ирандық саясаткерлердің қиын жағдайда альтернативті жоспары болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
– АҚШ президенті Дональд Трамп Иран билігі толқуға шыққандарды басып-жаншитын болса, оның аяғы жақсы болмайтынын ескертумен келеді. Интернет өшіріліп, елді толқу толықтай кернеген тұста аятолла Хаменеи 9 қаңтар күнгі сөзінде өздерінің берілмейтіні айтып, Батысқа дөң-айбат шеккен. Ал Франциядағы ирандық журналистер кейбір шенеуніктің виза жасатуға тырысып жатқанын хабарлаған. Мәселен, Иран мәжілісінің төрағасы Мұхаммед Бақыр Қалибоф Франция визасына тапсырыс бергендердің қатарында аталды, — деді ол.
Бүгінде наразылық шерулері әлі де жалғасып жатыр. Бұған дейін Иран басшылығы наразылыққа қатысушыларды араңдатушыларға балап, оларға қатаң жаза қолдануы мүмкін екенін айтқан. 11 қаңтар күнгі ақпараттарға сүйенсек, екі аптадан астам уақытқа созылған митинг барысында 116 адам қаза болған.
ЖАҒДАЙДЫҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ мен ҚАЗАҚСТАНҒА ӘСЕРІ
Иран мемлекеті бізге қай жағынан да алыс емес. Нақтырақ, Орталық Азияға. Каспий теңізіне ортақтасатын біршама мемлекеттің бірі. Тиісінше ондағы жағдайдың бізге титтей де болсын әсері болатыны хақ.
Ашық дереккөзге сенсек, Иранда бүгінде 10 мың этникалық қазақ тұрады. Олардың көпшілігі елдің солтүстік тұсындағы Гүлстан провинциясында шоғырланған. Шерулердің басы-қасында жүрген қазақтар туралы нақты ақпарат жоқ.
Сарапшы Қуанышбек Қаридің сөзіне сенсек, Ирандағы қазақтар мұндай көтерілістерге онша араласа қоймайды, жуас халық көрінеді.
– Иран қазақтары елдің солтүстігіндегі Гүлстан провинциясын мекендейді. Бұл аймақ қазіргі толқуға кештеу үн қосты. Әдетте, Горган, Мазендаран маңайы саяси белсенділігі төмен аймақтар сияқты көрінетін. 2025 жылғы жаздағы «12 күндік соғыста» да Израиль зымырандары бұл төңіректі қатты төмпештей қоймаған. Тек әскери нысандарға зымыран түсіп, өртенгені хабарланған. Бұл жолы да Гүлстандағы әскери ғимараттың өртенгені жайлы видеолар тарады.
Осындай аймақтағы Иран қазақтары – елдегі саяси қозғалыстарда белсенділігімен танылмаған қауым. Дегенмен, кейінгі бас көтеруде олардың арасында да бірен-саран адамның ұсталғаны айтылады. Билік сондайда Иран ислам республикасының туын жыртқаны үшін айып тағып отырса керек. Интернет өшіп, ұялы байланыс тоқтаған 9 қаңтарға қараған түннен бері Иранмен байланыс үзіліп, дәл қазір оқиғаның қалай дамығаны туралы мәлімет аз екенін айта кеткен ләзім, — дейді ол.
9 қаңтар күні Иранның Қазақстандағы елшісі аталған оқиға бойынша баспасөз мәслихатын өткізген. Ол өз кезегінде ұзақ жылдар бойы жалғасқан санкция елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалға үлкен соққы болғанын айтады.
– Экономикалық қысым халықтың тұрмыс-тіршілігіне шын мәнінде әсер етті. Тегеранды қоса алғанда, елдің әртүрлі қаласында шамамен 12 күнге созылған наразылық акциялары өтті. Үкімет жағдайды тұрақтандыру үшін бірқатар шара қабылдап жатыр, алайда халықтың бір бөлігі әлі де көңілі толмай отыр, — дейді ол.
Иран бойынша сарапшы Жәнібек Көпжасар Ирандағы саяси жағдайға байланысты билікте реформалар болса, Орталық Азияға оның оң тұсы да, сол тұсы да байқалуы мүмкін екенін айтады.
– Жаман жағы бұл бірнеше жыл тұрақсыздыққа алып келеді. Өйткені, Иранда көптеген ұлт бар. Оның ішінде әсіресе күрттер. Олар қазір тәуелсіздікке ұмтылып отыр. Сондықтан ішкі қақтығыстар азаматтық соғысқа да ұласып кетуі мүмкін. Егер Иран тұрақсыз болса, мигранттар бар, басқа бар. Сосын Орталық Азия Иран арқылы теңізге шығып отыр. Соның барлығы жабылып қалуы мүмкін. Екінші жағынан, егер демократиялық билік орнаса, санкциялар алынады. Содан кейін біз Иранмен еркін сауда жасай аламыз. Мұнайды Иран арқылы әлемдік нарыққа шығара аламыз. Иранның әлеуетті өте жоғары. Демек, бізге сауда-экономикалық жағынан өте жақсы болады, — дейді сарапшы.
ТҮЙІН. Жоғарыда атап өткеніміздей, баршамыз үшін 2026 жыл ерекше басталды. Қақтығыс көбейіп, кей мемлекет халықаралық заңды аттап, ашық айқасқа түсіп жатыр. Қуаныштысы сол, әзірге бұл шиеленістердің Қазақстанға аса қатысы жоқ. Лайым солай болсын дейміз.
Айтілес ЖАЙШЫЛЫҚ
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!