Қызылордада облыс әкімінің қолдауымен, «Ақпараттық технологиялар орталығы» және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Kyzylorda Hub» бизнес-инкубаторының ұйымдастыруымен екікүндік «Inno.Fest» Qyzylorda инновациялық жобалар фестивалі өтті. Байқауға қатысу үшін 2500 жас ниет білдіріп, 250-ге жуық команда бақ сынады.
Фестивальде аймақ жастарынан бөлек Астана, Түркістан, Байқоңыр қалаларынан келген қатысушылар «SmartСity», «Контент&Дизайн», «Кино&Видео» бағыттары бойынша жоба қорғады.
«Inno.Fest» Qyzylorda – талантты жастардың ІТ идеяларын жарыққа шығару, жаңа әлеуметтік жобалардың іске асуына қолдау көрсету мақсатындағы маңызды шара. Қатысушылар 24 сағат ішінде 250-ге жуық жобаны әзірледі.
Фестивальде жобалары үздік деп танылған 3 қатысушы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің грантына ие болды. Енді олар Ұлттық бірыңғай тестілеуден шекті балл жинаған жағдайда қалаған мамандығы бойынша тегін білім ала алады. Жеңімпаздарға сертификатты Басқарма мүшесі – ғылым және халықаралық қатынастар жөніндегі проректор Майнұр Бөрібаева табыстады.
Байқауда жастар цифрлы сабақ жоспары, телефон алаяқтары, смарт туризм, сөйлейтін әліппе сынды бірнеше жобалар ұсынды.
Фестиваль аясында 9 жоба үздік деп танылды. Оларға жалпы жүлде қоры 3 млн теңгені құрайтын қаржылай сыйақылар үлестірілді.
Айта кетейік, биыл фестиваль төртінші рет өткізілді. Осы уақыт аралығында 9 мыңға жуық қатысушы тіркеліп, өз жобаларын ұсынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!